Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Лұқа 8

8
1Осыдан кейін Иса қалалар мен ауылдарды аралап, Құдай патшалығы туралы хабарды уағыздап, оны жариялап жүрді. Өзінің он екі шәкірті де Онымен бірге болды.
2Сол кезде кейбір әйелдер зұлым рухтардан арылып, ауруларынан сауығып кетті, солардың бірі өзінен жеті рух шыққан әрі магдалалық деп аталып жүрген Мәриям болатын.
3Сонымен қатар, Иродтың іс меңгерушісі Қузаның әйелі Жоханна, Сузанна мен оларға өздерінің бар меншіктерімен қызмет етіп жүрген басқа да адамдар болды.
4Келушілердің бәрі әр қаладан болғандықтан, олар Исаның қасына топталып жиналып қалды, сонда Иса оларға астарлы әңгіме айта бастады:
5«Бір диқан тұқым себуге шығады. Сонда оның сепкен тұқымдарының кейбіреуі жолдың бойына түседі, ол аяқ астына тапталып қалған соң, оны аспандағы құстар шоқып жеп қояды.
6Ал кейбіреуі тастақ жерге түсіп, өніп шығады, алайда оған ылғал жетіспегендіктен, қурап қалады.
7Кейбіреуі тікенді шөптердің арасына түседі, өніп шыға бастаған кезде, тікенді шөптер оны одан әрі өсірмей, тұншықтырып тастайды.
8Ал енді біреуі жақсы жерге түсіп, өсіп-өніп жүз есе өнім береді». Осыны айтқан соң дауыстап: -Құлағы барлар тыңдап алсын! - деді.
9Сонда шәкірттері: -Бұл астарлы әңгімеде қандай мағына бар? - деп Исаға сұрақ қойды.
10Сонда Иса оларға: -Құдай патшалығы құпиясының қандай екенін танып-білу тек сендерге ғана берілген, ал қалғандарына ол астарлап айтылады, сондықтан олар «көріп тұрса да көрмейді, естіп тұрса да түсінбейді».
11Бұл астарлы әңгімедегі тұқым Құдайдың сөзін білдіреді.
12Жол бойына түскен дәндер-сөзді естігендер, кейін олар сөзге сеніп, құтқарылмаулары үшін, шайтан олардың жүректерінен сол сөзді алып тастайды.
13Ал тастақ жерген түскен дәндер-олар сол сөзді естігенде, оны қуанышпен қабылдағандар, алайда тамыры болмағандықтан, олар сөзге аз уақыт қана сеніп, ал сынақтан өтетін кез келгенде, кейін шегінеді.
14Тікенді өсімдіктердің арасына түскен дәндер болса, олар сөзді естісе де, тіршіліктің қамын жеп, байлық пен өмірдің ләззатына беріліп, сөздің ақырына дейін өсіп шығуына мүмкіндік бермей, тұншықтырып тастайды.
15Ал құнарлы жерге түскен дәндер естіген жақсы сөзді мейірімді, адал жүрегіне сақтап қойғандықтан, мол жеміс әкеледі.
16Ешкім шамды жаққан соң оны ыдыспен жаппайды және оны төсектің астына да қоймайды, керісінше, кіргендерге оның жарығын көрсету үшін, оны шам қойғышқа қояды.
17Өйткені жасырын қалатын еш құпия болмайды әрі ашылмайтын ешбір сыр да жоқ, бәрі ашылып, анықталатын болады.
18Сондықтан қалай тыңдау керектігіне де көңіл бөліңдер, өйткені кімде бар болса, оған тағы беріледі, ал кімде жоқ болса, оның бар дегені де алынып қойылады, - деді.
19Сол кезде Исаға Оның анасы мен бауырлары келген болатын, алайда халықтың көптігінен олар Онымен кездесе алмады.
20Сонда Оған: -Сыртта Сенің анаң мен бауырларың келіп, Сені күтіп тұр және Сенімен кездескілері келеді, -деген хабарды Исаға жеткізеді.
21Иса оларға: -Құдайдың сөзін естіп, оны орындайтындар Маған ана, Маған бауыр болады, - деп жауап берді.
22Сол күндердің бірінде Иса Өзінің шәкірттерімен бірге қайыққа отырды да: -Көлдің арғы бетіне өтейік, -деді. Олар солай қарай жүріп кетті.
23Олар қайықпен кетіп бара жатқанда, Иса ұйықтап қалды. Сол кезде көлдің бетінде дауыл тұрып, қатты жел соғып, толқындар қайықты суға толтыра бастады, оларға үлкен қауіп төнді.
24Сол кезде шәкірттері Исаның қасына барып: -Ұстаз, Ұстаз, құритын болдық! -деп Оны оята бастады. Иса оянған соң жел мен дауылға тыйым салды, сол сәтте айналада жым-жырт тыныштық орнады.
25Содан кейін Иса шәкірттеріне: -Сендердің сенімдерің қайда кеткен? -деді. Сол кезде олар қорқып әрі таңғалып тұрып, бір-біріне: -Сонымен, Бұл Кім болды?! Ол, тіпті, жел мен суға бұйрық берсе, олардың өзі Оған бағынады! -десті.
26Содан кейін олар қайықпен Ғалилеяға қарама-қарсы жатқан Ғадара еліне келді.
27Иса жағаға шыққан кезде, сол қалалардың бірінен келген және бойын жындар билеп алған бір адамға жолығып қалды. Әлгі адамның киім кимегеніне де біраз уақыт болған, ол үйде емес, сол жердегі қабірлерде өмір сүретін.
