YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 40

40
Екі уәзірдің түрмеде көрген түстері
1Біраз уақыт өткенде сарайдағы бас шарапшы#40:1 Яғни патшаның сусындарын басқарып, дайындайтын уәзірі (Нех 1:11). және бас наубайшы өздерінің қожайыны — Мысырдың патшасының алдында кінәлі болып қалды. 2Содан перғауын осы екі уәзіріне қатты ашуланып, 3оларды бас қорғаушысы басқаратын түрмеге отырғызды. Мұнда Жүсіп те отырған болатын. 4Бас қорғаушы екеуін Жүсіптің қарамағына тапсырып, ол соларға қызмет етті.
Шарапшы мен наубайшы түрмеде біраз күн өткізген соң, 5екеуі де бір түнде түс көрді. Әр түстің өзіндік мағынасы бар болатын. 6Келесі күні таңертең оларға кірген Жүсіп екеуінің жабырқау екенін байқап:
7— Бүгін неге мұңайып отырсыздар? — деп сұрайды.
8— Біз екеуіміз де түс көрдік, бірақ оны бізге жорып беретін ешкім жоқ, — дейді олар. Жүсіп:
— Түс жору Құдайдың ісі емес пе? Маған айтып беріңіздер, — дегенде, 9бас шарапшы оған түсін әңгімелеп береді:
— Түсімде бір жүзім бұтасын көрдім. 10Бұтаның үш сабағы бар екен. Көгере бастасымен гүлдеп, жүзім пісіп те үлгеріпті. 11Қолымда перғауынның шарап ішетін тостағаны бар екен. Сонда мен жүзімді алып, сығып, шырынын тостағанға ағызып, перғауынның қолына беріппін. — 12Жүсіп оған:
— Түстің жоруы былай: үш жүзім сабағы үш күнді білдіреді. 13Үш күннің ішінде перғауын басыңызды жоғары көтеріп, сізді қайтадан орныңызға қояды. Оған бұрынғысынша шарап ұсынатын боласыз. 14Ал ісіңіз оңғарылған шақта мені ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көріңізші! Мені түрмеден босаттырып, жақсылық жасасаңыз екен. 15Себебі мені көшпенділердің елінен ұрлап алып келген болатын. Бұл жерде де түрмеге түсетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, — дейді.
16Жүсіптің түсті жақсы жорығанын көріп, бас наубайшы да түсін айтып береді:
— Мен түсімде басыма үш себет көтеріп жүріппін. 17Ең үстіңгі себеттің ішінде перғауынға арнап пісірілген тағамдар бар екен. Бірақ оларды басымдағы себеттің ішінен құстар шоқып жеп жатты. — 18Сонда Жүсіп:
— Бұның жоруы мынау: үш себет үш күнді білдіреді. 19Үш күннің ішінде перғауын сіздің басыңызды көтеріп, дарға асып қояды. Құстар етіңізді шоқып жейтін болады, — деп түсіндіреді.
20Үш күн өткен соң перғауынның туған күні болып, ол күллі нөкерлеріне той жасады. Сонда патша бас шарапшысы мен бас наубайшысын түрмеден шығарып алдыртып, нөкерлерінің алдында 21бас шарапшыны бұрынғысынша шарап құйып беру үшін қайтадан орнына қойды, 22ал бас наубайшыны дарға асқызды. Бәрі де дәл Жүсіп алдын ала айтқандай болды. 23Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін есіне алмай, ұмытып кетті.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in