Жаратылыстың баст. 30
30
1Рахила өзі Жақыпқа бала туып бермегендіктен әпкесіне қызғана қарап, күйеуіне:
— Маған бала берші, әйтпесе өлемін! — деді. 2Жақып оған:
— Саған бала тууды бұйыртпаған Құдай мен емеспін ғой! — деп қатты ашуланды. 3Ал Рахила:
— Мынау күңім Балха, сонымен жақындас. Ол мен үшін бала туып берсін, соның арқасында мен де балалы болайын, — деп, 4Балханы Жақыпқа қосты. Онымен бірге болған соң, 5күңнің аяғы ауырлап, ұл туды. 6Сонда Рахила: «Құдай құқығымды қорғап, төрелік етті. Ол өтінішіме құлақ асып, маған ұл сыйлады», — деді де, баланы Дан («Төреші») деп атады.
7Бұдан кейін Рахиланың күңі Жақыпқа тағы бір ұлды туып берді. 8Сонда Рахила: «Мен әпкеммен жүргізген зор тартысымда оны жеңіп шығудамын», — деп, оған Нафталим («Тартысым») деген есім берді.
9Лия өзінің тумай қалғанын көрген соң, күңі Зилпаны Жақыпқа қосты. 10Зилпа да Жақыпқа ұл туып берді. 11Сонда Лия: «Бұл не деген бақыт!» — деді де, оны Ғад («Бақыт») деп атады.
12Кейін Лияның күңі Зилпа Жақыпқа екінші ұлын туды. 13Сонда Лия: «Мен қандай қуанышқа кенелдім! Барлық әйелдер мені қуанышты деп атайтын болады», — деп, балаға Ашир («Қуанышты») деген ат қойды.
14Рубен егін орағы кезінде даладан махаббат алмасы#30:14 Ежелде мандрагора деп те аталған өсімдіктің жемістерінің (не тамырларының) бедеу әйелдердің құрсақ көтерулеріне септігін тигізеді деген сенім орныққан еді. деген жемістер тауып алып, шешесі Лияға алып келді. Сонда Рахила Лиядан:
— Ұлыңның махаббат алмасынан берші, — деп сұрады. Ал Лия:
15— Сен күйеуімді тартып алғаның аз болғандай, енді баламның махаббат алмаларын да алғың келе ме? — деп бермей қойды. Ал Рахила:
— Егер маған ұлыңның әкелген жемістерін берсең, онда Жақып бүгін түнде сенімен болсын, — деді.
16Жақып кешке даладан келгенде, Лия оның алдынан шығып: «Бүгін түнде менімен бірге болсаңыз екен. Соны ұлымның әкелген махаббат алмаларына сатып алдым», — деді. Содан ол түнді Лиямен өткізді.
17Құдай Лияның тілегін қабылдап, ол екіқабат болып, Жақыпқа бесінші ұлды туды. 18Сонда Лия: «Мен күңімді күйеуіме бергенім үшін Құдай маған есесін қайтарып, осы баламды сыйлады», — деп, ұлын Исашар (яғни «Есе»)#30:18 Исашар түпнұсқадағы «Есе, ақы» деген сөзге ұқсас дыбысталады. деп атады.
19Кейінірек Лия тағы да бала көтеріп, Жақыпқа алтыншы ұлын туып берді. 20Сонда ол: «Құдай маған құнды сыйлық тартты. Енді күйеуім мені сыйлап, бірге қалатын болады, өйткені оған алты ұл тауып бердім», — деп, оның есімін Забулон («Сый»)#30:20 Забулон түпнұсқадағы «Қалу» және «Сый» деген сөздерге ұқсас дыбысталады. деп қойды.
21Мұнан соң Лия бір қыз туып, оны Дина («Төрелік») деп атады.
