YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 42

42
Жүсіптің ағаларының Мысырға алғашқы сапары
1Сол кезде Жүсіптің әкесі Жақып Мысырда астықтың бар екенін естіп, ұлдарына: «Неге бір-біріңе қарап отырсыңдар? 2Мысырда нан бар деп естідім. Аштан өліп қалмауымыз үшін сол жаққа барып, астық сатып алыңдар!» — деп тапсырды.
3Осылай Жүсіптің он ағасы азық алып келуге Мысырға қарай бет алды. 4Ал Жақып Жүсіптің бірге туған інісі Буняминді жолда бір пәлеге ұшырап қалар деп қауіптеніп, ағаларымен бірге жібермей қойды. 5Сонымен Жақыптың он ұлы Мысырға жетті. Олармен бірге азық сатып алу үшін басқа адамдар да келген еді. Өйткені аштық Қанахан елін де қамтыған болатын.
6Ал Жүсіп Мысырдың әміршісі болып, бүкіл халыққа астық сатуды басқаратын. Сондықтан ағалары оның алдына келіп, жерге дейін иіліп тағзым етті.#42:6 37:7-11; 44:14. 7Жүсіп оларды көрісімен-ақ танығанмен, бөтен адамның сыңайын танытып, олармен қатал сөйлесті:
— Сендер қайдан келдіңдер?
— Біз астық сатып алу үшін Қанахан елінен келдік, — деді олар.
8Жүсіп ағаларын таныса да, олар оны таныған жоқ. 9Баяғыда олар туралы көрген түстері есіне түскен Жүсіп:
— Сендер тыңшысыңдар! Біздің шекараның әлсіз жерлерін іздеп табу үшін келдіңдер! — деп дүрсе қоя берді. Олар:
10— Жо-жоқ, уа, тақсыр иеміз. Алдыңыздағы құлдарыңыз осында тек астық сатып алу үшін ғана келдік. 11Біз барлығымыз бір адамның ұлдарымыз, тыңшы емес, адал адамдармыз, — деді.
12— Жоқ, сендер елге қай тұсынан шабуылдауға болатынын біліп алу үшін келдіңдер!
13— Тақсыр ие, біз он екі ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бір адамның ұлдарымыз. Ең кішіміз әкеміздің қасында қалды, ал бір бауырымыз қайтыс болған. — 14Жүсіп оларға:
— Шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар! 15Перғауынның атымен ант етемін, енді сендер сыналмақсыңдар! Үйде қалған ең кіші інілерің де келмейінше бұл жерден ешқайда кетпейсіңдер. 16Кенже бауырларыңды алып келуге араларыңнан біреуіңді жіберіңдер, ал басқаларың қамауға алынасыңдар. Осылайша сөздерің шын ба, жоқ па, соны тексереміз. Егер өтірік болып шықса, онда тыңшы екендерің айдай анық болады, — деді. 17Содан оларды үш күнге қаматып қойды.
18Үшінші күні Жүсіп оларға тіл қатып:
— Мен Құдайды қастерлейтін адаммын. Енді мынаны істеңдер, сонда аман қаласыңдар: 19егер расында адал болсаңдар, бауырларыңның біреуін түрмеде қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар. 20Ал кейін кенже інілеріңді әкелуге тиістісіңдер! Сонда сөздеріңнің шындығына көзім жетіп, сендер ажалдан құтыласыңдар, — деді. Олар солай істеуге келісті.
21Ағайындылар бір-біріне: «Шынында біз бұл жазаға ініміз Жүсіпке бола ұшырап отырмыз. Оның жапа шегіп, жан даусымен бізге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық. Сондықтан да осы бақытсыздық басымызға төніп тұр», — десті. 22Рубен інілеріне: «Балаға қол жұмсап күнә жасамаңдар деп сендерге айтпап па едім?#42:22 37:22. Алайда мені тыңдамадыңдар. Енді міне, оның төгілген қаны үшін есеп беретін уақыт жетті», — деді.
23Олар осы айтқандарын Жүсіптің түсініп қойғанын білген жоқ, себебі ол ағаларымен тілмаш арқылы#42:23 Яки: аудармашы арқылы. сөйлескен болатын. 24Жүсіп бұрылып кетіп, көзіне жас алды. Содан ол қастарына қайта оралып, олармен тағы да сөйлесті. Кейін ағайындылардың ішінен Шимонды тұтқындатып, олардың көзінше байлатты.
25Қызметшілеріне ағайындылардың қаптарын астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген күмістерін қаптың аузына салуға, жол азығын да беруге бұйырды. Барлығы да Жүсіп айтқандай іске асты. 26Ағалары қаптарын есектеріне артып, жолға шықты.
27Олар түнеуге аялдаған кезде біреуі есегіне жем беру үшін қабының аузын ашып, төлеген күмісінің сонда жатқанын көрді. 28Таңғалған ол бауырларына: «Ақшам өзіме қайтарылыпты! Ол, міне, қаптың бетінде жатыр!» — деді. Бәрінің жүректері суылдап, бір-біріне үрейлене қарап: «Құдай бізге не істеді?» — десті.
29Қанаханға, әкелері Жақыпқа қайтып келген соң, олар оған көрген-білгендерін түгелдей баяндап берді:
30— Сол елдің әміршісі бізге еліне кірген тыңшылар ретінде қарап, өте қатал сөйлесті. 31Біз оған: «Тыңшы емес, адал адамдармыз! 32Бір кісінің балалары, он екі ағайындымыз. Бір бауырымыздан айырылғанбыз, ал кенжеміз әкеміздің қасында Қанаханда қалды», — дедік. 33Бірақ сол кісі — елдің әміршісі бізге: «Мен сендердің адал екендіктеріңе былай көз жеткіземін: бауырларыңның біреуін қасымда қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар. 34Алайда маған кенже інілеріңді әкелуге тиіссіңдер! Содан сендердің тыңшы емес, адал адам екендіктеріңе көз жеткізіп, осында қалдырған бауырларыңды қайтарып беремін. Сонда бұл елде еркін жүре алатын боласыңдар», — деп бұйырды.
35Бұдан кейін ағайындылар қаптарын босатып жатып, әрқайсысы төлеген күмістерін тауып алды. Мұны көргенде өздері де, әкелері де зәрелері ұшып қорқып кетті. 36Жақып:
— Сендер мені балаларымсыз қалдырып отырсыңдар: Жүсіптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, енді Буняминді де алып кетпексіңдер! Апаттың бәрі басыма төніп тұр! — деп қапаланды. 37Сонда Рубен әкесіне:
— Егер мен Буняминді қайтарып әкелмесем, онда менің екі ұлымның көзін құртуыңызға болады. Маған сеніңіз, оны қайтып алып келемін, — деді. 38Бірақ Жақып былай деп шешті:
— Ол ұлым сендермен бірге бармайды! Ағасы өлген соң Рахиладан туған ұлдардан жалғыз сол қалды. Жолшыбай бір пәлеге ұшыраса, сендер мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалымнан бұрын көрге тығасыңдар!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in