YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 41

41
Перғауынның көрген түстері
1Арада екі жыл өткенде перғауын түс көреді. Түсінде ол Ніл жағалауында тұр екен. 2Судан жеті семіз, күйлі сиыр шықты да, қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді. 3Мұнан кейін олардан басқа, сұрықсыз, арық тағы жеті сиыр судан шығып, жағада тұрған сиырлардың қасына келді. 4Сұрықсыз, арық сиырлар жеті семіз, күйлі сиырды жеп қойды. Сол кезде перғауын оянып кетеді.
5Перғауын тағы да ұйықтап кетіп, қайтадан түс көреді. Түсінде бір сабақтан әдемі, толық піскен жеті масақ өсіп тұр екен. 6Ал солардан кейін жеті сидиған арық масақ та өсіп тұрды. Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын. 7Жеті сидиған арық масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Ал перғауын ұйқысынан оянып кетіп, бұның түс екенін біледі.
8Ертеңінде ол жанын қоярға жер таппай, Мысырдың барлық балгерлері мен білімпаздарын алдыртып, көрген түстерін айтып берді. Алайда олардың ешқайсысы да патшаның түстерін жорып бере алмады.
9Сонда бас шарапшы тұрып, перғауынға былай деді:
— Бүгін мен өзім жасаған кінәні есіме түсіріп тұрмын. 10Бірде перғауын өзінің құлдары — бас наубайшы мен маған ашуланып, бізді бас қорғаушының қарамағындағы түрмеге қаматты. 11Бір күні екеуіміз де түнде түс көріп шықтық, әр түстің өзіндік жоруы бар екен. 12Бізбен бірге бас қорғаушының қызметшісі — бір жас көшпенді#41:12 Яки: еберлік (14:13). жігіт отырды. Оған түсімізді айтып, ол әрқайсымызға жорып берді. 13Кейін оқиға дәл ол жорығандай болды: мен қайтадан орныма тұрып, екінші адам дарға асылды.
14Сонда перғауын кісі жіберіп, Жүсіпті тез арада түрмеден босатып алғызды. Жүсіп сақал-мұртын алдырып,#41:14 Мысырлықтар сақал-мұртын өсірмейтін (Иш 18:2). киімдерін ауыстырған соң, перғауынның алдына келді. 15Перғауын Жүсіпке:
— Мен түс көрдім, бірақ оны ешкім де жори алмай отыр. Сен туралы түс жори аласың деп естідім, — деді. 16Жүсіп перғауынға:
— Тақсыр, түс жори алатын мен емес. Перғауынның игілігі үшін жоруын Құдай бермек, — деді. 17Сонда патша Жүсіпке түсін айтып берді:
— Мен түсімде Нілдің жағасында тұр екенмін. 18Сол кезде судан жеті семіз, күйлі сиыр шығып, қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді. 19Кейінірек мен олардан басқа, еті сүйегіне жабысып қалған, сұрықсыз, арық тағы жеті сиырдың судан шығып келе жатқанын көрдім. Бүкіл Мысыр елінде осындай ұсқынсыз малдарды көрген емеспін. 20Әлгі арық, сұрықсыз жеті сиыр бірінші көрінген жеті семіз сиырды жеп қойды. 21Бірақ олар семіз сиырларды жеп қойса да, бұрынғысынша сұрықсыз, арық күйлерінде қала берді. Сол жерде мен оянып кеттім.
22Мен қайтадан түс көрдім. Түсімде бір сабақтан әдемі, толып піскен жеті масақ өсіп тұр екен. 23Солардан кейін қатып-семіп қалған, сидиған арық тағы да жеті масақ өсіпті. Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын. 24Сидиған арық жеті масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Мен көрген түстерімді сәуегейлерге айтып беріп едім, бірақ олардың ешқайсысы да дұрыстап жорып бере алмады, — деді. 25Жүсіп перғауынға былай деп жауап қатты:
— Перғауынның екі түсінің де мағынасы біреу. Құдай перғауынға не болатынын көрсетті. 26Жеті әдемі сиыр мен жеті әдемі масақ жеті жылды білдіреді. Бұл екеуі де — бір түс. 27Олардың артынан келген жеті арық, сұрықсыз сиыр және шығыстан соққан желден кеуіп қалған жеті масақ жеті жылдық ашаршылыққа меңзейді.
28Мен жаңа айтқандай, Құдай осы түстер арқылы келешекте не болатынын перғауынға білдіріп тұр: 29бүкіл Мысырда жеті жыл бойы молшылық болады. 30Содан соң молшылықты ұмыттыратын жеті жылдық қуаңшылық келіп, елді құртып жібереді. 31Сонда бұл жерде болған молшылық ешкімнің есінде қалмай, елді өте ауыр ашаршылық жайламақ. 32Перғауынның түсті екі рет көруі Құдайдың Өзі шешіп қойған бұл істі жуырда жүзеге асыратынын білдіреді.
33Енді перғауын бір ақылды, данышпан адамды таңдап алып, Мысыр елін басқаруды оның қолына тапсыра көрсін, 34сонымен қатар арнайы салықшылар тағайындап, егіннің бестен бір бөлігін жинап алдыртсын. 35Осы қызметкерлер болашақтағы молшылықтың астығын жинап, қалаларда перғауынның қарамағындағы қоймаларда азық қоры ретінде сақтаудың қамын жасаулары керек. 36Бұл астық Мысыр елін жайлайтын жеті жылдық жұт кезінде халықты аштан өлуден сақтайтын қор болады.
Жүсіптің бас уәзірлікке тағайындалуы
37Бұл ұсыныс перғауынға да, оның барлық уәзірлеріне де ұнап қалды. 38Перғауын оларға: «Біз Құдай Рухына кенелген тап осы адамдай біреуді таба аламыз ба?» — деп, 39Жүсіпке қарап: «Мұның бәрін саған Құдай білдіріп тұр екен! Өзің сияқты ақылгөй, дана ешкім де жоқ. 40Бұдан былай менің сарайымды қарамағыңа аласың, бүкіл халқым сенің айтқаныңмен жүруге тиіс.#41:40 Яки: бүкіл халқымның азық-түлікпен қамтамасыз етілуі сенің бұйрығыңмен жүзеге асуға тиіс. Мен патшалық тағыма байланысты ғана сенен жоғары боламын. 41Міне, мен сені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп тағайындаймын», — деген шешімін айтты. 42Перғауын қолынан өзінің мөрі бекітілген сақинасын шешіп алып, Жүсіптің саусағына кигізді. Оған ақ бәтестен#41:42 Яки: зығырдан тоқылған қымбат ақ матадан (Мыс 28:39). (Мөр бекітілген сақина, қымбат киімдер және алтын алқа Жүсіпке тапсырылған билікті бейнеледі: Ест 3:10; 6:11; Дан 5:16.) киімдер кигізіп, мойнына алтын алқа салып, 43оны өзінің екінші пәуескесіне отырғызды. Жүсіп жақындаған кезде атқосшылары жұртқа: «Жол беріңдер! Иіліңдер!» — деп айқайлайтын болды. Осылайша перғауын Жүсіпті бүкіл Мысыр елін басқаратын бас уәзірі етіп тағайындап, 44оған: «Ел патшасы перғауын менмін. Ал сенің келісіміңсіз бүкіл Мысырда ешкім де іс-әрекет жасамайтын болады», — деп міндетін табыс етті. 45-46Жүсіпке Сафнат-Панеах деген ат қойып, оған әйелдікке Он#41:45-46 Сафнет-Панеах: көне мысырлық тілде «Құдай сөйлейді, Ол тірі» дегенді білдіруі ықтимал. Он қаласында халық бір ғана Құдайға ғибадат ететін. қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенетті алып берді.
Жүсіп Мысырдың әміршісі болып патшаға қызметке тұрғанда отыз жаста еді. Ол перғауынның қасынан кетіп, бүкіл Мысыр елін аралауға кірісті. 47Жеті жылғы молшылық кезінде елде өнім ағыл-тегіл мол болды. 48Жүсіп сол жылдары Мысырда өсіп-өніп шыққан барлық дәнді дақылдарды қалаларға жіберді. Әр қалада сол маңнан жиналған өнімді сақтап қойды. 49Осылай Жүсіп астықтан құм түйіршіктеріндей мол етіп азық қорын жасап алды. Мұның көптігі сонша, санаса сан жетпейтін еді.
50Сол кезде, елді ашаршылық әлі де жайламай тұрғанда, әйелі Асенет Жүсіпке екі ұл туып берді. 51Жүсіп тұңғышына Манаса («Ұмыту») деген ат қойды. Себебі ол: «Құдай менің барлық уайымымды, әке-шешемнің үйінен алыстап кеткенімді ұмыттырды», — деді. 52Екінші ұлын Ефрем («Өнімді») деп атап, «Құдай мені бұрын жапа шеккен елде өнімді қылды», — деді.
53Сонымен Мысыр еліне молшылық әкелген жеті жыл аяқталды. 54Содан кейін, Жүсіп алдын ала айтқандай, жеті жылдық жұт та жетті. Барлық елдерге ашаршылық жайылды, бірақ бүкіл Мысыр жерінде азық қоры сақтаулы болатын. 55Мысырлықтар аштық көре бастағанда перғауынға нан беруін сұрап жалбарынды. Перғауын оларға: «Жүсіпке барыңдар! Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп әмір етті.
56Бүкіл елде ашаршылық үдей түскенде Жүсіп қоймаларды ашып, мысырлықтарға астық сата бастады. 57Айналадағы барлық басқа мемлекеттерден де адамдар азық сатып алу үшін Жүсіпке келді, өйткені бүкіл өлкені ғаламат ашаршылық жайлап алған еді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Жаратылыстың баст. 41