28Ол Исаны көре сала Оның аяғына жығылып, бар дауыспен айғайлап: -Құдіреті күшті Құдайдың Ұлы Иса, менде нең бар? Сенен жалынып сұраймын, мені азапқа сала көрмеші! - деді.
29Өйткені Иса әлгі адамның бойындағы таза емес рухқа одан шығып кетуін бұйырған болатын. Сол жын оның бойын көп уақыттан бері билеп алғандықтан, оны шынжырлап байласа да, кісендеп күзетсе де, жын бұғаудың бәрін үзіп, оны елсіз жерге қуып кететін.
30Сонда Иса одан: -Сенің атың кім? -деп сұрады. Ол: -Легион, -деп жауап берді, себебі оған көптеген жындар кіріп алған болатын.
31Жындар өздерін түпсіз терең тұңғиыққа жіберуге бұйрық бермеуі үшін, Исаға жалынды.
32Сол маңдағы тауда бір топ шошқалар жайылып жүрген болатын, сонда олар Исадан сол шошқаларға кіруге рұқсат сұрады. Иса оларға рұқсат берді.
33Сонымен, әлгі адамнан шыққан жындар шошқаларға барып енді, сонда шошқалар бүкіл тобымен тік жардан секіріп, көлге батып кетті.
34Осыны көрген бақташылар қашып кетті де, қалалар мен ауылдарға барып, болған жағдайды оларға хабарлады.
35Адамдар мұны көру үшін қаладан шығып Исаға келді, сонда олар жындарынан арылып, киімін киіп, Исаның аяқ жағында отырған әлгі адамды көргенде, оларды қорқыныш биледі.
36Жаңағы адамның жындарынан қалай арылғанын көргендер оларға жағдайдың қалай болғанын айтып берді.
37Осы оқиғадан кейін сол Ғадара аймағының тұрғындарының бәрі үрейленді, сондықтан олар Исаға жалынып, Оның сол жерден кетуін сұрады. Осыдан кейін олар қайықтарына отырып, кері қайтып кетті.
38Ал бойынан көп жындар шығып кеткен әлгі адам Исамен бірге болғысы келетінін білдірді.
39Бірақ Иса оған: -Үйіңе барып, Құдайдың саған қаншама ізгі іс істегені жайында айтып бер, -деп қайтарып жіберді. Сонда ол барлық қалаларға барып, Исаның оған істеген істерінің бәрін жариялап айтып берді.
40Иса қайта оралғанда, сол жерге жиналған халық оны жылы жүзбен қабылдады, өйткені олардың бәрі де Оның қайтып келуін күтіп жүрген болатын.
41Міне, сол кезде Жайыр есімді синагоганың басшысы болған бір ер адам Исаның аяғына келіп жығылып, Одан өзінің үйіне кіруін өтініп сұрады,
42өйткені оның он екі жастағы жалғыз қызы өлім аузында жатқан болатын. Иса сол жаққа баруға бет бұрғанда, Оны халық жан-жағынан қыса бастады.
43Сол жерде он екі жыл бойы қан кетіп ауырып жүрген бір әйел болды. Сол әйел ауруынан сауығу үшін, барлық тапқан-таянғанын дәрігерлерге жұмсайтын, алайда ауруына ешқандай ем болмаған еді.
44Міне, жаңағы әйел Исаның артынан келіп, Оның киімінің етегіне қолын тигізді, сол сәтте оның бойынан аққан қан тоқтап қалды.
45Сол кезде Иса: -Кім Маған қолын тигізді? -деп сұрады. Бірақ ешкім мойындамаған соң Петір: -Ұстаз, Сені халық жан-жағыңнан қоршап, қысып тұр ғой, -деді.
46Иса: -Маған біреу қолын тигізді, өйткені Мен Өзімнен күштің шыққанын сездім, - деді.
47Сонда өзінің белгісіз болып қала алмайтынын білген әйел Исаның аяғына келіп жығылып, қандай себеппен Оның киіміне қолын тигізгенін және сол сағатта өзінің қалай сауыққанын сол жерде тұрған бүкіл халықтың алдында толықтай айтып берді.
48Сонда Иса оған: -Қызым -сені құтқарған сенімің, енді тыныштықпен бара бер, - деді.
49Иса әлі де сөйлеп тұрған кезде, біреу синагога басшысының үй жағынан келіп: -Қызың қайтыс болды, енді Ұстазды әуреге салмай - ақ қой, - деді оған.
50Мұны естіген Иса: -Тек сенімің болсын, қорықпа, сонда қызың құтқарылады, - деп жауап қатты.
51Үйге келгеннен кейін Иса Өзімен бірге Петр мен Жохан, Жақып және қыздың әкесі мен анасынан басқа ешкімнің ішке кіруіне рұқсат бермеді.
52Сол жердегілердің бәрі қыз үшін қайғырып, еңіреп жылап тұрды, сонда Иса оларға: -Жыламаңдар, ол өлген жоқ, тек ұйықтап жатыр, - деді.
53Қыздың өліп қалғанын білетіндер Оған күле бастады.
54Сол кезде Иса қыздың қолынан ұстап тұрып: -Қызым, тұр! - деді.
55Сонда қыздың рухы өзіне қайта оралды, сол сәтте орнынан тұрды. Иса оларға: -Енді қызға тамақ беріңдер, -деп бұйырды.
56Қыздың ата-анасы қатты таңданумен болды. Сонда Иса оларға осы болған жайтты ешкімге айтпауын тапсырды

Избрани в момента:

Лұқа 8: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте