Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Лұқа 24

24
1Олар сол сенбі өткеннен кейінгі бірінші күні таң ата өздерінің дайындап қойған жұпар иісті заттары мен майларын алып, қабірге келеді.
2Келген кезде қабірдің аузындағы тастың алынып тасталғанын көреді.
3Ішіне кіргенде, олар сол жерден Иеміз Исаның денесін таппайды.
4Олар бұл жағдайды түсіне алмай абдырап тұрғанда, киімдері жалт-жұлт етіп жарқыраған екі ер адам пайда болып, олардың алдына келіп тұра қалады.
5Қорқып кеткен әйелдер жүздерін төмен түсірген сәтте олар: -Тіріні өлгендердің арасынан неге іздеп жүрсіңдер? -деді.
6Ол мұнда жоқ, Ол өлімнен қайта тіріліп кетті. Ол Ғалилеяда жүрген кезінде өздеріңе не айтқанын естеріңе түсіріңдер:
7-«Адам Ұлын осы әлемдегі күнәкар адамдардың қолына ұстап береді, сонда Оны айқышқа апарып шегелейді, ал үшінші күні Ол өлімнен қайта тіріледі». Ол сендерге осылай айтып еді ғой, - деді.
8Тек осы кезде ғана Оның айтқан сөздері олардың естеріне түседі және
9қабірден қайтып келген соң, осы болған жағдайдың бәрін олар Исаның он бір шәкіртіне, кейін басқаларына да жеткізеді.
10Олар: мағдалалық Мәриям мен Жоханна және Жақыптың шешесі Мәриям болатын. Сонымен қатар, олармен бірге басқа әйелдер де болды, олар да осы жағдайды өзге де елшілерге айтып береді.
11Алайда олар үшін бұл бос сөз сияқты болып көрінді, сондықтан олар бұған аса сене алмады.
12Петір орнынан тұра салып, қабірге жүгіріп барады. Еңкейіп, төменге қараған кезде, Оның орнында тек денесін ораған матаның жатқанын көрді. Ол осы жағдайға таңғалып, кері қайтады.
13Міне, сол күні олардың арасында болған екі шәкірті Иерусалимнен шығып, он бір шақырым қашықтықта орналасқан (алпыс стадий, бір стадий 185 метрге тең) Эммаус деген қалаға кетіп бара жатты.
14Сонда олардың жол бойы бір-біріне айтқан әңгімесі де осы болған оқиға жайында болатын.
15Сонымен, олар осылай өзара пікір таластырып, әңгімелесіп келе жатқан кезде, Исаның Өзі жақын барып, олармен қатар жүрді.
16Алайда олардың көздерін біреу жауып тастағандай, Оны таныған жоқ.
17Иса: -Сендер не жайында сөйлесіп келе жатырсыңдар? -деп олардан сұрады. Сол кезде олардың қабақтары түсіп, бір орында тұрып қалды.
18Содан кейін Клеопа* есімді біреуі Исаға жауап беріп: -Басқа елден келсең де, осы Иерусалимде тұрып жатырсың, соңғы күндері осында қандай жағдайдың болғаны туралы білмейсің бе? - деді.
19-Не болды? -деді Иса. -Назареттік Иса деп аталып кеткен бір ер адам болды, -деді олар Исаға. -Ол Өзінің сөзімен де, ісімен де Құдайдың және халықтың алдында Өзінің күшті пайғамбар екенін дәлелдеді.
20Алайда біздің бірінші бас қызметкерлер мен басшылар Оны өлтіру үшін, сатқындықпен ұстап берді, сөйтіп, Оны айқышқа шегелетті.
21Ал біз болсақ, Исраилге бостандық алып беретін Сол деп үміттенген едік. Осы жағдайдың болғанына, міне, үшінші күн болды.
22Алайда бізбен бірге болған әйелдер таң ата қабірге барып,
23ол жерден Оның денесін таппай, Оның өлімнен қайта тіріліп кеткені туралы айтқан періштелерді көріп келгені бізді таңғалдырып тұр.
24Осыдан кейін біздің арамыздағы кейбіреулері де сол қабірге барып, әлгі әйелдер айтқандай, Оның денесінің сол қабірде болмағанын көріп қайтып келді, - деді.
25Сонда Иса оларға: -Ой, түйсіксіздер-ай! Барлық пайғамбарлардың айтып кеткеніне сенудің орнына, сендер түсінуге қандай баяу едіңдер!?
26Ал Мәсіх осының бәрін басынан өткізуге тиіс болған. Тек содан кейін ғана Ол Өзінің даңқына бөленуге тиіс емес пе еді? - деді.
