Жохан 8
8
Діндарлардың екіжүзділігінің әшкереленуі әрі күнәкар әйелдің кешірілуі
1Ал Иса Зәйтүн тауына қарай беттеген еді. 2Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді.
3Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды. 4Олар Исаға қарап:
— Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды! 5Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған.#8:5 Леу 20:10; Заң 22:22,24. Сіз бұған не айтасыз? — деді.
6Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді.#8:6 Бұл Мәсіхті сүріндіру үшін қулықпен құрылған тұзақ еді: әйелді өлтіріңдер деу Рим патшалығының заңына, ал өлтірмеңдер деу Таурат заңына қарсы болатын (8:5). Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді. 7Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп:
— Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп, 8тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді. 9Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды. 10Басын көтеріп, әйелден:
— Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол:
11— Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса:
— Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма!#8:11 3:17; 5:14. — деді.
Көктен түскен «Құдайдың Нұры»
12Иса тағы бір жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай деді:
— Мен дүние үшін Нұрмын.#8:12 Яки: Мен адамзат үшін Нұрмын (1:4-5; 3:19,21; 9:5). Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады, — деді. 13Сонда парызшылдар Оған:
— Сен Өзіңе-Өзің куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды, — деді. 14Иса былай деп жауап берді:
— Мен Өзіме-Өзім куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер. 15Сендер пенделік тұрғыдан үкім айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкімге үкім айтып тұрған жоқпын.#8:15 3:17-21; 7:24. 16Егер де үкім айтсам, үкімім жарар еді, себебі Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін. 17Сендер ұстанған Таурат заңында екі адамның куәлігінің жарамдылығы туралы жазылған ғой.#8:17 Заң 17:6; 19:15; Мат 18:16; Қор2 13:1. 18Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә.#8:18 5:37; Лұқ 3:22; 9:35. — 19Әлгі парызшылдар:
— Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға:
— Сендер Мені де, Әкемді#8:19 Яғни көктегі рухани Әкемді (16:3; 14:6-11; 1:1-2,14,17-18). де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер, — деп жауап қайырды.
20Осы сөзді Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлім беріп отырғанда айтты.#8:20 Бұл жер Жоғарғы кеңестің мәжіліс залының қасында болғандықтан, Исаның сөзі ел басшыларының да құлағына жеткен болса керек. Алайда Оны ешкім тұтқындаған жоқ, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.#8:20 7:30.
Исаның шыққан және қайтып баратын орны
21Иса жиналғандарға тағы бір жолы тіл қатып былай деді:
— Мен бұл жерден кетемін, сонда Мені іздейсіңдер. Ал сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер және Мен баратын жерге жете алмайсыңдар.#8:21 7:34; 13:33; 3:18; 9:41. — 22Сонда яһуди діндарлары бір-біріне:
— «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — десті. 23Иса оларға былай деді:
— Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін. Сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін. 24Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме#8:24 Немесе: Менің (мәңгі) Бар Болушы екеніме (8:58; Мыс 3:14). Яки: Менің көктен келген Билеуші екеніме (8:28). сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. — 25Олар Исадан:
— Осы Сен кімсің? — деп сұрады. Иса:
— Сендерге әуел бастан-ақ не айтсам, Мен дәл Солмын.#8:25 Немесе: Сендерге айтқанымдай, Мен әуел бастан-ақ бар болатынмын (1:1-2,14; 3:13; 8:58). 26Сендер туралы айтып, үкім шығаратын жайттарым көп. Бірақ Мені Жіберген — Хақ,#8:26 Яки: шыншыл (сенімді) (3:33; 17:3; Тит 1:2). Одан естігендерімді дүниеге білдіремін, — деп жауап берді. 27Олар Исаның көктегі рухани Әкесі туралы айтып тұрғанын түсінген жоқ. 28Сондықтан Иса былай деді:
— Сендер көктен келген Билеушіні (айқышқа шегелеп) жоғары көтеріп қойған кезде#8:28 3:14; 12:32; 19:18. Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар. 29Мені жіберген Әкем Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды.
30Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сенді.#8:30 1:7; 7:31; 20:31.
Азат адам немесе құл: Мәсіх Иса сыйлайтын азаттық
31Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді:
— Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар. 32Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді.#8:32 8:36. — 33Олар:
— Біз Ыбырайымның ұрпағымыз,#8:33 8:37,39; Лұқ 1:54-54; 3:8; 19:9. ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге «азаттыққа жетесіңдер» деп айта аласыз? — деді. 34Иса оларға былай деп жауап берді:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәнің құлы.#8:34 Рим 6:12,16; 7:14-15,20; Жыр 118:133. 35Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады, себебі ұлы ретінде оның еркі бар. 36Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе,#8:36 Немесе: егер Ұл сендерді босатса (1:14; 8:32; Рим 8:2). шынымен азат боласыңдар.
37Сендердің Ыбырайымның ұрпақтары екендеріңді білемін. Алайда Мені өлтірмексіңдер,#8:37 5:16-18; 7:1,30; 8:59. себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер. 38Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан#8:38 8:41,44. көргендеріңді істейсіңдер. — 39Сол яһудилер:
— Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап берді. Иса оларға былай деді:
— Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпақтары болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер. 40Алайда Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ. 41Сөйтіп сендер өз аталарың#8:41 Яғни әзәзіл шайтан (8:44). не істесе, соны істеп жүрсіңдер.
— Біз некесіз туғандар емеспіз!#8:41 Діндар яһудилер Құдайға адал болып келдік деп қате ойлайтын. Киелі кітап Құдай Иеге опасыздық жасауды неке адалдығын бұзу деп астарлап айтады (Езк 16:8,15-19,25-26; Ош 4:12). Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! — 42Иса оларға былай деді:
— Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді. 43Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар.#8:43 Немесе: сөздерімнің рухани мәнін ұға алмайсыңдар (8:47; 12:39,42). 44Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы.#8:44 Жар 2:16-17; 3:4; 4:8-9; Шеж2 18:21; Жох1 3:8,10.
45Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер. 46Араларыңдағы қайсың Мені күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам,#8:46 1:14; 14:6; 18:37; Пет1 1:21-22. неге Маған сенбейсіңдер? 47Кімде Құдайдың рухани өмірі болса,#8:47 Немесе: Кім Құдайдан болса (1:12-13; 3:3,5-6). сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар.#8:47 10:3-4; Жох1 4:6.
Мәсіхтің мәңгілік болмысы
48— Самариялық екенсің, Сені жын соққан деп тұрғанымыз#8:48 7:20. дұрыс емес пе? — деп әлгі яһудилер Исаға тіл тигізді.
49— Мені жын соққан жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар. 50Мен құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Сендер мен Өзімнің арамыздағы төрелікті айтатын да Сол. 51Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді,#8:51 Иса осында рухани өлім яғни тозаққа түсу туралы айтты (3:16; 11:26; Аян 20:14). — деп жауап берді Иса.
52Ал яһуди діндарлары Оның айтқанын түсінбей:
— Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді» дейсің! 53Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттісің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың? — деді. 54Иса бұған жауап ретінде былай деді:
— Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны «біздің Құдайымыз» десеңдер де, 55Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін және Оның айтқандарын ұстанамын. 56Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да.#8:56 Жар 12:2-3; Евр 11:13. — Әлгі діншіл яһудилер:
57— Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе? — деді.
58Иса оларға былай жауап берді:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін!#8:58 Яки: Ыбырайым тумастан бұрын-ақ Мен бар болатынмын (немесе: Мен бармын) (1:1-3,14; 8:24; Мыс 3:14). (Осылайша Иса Өзінің Жаратқан Ие екеніне сілтеді: 1:1-3,14. Оны тыңдағандар мұны түсініп, көбі қатты ашуланды: 8:59.)
59Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Бірақ Иса білдіртпей ғибадатханадан шығып кетті.#8:59 Яғни Иса білдіртпей араларынан өтіп (10:39; 12:36) ғибадатхананың ауласынан (7:14) шығып кетті.
Currently Selected:
Жохан 8: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.