22Ақырында Құдай Рахиланы мейірімділікпен есіне түсіріп, тілегіне құлақ асып, оған да ана болу бақытын сыйлады. 23Рахила ұл туып: «Құдай мені масқаралықтан құтқарды», — деді. 24Баласына Жүсіп («Қосып берсін») деген ат қойып: «Жаратқан Ие маған тағы бір ұлды қосып берсін!» — деді.
Жақыптың айламен үлкен байлыққа кенелуі
25Рахила Жүсіпті туғаннан кейін Жақып Лабанға тіл қатып:
— Маған өз жеріме, туған еліме қайта оралуыма рұқсат етіңіз. 26Мен жолға шығайын, әйелдерім мен балаларымды беріңіз, солар үшін қызмет еттім ғой. Сізге қаншалықты қызмет жасағанымды өзіңіз білесіз, — деді. 27Лабан:
— Сенің маған істеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенің мені саған бола жарылқап жүргенін байқап жүрмін.#30:27 Немесе: Жаратқан Ие мені саған бола жарылқап жүргендіктен байып келемін. 28Алуға тиісті ақыңды өзің белгілеші, мен оны төлемекпін, — деп жауап қатты. 29Жақып оған:
— Сізге қаншалықты қызмет еткенімді, менің арқамда малыңыздың қаншама өскенін өзіңіз білесіз. 30Мен келгенде сізде болған азғана дүние әлдеқайда көбейді. Жаратқан Ие сізді менің қолым тиген әрбір жұмыста жарылқап отырды. Ал енді, қашан мен өз үйім үшін бірдеме істей аламын, соны айтыңызшы? — деп наразылық танытты. 31Лабан:
— Мен саған не беруім керек? — деп сұрады. Жақып:
— Маған түк бермей-ақ қойыңыз. Мына ұсынысымды қабылдасаңыз, ұсақ малдарыңызды әрі қарай баға берейін. 32Бүгін барлық отарларыңызды аралап шығайық. Сонда әрбір теңбіл, ала қойды, қара қозыны және теңбіл, ала ешкіні маған айырып беріңіз, олар еңбек ақым болсын. 33Келешекте сізге адалдығымды былайша дәлелдемекпін: сіз ақымды көру үшін келген кезде менің отарымдағы әрбір теңбіл, ала емес ешкі, қара емес қой ұрланған болып табылсын, — деген ұсыныс жасады. 34Лабан:
— Жарайды, айтқаныңдай болсын, — деп келісті. 35Алайда сол күні Лабан (айлакерлік жасап) ұрғашысы бар, еркегі бар барлық ала, тарғыл ешкілер мен қара қозыларды өзіне айырып алып, ұлдарының қарамағына жіберді де, 36Жақыптың қасынан үш күндік жерге қоныс аударды. Ал өзінің қалған ұсақ малдарын Жақыпқа бақтырып қойды.
37Сонда Жақып теректің, бадам ағашының, шынардың жас шыбықтарын алып, ақ жолақтары айқын көрінетіндей етіп қабықтарын аршыды. 38Шыбықтарды мал су ішкенде көз алдарында жату үшін науалардың ішіне салып қойды. Қойлар ала шыбықтар жатқан науаның қасына келіп, 39бір-бірімен шағылысқанда, олардан тарғыл, қара ала қозылар туды. 40Жақып тарғыл, қара ала қошақандарды айырып алып, өзі бағып жүрген отардың алдыңғы жағына қарай айдап отырды. Осылай ол өзіне жеке отар дайындап алып, қойларын Лабанның малына жуытпай бақты. 41Күйлі малдар шағылысар кезде Жақып қойлар ала шыбықтарға қарап шағылыссын деп соларды науалардың ішіне салып қойып жүрді. 42Бірақ нашар малдар шағылысқанда шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесіне нашар қойлар тисе, Жақып күйлі малға ие болды. 43Осы айламен Жақып әбден байып, отар-отар ұсақ малдар, түйелер және есектерге әрі құл-қызметшілерге ие болды.
Currently Selected:
Жаратылыстың баст. 30: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.