Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Лұқа 20

20
1Сол күндердің бірінде Иса ғибадатханада халыққа тәлім беріп, Ізгі хабарды жариялап жатқан кезде, бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер және ақсақалдар сол жерге келді.
2Олар Исадан: -Осы нәрселерді Сен қандай билікпен істеп жүрсің және Саған осы билікті кім берді? Осыны бізге айтып берші, - деп сұрайды.
3Сонда Иса оларға былай деп жауап қатты: -Мен де сендерден бір нәрсе сұрайын. Сендер Маған мынаны айтып беріңдерші.
4-Жақияның суға батырып шомылдыруы Көктен болды ма әлде адамдардан болды ма?
5Осы кезде олар өзара ақылдасып: «Егер де ол Көктен болды деп айтсақ, онда Ол: -Сендер неліктен оған сенбедіңдер? - деп айтып жүрер.
6Ал егер де: «Адамдардан болды», -деп айтсақ, онда бүкіл халық бізді таспен атқылайтын болады, өйткені олар Жақияның пайғамбар болғанына толық сенеді емес пе?» - деді. Сонда олар:
7- Оның қайдан екенін білмейміз, - деп жауап берді.
8-Онда Мен де сендерге бұл істі қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, - деді Иса оларға.
9Осыдан кейін Ол халыққа мына бір астарлы әңгімені айтып берді. -Бір адам жүзім бағын отырғызады. Оны жүзімшілерге жалға береді де, өзі басқа жаққа ұзақ уақытқа кетіп қалады.
10Сол жүзімдіктен өзіне тиесілі өнімін алатын уақыт келген кезде, әлгі жүзімшілерге өзінің құлын жібереді, ал жүзімшілер оны ұрып-соғып, бос қайтарады.
11Одан кейін оларға өзінің екінші құлын жібергенде, олар оны да ұрып-соғып, қорлап, оны да құр қол қайтарады.
12Енді ол өзінің үшінші құлын жібереді, олар оны да жаралап, айдалаға лақтырып тастайды.
13Бұдан кейін жүзімдіктің иесі: «Мен енді не істеуім керек? -деп ойланады да, -мен енді оларға Өзімнің сүйікті ұлымды жіберейін, олар, мүмкін, одан ұялатын шығар», - дейді.
14Алайда әлгі жүзімшілер оның ұлын көргенде бір біріне: «Бұл-нағыз мұрагер, оның мұрасын өзімізге қалдыру үшін, оны өлтіріп тастайық», - деседі.
15Сөйтіп, олар оны жүзімдіктің сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды. Енді жүзімдіктің иесі оларға не істейді?
16Ол келеді де, жүзімшілердің көзін құртып, жүзімдігін басқаларға береді, -деді. Осыны естіп тұрғандар: -Бұлай болмай-ақ қойсын! - деп айғай салды.
17Сонда Иса оларға қарап тұрып: -«Үй салып жатқан құрылысшылар жарамсыз деп қабылдамай қойған тас енді басты іргетасқа айналды», -деп Жазбада жазылған сөздің мағынасы нені білдіреді?
18Сол тасқа құлаған әркімнің күл-талқаны шығады, егер сол тас біреуге құлайтын болса, ол оны басып қалып, жоқ қылады, - деді.
19Таурат заңын зерттеушілер мен бірінші бас қызметкерлер сонда ғана бұл астарлы әңгіменің бір ұшы өздеріне тигізіп айтылғанын түсініп, сол сәтте Исаға қол жұмсамақ болады, алайда сол жердегі халықтан қорқады.
20Олар Исаны мұқият бақылай жүріп, Оны сөзінен ұстап, басшылар мен билік өкілдеріне тапсырмақ ниетпен өздерін әділ етіп көрсете алатын арнайы тыңшыларын жіберді.
21Сонда олар Исадан: -Ұстаз, Сен дұрыс айтып, дұрыс үйрететініңді біз білеміз. Ешкімнің бет-жүзіне де қарамайсың, себебі Құдай жолындағы шындыққа үйретіп жүрсің.
22Рим патшасына төленетін алым-салықты бізге төлеу қажет пе әлде қажет емес пе? - деп сұрады.
23Олардың бұл ойларында бір арамдықтың жатқанын түсіне қойған Иса оларға:
24-Маған бір күміс ақшаны көрсетіңдерші, ондағы сурет пен жазу кімдікі? -дейді. -Рим патшасынікі, -дейді олар.
25-Ендеше Құдайдікін Құдайға, Рим патшасынікін Рим патшасына беріңдер, - деді Иса оларға.
26Олар халық алдында Оны сөзінен ұстай алмады және Оның берген жауабына таңданып, үнсіз қалды.
27Қайта тірілу жоқ деп санайтын саддукейлердің арасынан келген кейбіреулері Исадан:
28-Ұстаз, егер де біреудің бауыры қайтыс болып, оның әйелі одан бала көтермесе, онда сол бауырының ұрпағын жалғастыру үшін, сол әйелге оның келесі бір бауырының үйленуін Мұса жазып кеткен.
29Бірге туған жеті ағайынды жігіт болған екен, солардың біріншісі әйел алып, одан бала көрмей қайтыс болыпты.
30Сөйтіп, екінші бауыры да,
31одан кейін үшінші бауыры да сол бір әйелге үйленіпті, сөйтіп, сол жетеуі де осы жағдайға ұшырап, жаңағы әйелден бала сүймей өтіп кетіпті.
32Уақыты келіп, сол әйел де қайтыс болады.
33Кейін қайта тірілу болған кезде, осы әйел әлгі жетеуінің қайсысына әйел болады? Өйткені олардың жетеуі де әлгі әйелмен тұрды ғой, - дейді.
34Сонда Иса оларға: -Осы заманның адамдары да үйленіп, тұрмыс құратын болады.
35Ал болашақта қайта тірілу заманы келген кезде, олар не үйленбейді де, не тұрмыс та құрмайтын болады,
36өйткені, олар енді өлмейтін болғандықтан, енді олар тек періштелер сияқты болып қалады әрі олар қайта тірілгеннен кейін Құдайдың балалары болып саналмақ.
37Өлгендердің қайта тірілетіні жайында Мұса тікенді бұта оқиғасымен көрсетіп, Құдайды: «Ыбырайымның Құдайы, Ысқақтың Құдайы, Жақыптың Құдайы», -деп атады.
38Сондықтан Құдай өлгендердің емес, керісінше, Ол-тек тірілердің Құдайы, өйткені бәрі тек Сол арқылы өмір сүретін болады.
39Таурат заңын зерттеушілердің кейбіреулері: -Ұстаз, Сіз өте жақсы айттыңыз! - деді Исаға.
40Осыдан кейін олардың ешқайсысының Одан бір нәрсе сұрауға батылдары бармады.
41Осыдан кейін Иса олардан: -Мәсіх Дәуіттің Ұлы деп неге айтылып жүр? - деп сұрады.
42Өйткені Дәуіттің өзі жазған Зәбүр жырларында: «Ием менің Иеме: - Сенің жауларыңды Сенің
43аяғыңның астына салып беретін кезге дейін, Менің оң жағымда отыр», - деп айтып кеткен болатын.
44Сонымен, Дәуіттің өзі Оны «Ием» деп айтып тұрса, Ол қалайша Дәуіттің Ұлы болады? - дейді.
45Өзін тыңдап отырған бүкіл халықтың алдында Иса Өзінің шәкірттеріне:
46-Ұзын шапандарын киіп алып, қыдыруды ұнататын және сауда орындарында жүріп, адамдардың сәлемдескен қалайтын, синагогаларда алғашқы қатарда отырғанды, кешкі аста төрге жайғасқанды жақсы көретін Таурат заңы зерттеушілерінен сақ болыңдар.
47Олар жесірлердің үйін ішіп-жеп, жұрттың көзіне түсу үшін ұзақ мінәжат етеді, алайда олар ең ауыр жазаға тартылатын болады, - деді.

Избрани в момента:

Лұқа 20: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте