Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Жохан 10

10
1Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: егер де кім қой қораға есіктен емес, басқа жақтан кірсе, онда ол-ұры әрі қарақшы.
2Ал кім қой қораға есіктен кірсе, тек сол ғана нағыз бағушы бола алады.
3Күзетші де есікті тек оған ғана ашып береді, қойлары Оның даусын естиді. Себебі отардың Иесі өз қойларының атын атап шақырып, оларды сыртқа ертіп шығады.
4Ол қойларын шығарған соң, олардың алдында жүріп отырады. Қойлар тек оның ғана соңынан ереді, өйткені қойлар оның даусын таниды.
5Олар бөтен біреудің соңынан ермейді, керісінше, одан қашып кетеді, өйткені бөтен дауысты олар танымайды, -деді.
6Иса оларға осы бір астарлы әңгімені айтып берді. Алайда олар Оның не жайында айтқанын түсінбеді.
7Осыдан кейін Иса оларға тағы да: -Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: Мына Мен-қойлар кіретін «есікпін».
8Ал Маған дейінгі келгендердің бәрі ұрылар мен қарақшылар болатын, сондықтан қойлар оларды естіген жоқ.
9Мен -«есікпін». Кімде-кім Мен арқылы кірсе, сол құтқарылады және кіріп - шығып, жайылым табады.
10Ұры қойларды тек ұрлап, оларды сойып, құрту үшін келеді. Ал Мен олар өмірге ие болсын және олардың өмірі ағыл-тегіл мол болсын, - деп келдім.
11Мен -ізгі бағушымын, себебі тек ізгі бағушы ғана өзінің қойлары үшін жанын (өлімге) қияды.
12Жалданушы бағушы бола алмайды, ол қойлардың иесі емес. Ол қойға қасқырдың жақындап келгенін көрген сәтте-ақ, оларды тастап, қашып кетеді. Сонда қасқыр қойларға шауып, оларды бытыратып жібереді.
13Өйткені ол жалданушы болғандықтан, қойлардың қамын ойламайды.
14Мен-ізгі бағушымын, Мен өз қойларымды білемін, олар Мені біледі.
15Әке Мені қалай білетін болса, Мен де дәл солай Әкені білемін. Мен сол қойлар үшін жанымды қиямын.
16Бұл қораға қатысы жоқ басқа да қойларым бар. Мен оларды алып келуге тиіспін, олар да Менің даусымды еститін болады, сонда бәрі бір бағушыға тиісті отарға айналады.
17Мен Өзіме қайтадан қайтарып алу үшін, жанымды қиямын, сол үшін де Әкем Мені сүйеді.
18Оны Менен ешкім де тартып ала алмайды, алайда Мен оны Өз еркіммен қиямын. Менде оны қиятын да, оны қайтадан қайтарып алатын да билік бар. Бұл өсиетті Мен Өзімнің Әкемнен алдым, - деді.
19Осы сөздерден кейін яһудейлердің арасында тағы да дау туды. Көп адамдар былай деді:
20-Оны сайтан билеп тұр, Оны неге тыңдайсыңдар? -десе, басқалары:
21-Мұндай сөздерді сайтанның билігінде жүргендер айта алмайды. Соқырдың көзін сайтан аша ала ма? - десті.
22Осы кезде Иерусалимде Жаңару мейрамы өтіп жатқан болатын, бұл қыс мезгілі еді.
23Бұл кезде Иса Сүлейменнің ғибадатханасына кіретін жерде орналасқан төбесі жабық алаңда жүрген болатын.
24Міне, сол жерде яһудейлер Исаны қоршап алды да, Оған: -Сен қашанға дейін біздің жанымызды қинайсың? Егер Сен Мәсіх болсаң, бізге оның ашығын айт! - деді.
25Иса оларға: -Мен сендерге айттым, сендер сенбедіңдер. Мен жасап жүрген істерімді Әкемнің атынан орындап жүрмін, осы істер Менің Кім екенімді растап, дәлеледейді.
26Бірақ сендер Маған сенбейсіңдер. Себебі сендер Менің отарымнан емессіңдер.
27Менің даусымды тек Менің қойларым ғана естиді, себебі Мен оларды білемін, олар Менің артымнан еріп отырады.
28Мен мәңгілік өмірді тек соларға ғана беремін, сонда олар өлмей, мәңгі өмір сүретін болады және ешкім де оларды Менің қолымнан тартып ала алмайды.
29Себебі бәрі Маған берілген, алайда Менің Әкемнің мәртебесі бәрінен де жоғары. Сондықтан ешкім де Әкемнің қолындағы нәрсені тартып ала алмайды.
30Мен және Әкем - біртұтаспыз, - деп жауап берді.
31Осыдан кейін яһудейлер тас алып келіп, Оны таспен атқыламақ болады.
32Иса оларға: -Мен Әкемнің істеген істерінің жақсы екенін сендердің көбіңе көрсеттім, енді сол істердің қайсысына бола, сендер Мені таспен атқыламақсыңдар? -деді.
33Яһудейлер: -Сенің істеген жақсы істеріңе бола емес, Сен Құдайды қорлап тұрсың, міне, сол үшін біз Сені таспен ұрмақ болып тұрмыз. Өйткені Сен-адамсың, бірақ Сен Өзіңді Құдаймен теңестіріп тұрсың! -деп жауап берді.
34Сонда Иса оларға: -Сендердің Заңдарыңда: «Сендер Менің айтқаныма сай құдай боласыңдар!» -деп жазылған жері бар емес пе?
35Сонымен, егер Құдайдың сөзі арқылы пайда болғандарға, яғни, соларға «сендер құдайсыңдар» деп айтылған болса, онда сол жазылған Жазбаның күші жойылмайды.
36Әкенің Өзі киелі етіп (осы әлемге) жіберді. «Құдайдың осы әлемге жіберген Ұлы мына Мен боламын», -деп айтқаным үшін, Маған Құдайды қорладың деп айтып тұрсыңдар ма?
37Егер де Мен Әкемнің істерін орындамай жүрсем, онда Маған сенбеңдер.
38Егер де Менің жасаған істеріме сенбесеңдер, онда істеліп жатқан істерге сеніңдер! Міне, сол арқылы Әкенің Менде, Менің Әкеде екенімді сендер білетін боласыңдар, -деді.
39Олар Исаны тағы да ұстап алмақшы болған кезде, Ол олардың қолдарынан сытылып шығып кетті.
40Осыдан кейін Иса алғаш рет Жақия (адамдарды) суға батырып шомылдырған Иорданның арғы жағына қарай кетті. Ол сол жақта қалып қойды.
41Сонда Оған келгендердің көпшілігі бір-біріне: «Жақия ешқандай да бір керемет жасамады, алайда Иса туралы Жақияның айтқандарының бәрі шындық екен», - десті.
42Ақырында сол жердегілердің көбі Оған сене бастады.

Избрани в момента:

Жохан 10: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте