YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 49

49
Жақыптың ұлдарына бата беріп, келер ұрпақтарының тағдырларын болжауы
1Жақып ұлдарын шақыртып алып былай деді:
— Бәрің келіңдер, мен сендерге#49:1 Яки: ұрпақтарыңа. келешекте не болатынын айтып берейін:
2Жақыптың ұлдары, жиналыңдар,
Әкелерің Исраилге құлақ салыңдар!
3Рубен, сен тұңғышымсың, менің күшімсің,
Һәм күш-қуатымның алғашқы белгісісің!
Сен құрметтеліп, билік жүргізуге лайықсың,
4Бірақ тасыған судай шектен тыс астың:
Сен әкеңнің төсегін аттап, арамдадың,
Содан тұңғыштық жолыңнан айырылдың!#49:4 (35:22) Немесе: (бауырларыңнан) артық бола алмайсың.
5Ағайынды жігіттер Шимон және Леуі:
Кісі өлтіргіш қарулар — семсерлері.
6Ақыл-кеңестеріне ортақтығым жоқ,
Қабылдаған шешімдеріне де қатысым жоқ!
Олар ашуға беріліп, құртты адамның көзін,#49:6 34:24-25.
Қызық үшін бұқаның кесті тілерсегін.
7Сол екеуінің жауыз ашу-ызасын
Қарғыс атсын һәм рақымсыз қаһарын!
Сендерді Исраилдің ішіне бытыратамын,
Жақыптың халқының арасына таратамын.#49:7 Кейін Шимонның үрім-бұтағы Яһуда руының жеріне тарап кетті, ал Леуі руы діни қызметке тағайындалып, барлық басқа рулардың жерлерінде орналасқан 48 қаланы мекендейтін болды (Еш 19:1,9; 14:4; 21:41).
8Яһуда, сені бауырларың мадақтайды!#49:8 Яһуда есімінің мағынасы — мадақтау (29:35).
Қолың жауыңның желкесінен түспейді,
Әкеңнің ұлдары саған бас иеді.
9Яһуда, сен жас арыстанға ұқсайсың!
Ұлым, аң аулап, қайтып келе жатырсың:
Ол еркек арыстан құсап қомданады,
Күшігін қорғайтын ана арыстандай жатады;
Оны мазалауға кімнің батылы барады?
10Қолынан патша таяғын еш тартып алмайды,
Билік белгісі Яһуда әулетінде орнайды,
Бейбітшілік Әкелуші келеді ақырында,#49:10 Немесе: Күндердің күнінде оның шын Иесі (яки: Оған алым-салық беру қажет Біреу) келеді. Түпнұсқада: Шило (Иш 9:6-7; 11:1-10; Езк 21:27; Мат 2:4-6; Жох 5:46; Аян 5:5).
Халықтар Оған мойынсұнып бағынады да!
11Яһуда есегін мықты жүзім бұтасына,
Қодығын байлап қояды жүзім сабағына.
Ол өз шапанын жүзім шарабына,
Киімін жуатын болады жүзім шырынына.
12Көзінің түсі шараптан жылтырақ,
Тістері сүттен де аппақ болмақ.
13Забулон теңіздің жағалауындағы
Кеме тоқтайтын аймақта тұрады,
Шекарасы Сидонға#49:13 Ливан еліндегі кеме тоқтайтын үлкен қала және патшалық. дейін созылады.
14Исашар мықты есектей болады,
Екі қоржынның арасына орнығады.
15Ол дем алуды қатты ұнатады,
Өз жерінің ұнамды екенін байқап,
Иығын жүк артуға ыңғайлап,
Басыбайлы қызметшіге айналады.
16Дан Исраилдің бір руы болады,
Халқына төрелік айтады.#49:16 Дан есімінің мағынасы «Төреші» (30:6).
17Дан жол жиегіндегі жылан тәрізді,
Жолда жатқан сұр жылан секілді,
Ол атты өкшесінен шаққанда
Соған мінген құлайды артқа.
18О, Жаратқан Ие, бар пәледен
Құтқаруыңды зарыға күтемін мен!
19Тонаушылар тобы шабуылдап Ғадты#49:19 Ғад есімінің бір мағынасы «Шабуыл». ығыстырады,
Бірақ ол барлық жауларын да өкшелеп тықсырады.
20Ашир азық-түлікке дәйім бай болады,
Ол патшаға лайықты дәмді тағам шығарады.
21Нафталим жедел жүрісті елік секілді,
Ол, сондай-ақ, сүйкімді сөздердің иесі.#49:21 Немесе: ол әдемі төлдерді туады.
22Жүсіп — мол жеміс беретін жүзім бұтасы,
Ол бұлақ басында өсіп-өніп тұрады,
Сабақтары дуалдан асып шығады.
23Дұшпандары ызаландырып шабуыл жасады,
Оқ атқан садақшылардай қастық жасады.
24Бірақ үнемі керулі оның садағы,
Керемет епті қарулы қолдары.
Оны Жақып сиынған құдіретті Құдайы —
Исраилді қолдап жүретін Бағушысы
Әрі жылжымас Жартасы қорғайды.
25Иә, әкеңнің Құдайы өзіңді қолдайды!
Құдіреті шексіз Құдай сені аспаннан
Бар жақсылықтармен жарылқасын әрқашан!
Шыңырау бұлақтарын молынан ағызсын,
Сәби мен төлді көп қып, аққа тойғызсын!
26Лайым әкеңнің берген осы баталары
Атам заманнан тұрған таулардан,
Көне қырлардан үміт еткен баталардан
Әлдеқайда асып түсе берсін!
Бұл баталарым төбесіне Жүсіптің —
Бауырларының ішінен таңдаулының
Басына әрдайым қона берсін!
27Бунямин жыртқыш қасқырға ұқсайды:
Таң ата аулаған аңын жалмайды,
Кешкісін де олжасын бөлісіп тояды.
28Осылайша Жақып он екі ұлының бәріне сөзін арнады. Әрқайсысына өзіне сай келетін ерекше батасын беріп, болашақта олардан тарайтын Исраилдің он екі руы туралы айтып берді.
Жақыптың қайтыс болып, қабірге қойылуы
29Содан кейін Жақып ұлдарына былай деп өсиеттеді:
— Мен жуырда ата-бабаларымның қасына аттанамын. Менің сүйегімді хеттік Ефронның егістігіндегі үңгірге апарып қойыңдар! 30Бұл үңгір Қанахан елінде, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан. Оны (марқұм атам) Ыбырайым зират үшін жерімен қоса хеттік Ефроннан сатып алған.#49:30 23:13-18. 31Сол қабірге марқұм Ыбырайым мен әйелі Сара, Ысқақ пен әйелі Рабиға қойылды. Соған мен Лияның мәйітін де апарып қойдым. 32Жер танабы мен ондағы үңгір — хеттіктерден сатып алынған меншігіміз.
33Жақып ұлдарына осы өсиет сөздерін айтып болысымен қайтадан төсегіне жайғасты. Содан ақырғы демін шығарып, ата-бабаларының қасына аттанды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Жаратылыстың баст. 49