YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 46

46
Жақыптың үрім-бұтағымен Мысырға көшіп баруы
1Сонымен Исраил өзінің қасындағы барлық жұртын мал-мүліктерімен ертіп алып, жолға шықты. Ол Бер-Шебаға келгенде әкесі Ысқақ сиынған Құдайға арнап құрбандық жасады. 2Сонда Құдай оған түнде аян беріп:
— Жақып! Жақып! — деп шақырды. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап қатты.
3— Мен Құдаймын, әкең мойынсұнған Тәңірмін. Мысырға көшіп барудан қорықпа, сенен сол жерде бір үлкен халық өрбітіп таратамын.#46:3 12:2; 18:18. 4Мен саған Мысырда да жар болып, сендерді қайтадан Қанахан еліне Өзім алып келемін. Қайтыс болғанда көзіңді жұмғызатын Жүсіп болады, — деді.
5Осылай Жақып Бер-Шебадан жолға шықты. Ұлдары оның өзін де, олардың балалары мен әйелдерін де перғауын жіберген күймелерге отырғызды. 6-7Жақып пен оның үрім-бұтағы — ұлдары мен немере ұлдары, қыздары мен немере қыздары барлығы да Қанахан елінде жинап алған малдары мен дүние-мүліктерін алып, Мысырға көшіп барды.
8Мысырға көшіп барған Исраилдің (яғни Жақыптың) ұлдарының аттары төмендегідей:
Жақыптың тұңғыш ұлының аты Рубен.
9Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми.
10Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Яхин, Сохар,#46:10 Немесе: Емуел, Ямин, Охад, Яхин, Сохар. Саул; Саул қанахандық әйелден туған.
11Леуінің ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари.
12Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах, Парес, Зарах. Ер мен Онан Қанахан жерінде қайтыс болды. Парестің ұлдары: Хесрон, Хамул.
13Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Ишоб, Шимрон.
14Забулонның ұлдарының аттары: Серед, Елон, Яхлел.
15Бұлар Лияның Жақыпқа солтүстік Месопотамияда туып берген ұлдары. Дина есімді қыздары да сол жерде дүниеге келді. Барлығын қосқанда Жақып пен Лиядан тарағандар отыз үш ұрпақ болды.
16Ғадтың ұлдары: Сифион, Хаги, Шуни, Езбон, Ери, Ароди, Арели.
17Аширдің ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Бериях, ал қызы: Серах. Берияхтың ұлдары: Хебер мен Малхиел.
18Бұлар Лабанның қызы Лияға күтуші күң ретінде берген Зилпаның ұлдары; Зилпадан Жақыптың он алты ұрпағы тарады.
19Жақыптың әйелі Рахиланың ұлдарының аттары: Жүсіп пен Бунямин. 20Мысырда Жүсіптің Манаса мен Ефрем есімді ұлдары дүниеге келді. Бұларды Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенет туды.
21Буняминнің ұлдары: Бела, Бехер, Ашбел, Гера, Нағыман, Ехи, Рош, Мупім, Хупим, Ард.
22Бұлар Рахиланың Жақыпқа туып берген ұлдары мен олардан тарағандар — барлығы он төрт ұрпақ.
23Данның ұлының аты: Хушим.
24Нафталимның ұлдары: Яхсиел, Гуни, Есер және Шилем.
25Бұлар Лабан өзінің қызы Рахилаға күтуші күңі ретінде берген Балханың ұлдары; Балхадан Жақыптың жеті ұрпағы тарады.
26Жақыпқа еріп Мысырға көшіп барған ұрпақтары, келіндерін қоспағанда, алпыс алты жан еді. 27Жүсіптің Мысырда туған ұлдары екеу. Осылайша Жақыптың Мысырға көшіп келген бүкіл үрім-бұтағының жалпы саны өзін қосқанда жетпіс болды.
Жақыптың Жүсіппен кездесуі
28Гөшендегі қоныстарын көрсету үшін Жақып Жүсіпке алдын ала Яһуданы жіберді. Осылайша көш Гөшен аймағына жетіп, 29Жүсіп те күймесін жегіп, әкесі Исраилді қарсы алу үшін Гөшенге қарай беттеді. Әкесін көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады. 30Исраил Жүсіпке: «Енді мен өлсем де болады, сенің тірі екеніңе көзім жетті», — деді. 31Ақырында Жүсіп бауырларына және әкесінің үйіндегі адамдарға былай деді:
— Мен перғауынға барып, мынаны айтпақпын: «Қанахан елінен маған бауырларым және әкемнің үй іші көшіп келді. 32Олар бақташылар, сондықтан ірілі-ұсақты малдары мен дүние-мүліктерінің бәрін өздерімен бірге ала келді». 33Егер перғауын сендерді өзіне шақырып, кәсіптерің туралы сұрай қалса, 34сендер: «Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыз сияқты бала кезімізден бері мал бағушылармыз» деп жауап беріңдер. Сонда ол сендерге Гөшен аймағында қалуға рұқсат береді. Өйткені мысырлықтар үшін ұсақ мал бағушылар жиренішті, — деді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Жаратылыстың баст. 46