Жохан 13
13
Кішіпейілділіктің үлгісі
1Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті.
2Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді.#13:2 12:4-6; 13:27. 3Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді. 4Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады. 5Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады.
6Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол:
— Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады. 7Иса оған:
— Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді. 8Петір:
— Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса:
— Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың,#13:8 Жыр 50:3-4,8-9,12-13; Езк 36:25; Евр 10:22. — деп жауап берді. 9Сонда Шимон Петір:
— Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап:
10— Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек.#13:10 Яғни күнәсінен түпкілікті арылған адамның бұдан кейін жасаған күнәлары үшін ғана кешірім сұрауы қажет (Жох1 1:8; 2:1-2). Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді. 11Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты.
12Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса:
— Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. — 13Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын. 14Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер! 15-16Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім. 17Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!
Исаның соңғы кешкі ас кезінде сатқынның кім екенін білдіруі
18— «Сендер тазасыңдар» деген сөзді бәрің туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзім білемін, бірақ Киелі жазбадағы мына сөздің орындалуы тиіс: Дастарқандас боп нанымды жеген кісі Мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін.#13:18 Жыр 40:10. 19Мен мұны осы сөз әлі орындалмас бұрын айтып тұрмын. Ол кейін орындалған соң, Менің мәңгі Бар Болушы екеніме#13:19 Яки: Менің Сол (Мәсіхтің Өзі) екеніме (8:24). сендер сенсін деймін. 20Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кім Мен жіберген адамды қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді Иса.
21Осы сөзден кейін Иса іштей қатты толқып, салмақтап:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
22Шәкірттері Исаның кімді айтып тұрғанын ұқпай, бір-біріне аң-таң болып қарасты. 23Исаның жақсы көретін шәкірті#13:23 Яғни Жохан (21:20,24; Жазба туралы мәліметті де қараңыз). дастарқан басында Оның қасында жантайып жатушы еді. 24Шимон Петір Исаның кімді айтқанын сұрап білші деп жаңағы шәкіртке ымдап белгі берді. 25Анау Исаға бұрылып:
— Мырза, сол адам кім? — деп сұрады. 26Иса:
— Үзім нанды табақтағы тұздыққа батырып, кімге берсем, ол — сол кісі, — деді. Содан кейін Иса қолындағы бір үзім нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді. 27Яһуда нанды алысымен әзәзіл шайтан оның бойына еніп алды.#13:27 13:2; Лұқ 22:3.
Иса Яһудаға: «Не істегің келсе, соны тезірек істе!» — деді. 28Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ. 29Яһуда ортақ қаржы салатын әмиянды#13:29 12:6; Лұқ 8:3. ұстайтындықтан, кейбіреулері Иса: «Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!» немесе «Мүсәпірлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады. 30Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кетті. Сыртта қараңғы түн еді.#13:30 3:19-20; 12:35; Лұқ 22:53.
Исаның берген жаңа өсиеті және Петірге арнаған сөзі
31Яһуда шығып кеткеннен кейін, Иса былай деді:
— Енді көктен келген Мен ұлылыққа кенелемін, Өзім арқылы Құдайдың ұлылығы да көрінеді.#13:31 Яки: Қазір «Адам Ұлы» ұлылыққа бөленіп, Ол арқылы Құдай да ұлылыққа бөленді (3:13-17; 12:23-24). 32Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде, Құдай да Менің ұлылығымды паш етеді. Бұл көп кешікпей орындалады.#13:32 Өзінің құрбандық өлімімен Құдайдың шексіз сүйіспеншілігі мен әділдігін көрсеткен Мәсіх кейін ерекше құрметтелді (Флп 2:7-11; Аян 1:12-18; 5:5-14).
33Балаларым, енді аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейін Мені іздейсіңдер. Әлгі яһудилерге айтқан сөзімді қазір сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар.#13:33 7:33-34; 8:21.
34Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! 35Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады.#13:35 17:21; Елш 4:32-34.
36Шимон Петір:
— Мырзам, Сіз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда, Иса:
— Мен баратын жерге сен қазір еріп бара алмайсың, кейінірек соңымнан келесің, — деді. 37Петір:
— Мырза, Сізге қазір неліктен еріп бара алмаймын? — деп сұрады. — Сіз үшін жанымды қиюға дайынмын! — 38Иса оған былай жауап берді:
— Мен үшін жан қиямын дейсің бе? Саған шындығын айтайын: осы түні әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!
Currently Selected:
Жохан 13: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.