27Содан кейін Иса оларға сонау Мұсадан бастап, одан кейінгі пайғамбарлардың барлығы сол Жазбаларда Өзі туралы не жазғанын қамтып айтып беріп, оның мәнін оларға түсіндірді.
28Сонымен, олар өздері бара жатқан ауылға жақындап қалғанда, Иса ары қарай жүретін сыңай танытты.
29Бірақ екеуі Оны одан әрі жібергілері келмегендіктен, Исаға: -Бізбен бірге қалғаның жақсы болады, өйткені кеш те түсіп, күн де батып кетті, -деді. Сонда Иса олармен бірге қалмақ болып, үйге кірді.
30Иса дастарқан басына жантайып, олармен бірге ас ішуіне тура келді. Ол нанды алып, батамен жарылқап, оларға нанды үзіп берді. Міне, сол сәтте
31олардың көздері ашылып, сонда ғана олар Оны таныды! Алайда Ол оларға көрінбей қалды.
32Олар бір-біріне: -Ол жол бойы бізге Жазбаның мәні мен мағынасын ашып айтып берген кезде, біздің жүректерімізде жалындап жанған от пайда болды емес пе?! - десті.
33Олар сол сәтте орындарынан тұрып, Иерусалимге қайта оралды. Сол жерде олар бірге жиналып жүрген он бір шәкіртті және олармен бірге болған басқаларды да іздеп тауып алды.
34Сөйтіп, олар Иеміздің шынымен қайта тірілгенін және Оның Шимонға да көрінгені туралы айтып берді.
35Бұған қоса олар жолда болған оқиға жөнінде және оларға Исаның нанды үзіп берген кезде, олардың Исаны қалай танып-білгендерін де айтып берді.
36Олар осыны айтып жатқан кезде, Иса келіп, олардың ортасына тұра қалып: -Сендерге тыныштық тілеймін! -деді.
37Сол кезде олардың қорыққандары соншалық, олар бір рухты (елесті) көріп тұрған болармыз деп ойлады.
38Иса оларға: -Сендердің неге соншама естерің шығып кетті? Неліктен жүректеріңе күдік кірді?
39Міне, Менің қолдарым мен аяқтарыма қараңдаршы. Мен -Соның Өзімін! Кәне, қолдарыңмен ұстап көріңдер, өйткені рухта Менікі сияқты дене мен сүйек болмайды, -деді.
40Иса осылай деп, оларға Өзінің қолдары мен аяқтарын көрсетті.
41Алайда олар қуаныштан бұған не сенерін, не сенбесін білмей тұрған кезде, Иса: -Мұнда жейтін бірдеңелерің бар ма? - деп сұрады олардан.
42Сонда олар Исаға піскен балықтың бір бөлігін берді.
43Исан оны алып, олардың көз алдында тұрып жеді.
44-Мен өздеріңмен бірге болған кезде, Мұсаның Таурат кітабы мен пайғамбарлар Жазбаларында, Зәбүр жырларында Мен жайында айтылған сөздердің бәрі осылай орындалуы тиіс деп сендерге айтып едім ғой, -деді оларға Иса.
45Осылай Иса Жазбаның мәнін олардың ой-санасына түсінікті етіп ашып берді.
46-Сонымен, Жазбада Мәсіх осылай азап шегіп, үшінші күні Ол өлімнен қайта тіріледі деп жазылған, - деді Ол.
47Бұл (оқиға) Оның атын атап, тәубе еткенде, барлығының күнәлары кешірілуі үшін және Оның есімі Иерусалимнен бастап барлық халықтарға жария болу үшін болды.
48Сендер осының бәріне куә болдыңдар.
49Енді Әкемнің өздеріңе берген уәдесі көктен келеді, Мен соны сендерге жіберемін. Сол жоғарыдан келіп, өздеріңе қонатын күшті қабылдағанға дейін, сендер ешқайда кетпей, осы қалада қалыңдар, - деді.
50Иса оларды қаланың сыртына ертіп шығып, Бетанияға дейін шығарып салды. Иса қолын жайып, оларға батасын берді.
51Ол бата беріп тұрған күйі аспанға көтеріле бастады, сөйтіп, олардан алыстап, одан да жоғары көкке көтеріліп кетті.
52Шәкірттері Оның алдында тізе бүгіп, тағзым еткен соң, зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды,
53содан кейін ғибадатханаға барып, барлық уақыттарын сонда өткізіп, Құдайды мадақтайтын болды.

Избрани в момента:

Лұқа 24: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте