Жаратылыстың баст. 47
47
Жақыптың перғауынға батасын беруі
1Жүсіп перғауынға барып, былай деп мәлімдеді: «Әкем мен бауырларым ірілі-ұсақты малдарымен, бар дүние-мүлкімен Қанахан елінен көшіп келді. Қазір олар Гөшен аймағында». 2Жүсіп ертіп апарған бес бауырын перғауынға таныстырды. 3Патша оның бауырларынан:
— Немен айналысасыңдар? — деп сұрады. Олар:
— Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыздай қой-ешкі бағамыз. 4Бұл жерге жат жұрттық болып тұруға келіп жатырмыз. Қанаханда аштық қатты үдеп кеткендіктен малдарымызға жайылатын өріс қалмады. Сол себепті Гөшенде тұрып қалуымызға рұқсат бере көріңіз, — деп жауап берді. 5Перғауын Жүсіпке былай деп бұйырды:
— Әкең, бауырларың саған келіп жатыр. 6Мысыр елі сендер үшін ашық. Әкең мен бауырларыңды елдің ең жақсы жеріне қоныстандыр: олар Гөшен аймағын мекендесін! Араларында кәсібіне ерекше ұқыпты адамдардың бар екенін білсең, соларды менің малдарымның үстінен қарайтын аға бақташылар етіп тағайында!
7Мұнан соң Жүсіп әкесін ертіп келіп, перғауынға таныстырды. Жақып онымен амандасқан соң,#47:7 Немесе: Жақып оған батасын берген соң (48:10). 8перғауын:
— Сіз нешедесіз? — деп сұрады. 9Ол:
— Мен жүз отыз жыл жат жұрттық болып өмір сүріп келемін. Өмірімнің жылдары әрі аз, әрі азапқа толы болды. Олар аталарымның бөтен елде көшіп-қонып жүріп жасаған жылдарынан әлдеқайда аз, — деп жауап қатты. 10Содан Жақып перғауынға батасын беріп,#47:10 28:14; 48:7. қасынан шығып кетті.
11Сонымен Жүсіп әкесі мен аға-інілерін Мысырға қоныстандырып, перғауын айтқан Рамсес қаласының төңірегіндегі ең жақсы жерді олардың меншігі етіп пайдалануға берді. 12Жүсіп әкесін, бауырларын, әкесінің үй ішін түгелімен әр отбасының қажетіне қарай астықпен де қамтамасыз етті.
Жұт жылдары Жүсіптің Мысырды басқаруы
13Барлық елде астық қалмады. Жұттың өте қатты болғаны сондай, Мысыр мен Қанахан елдері аштықтан құрып кете жаздады. 14Содан олардың тұрғындары астық сатып алу үшін қолындағы бар ақшаларын Жүсіпке өткізді. Ол бұл қаржыларды жинап, перғауынның сарайына апарды. 15Мысыр мен Қанахандағы жұрттың ақшасы сарқылғанда, мысырлықтар түгелдей Жүсіпке келіп:
— Бізге астық бере көріңіз. Біз неге сіздің көз алдыңызда аштан қырылмақпыз? Ал ақшамыз таусылды, — деп өтінді. 16Жүсіп оларға:
— Ақшаларың таусылса, малдарыңды әкеліңдер. Мен оларды астыққа айырбастап беремін, — деді. 17Сонда олар малдарын айдап келіп, Жүсіп оларға жылқыларының, ірілі-ұсақты малдары мен есектерінің орнына астық берді. Сол жылы оларды барлық малдарының есебінен астықпен қамтамасыз етті.
18Олар Жүсіпке келесі жылы да келіп, былай деп өтініш жасады:
— Уа, тақсыр, біз ақшамыздың біткенін ғана емес, сонымен қатар малымыздың да иеміздікі болғанын ашық мойындаймыз. Бізде иемізге ұсынатын жеке басымыз бен жерімізден басқа түк те қалмады. 19Неге сіздің көз алдыңызда өзіміз де, жеріміз де құрып кетуге тиіспіз? Бізді және егіндіктерімізді астыққа сатып алыңыз, осылай перғауынның меншігіне айналамыз. Бізді өлмей, тірі жүрсін, жеріміз қаңырап бос қалмасын десеңіз, тұқым бере көріңіз.
20Содан Жүсіп Мысырдың бүкіл егіндік жерін перғауынға сатып алды. Аштық қысқан мысырлықтардың әрқайсысы егіндігін сатып, жер перғауынның меншігіне көшті. 21Осылай Жүсіп Мысырдың о шеті мен бұ шетіндегі халқын түгел құлға айналдырды.#47:21 Немесе: халқын қалаларға көшірді. 22Жүсіп тек діни қызметкерлердің жерлерін ғана сатып алмады. Олар перғауыннан үздіксіз алып тұрған жалақыларымен күнелткендіктен, жерлерін сатуға мәжбүр болмады.
23Жүсіп халыққа:
— Сонымен мен бүгін өздеріңді, сондай-ақ егістік жерлеріңді де перғауын үшін сатып алдым. Енді сендерге жерге себетін тұқым үлестіремін. 24Бұдан былай сендер түскен өнімнің бестен бірін перғауынға салық ретінде беруге тиіссіңдер. Қалған төрт бөлігі себілетін тұқым әрі отбасыларыңның жейтін тамағы ретінде өздеріңде қалсын, — деп жариялады. 25Сонда халық:
— Сіз өмірімізді сақтап қалдыңыз. Бізге қожайынымыздың рақымы түссе екен дейміз. Енді перғауынның басыбайлы қызметшілері боламыз, — деп мақұлдады.
26Осылайша Жүсіп мысырлықтар үшін жинаған өнімдерінің бестен бірін перғауынға беруді заңға айналдырды. Бұл заң күні бүгінге дейін күшінде. Тек діни қызметкерлердің жерлері ғана перғауынның меншігіне кірмей қалды.
Жақыптың соңғы аманаты
27Исраилдіктер Мысырдағы Гөшен аймағына көшіп келіп, орнығып алған соң, өсіп-өніп, қатты көбейді.
28Жақып Мысыр елінде он жеті жыл тұрып, жасы жүз қырық жетіге жетті. 29Ажалы жақындағанда ол баласы Жүсіпті шақыртып алып, оған былай деді:
— Маған жақсылық жасағың келсе, қолыңды жамбасымның астына қойып тұрып мынадай уәде бер:#47:29 24:2-3. сен менің сүйегімді Мысырда қалдырмайсың. Маған деген сүйіспеншілігің мен адалдығыңның белгісі сол болсын. 30Мен ата-бабаларымның қасына аттанғаннан кейін сүйегімді Мысырдан әкетіп, олар жатқан қабірге апарып қоярсың! — Жүсіп:
— Айтқаныңызды орындаймын, — деп сөз берді. 31Жақып:
— Маған антыңды бер! — деген соң Жүсіп оған ант берді. Сонда Исраил таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті.#47:31 Немесе: төсегінің бас жағында иіліп Құдайға ғибадат етті.
Currently Selected:
Жаратылыстың баст. 47: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.