Лұқа 24
24
Мәсіх Иса қайта тірілді!
1Жексенбі күні#24:1 Немесе: Аптаның бірінші күні. әлгі әйелдер дайындаған иісмайларын алып, (басқа да әйелдермен бірге) таң сәріде қабірге барды. 2Сонда жеткенде олар үңгір аузындағы дәу қақпақ тастың домалатылып, былай қойылғанын көрді. 3Ішке кірген әйелдер Иеміз Исаның сүйегін таба алмады! 4Олар бұған аң-таң болып тұрғанда, киімдері найзағайдай жарқыраған екі ер адам кенеттен қастарына келіп, тұра қалды. 5Әйелдер үрейленіп, жерден көздерін алмай тұрғанда, әлгі екі кісі оларға үн қатып: «Тіріні өлілердің арасынан неге іздейсіңдер? 6Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті! Оның Ғалилеяда жүрген кезінде сендерге алдын ала айтқандарын естеріңе түсіріңдер: 7көктен келген Билеуші күнәкар адамдарға ұстап беріліп, айқышқа шегеленіп өлтірілуге, алайда үшінші күні қайта тірілуге тиіс екенін Өзі алдын ала білдірген еді ғой», — деді.#24:7 9:22,44; 18:31-33; Жох 3:14; 12:32-33.
8Сонда Исаның айтқан сөздері олардың естеріне түсті. 9Қабірден қайтып келгенде олар бұл оқиғаны Оның он бір елшісі мен барлық басқа шәкірттеріне түгелдей хабарлады. 10Мұны елшілерге айтқан — мағдалалық Мәриям, Жоханна, Жақыптың шешесі Мәриям және олармен бірге болған басқа әйелдер еді.
11Бірақ елшілер бос сөз деп, олардың айтқандарына сенген жоқ. 12Ал Петір орнынан тұра сала қабірге жүгіріп барды. Ол үңгірдің ішіне еңкейіп қарағанда жерде жатқан кебінді ғана көрді де, болған оқиғаға таңғалып, қайта оралды.
Еммаусқа барар жолдағы ғажайып кездесу
13Тап сол күні шәкірттердің екеуі Иерусалимнен он бір шақырымдай#24:13 Немесе: Иерусалимнен алпыс стадион. («Стадион» 185 метрдей болатын.) қашықтықтағы Еммаус деген ауылға бара жатып, 14осы оқиғалар туралы әңгімелесті. 15Олар өзара сөйлесіп, пікір алысып бара жатқанда, Исаның Өзі жақындап келіп, екеуіне қосылды. 16Бірақ олар Оны тани алмады.#24:16 Немесе: Бірақ көздері байланып қалғандай, екеуі Оны тани алмады. (Мәсіх оларға басқа бір кейіпте көрінді: Мар 16:12.)
17— Сендер не туралы әңгімелесіп (қайғыланып) келе жатырсыңдар? — деп сұрады Ол. Олар тұнжырап тұрып қалды. 18Клеопа#24:18 Клеопа Исаның он екі елшісінің бірі емес, үлкенірек шәкірттер тобының ішіндегі біреуі болатын. Оның әйелі не қызы Исаның айқышына жақын жерде тұрған еді (Жох 19:25). есімді біреуі Оған:
— Иерусалимге келген, бірақ осы күндері онда не болғанынан еш хабары жоқ жалғыз Сіз шығарсыз? — деді. 19Иса:
— Не болған еді? — деп сұрады. Олар былай жауап берді:
— Назареттік Исамен болған нәрсені айтамыз. Ол Құдай алдында да, бүкіл халық алдында да сөзімен де, ісімен де құдіретті Пайғамбар болды. 20Алайда біздің басты діни қызметкерлер мен рубасыларымыз Оны өлімге кестіру үшін ұстап беріп, айқышқа шегелетіп өлтіртті. 21Ал біз, Исраил елін Құтқарушы — Сол деп үміттенген едік. Бұған қоса, барлық осы оқиғалардың болғанына бүгін үшінші күн.
22Бірақ арамызда жүрген бірнеше әйел бізді қатты таңғалдырды: олар ертемен қабірге барып, 23Оның мәйітін таппапты! Қайтып келгенде сол әйелдер көздеріне періштелердің көрініп, өздеріне: «Ол тірі!» дегендерін айтып берді.#24:23 24:4-9.
24Содан арамыздағы кейбір ер адамдар қабірге барып, оның әйелдер айтқандай бос екенін көріпті! Алайда олар Исаның Өзін көрген жоқ.#24:24 Жох 20:3-9. — 25Сонда Ол:
— Ей, түйсіксіз, жүрегі шеменденген#24:25 21:34. шабандарым-ай! Пайғамбарлардың алдын ала айтқандарының бәріне шын жүректен сенбегенсіңдер! 26Мәсіх Өзінің салтанатты ұлылығына енуінен бұрын осындай азаптарды көруге тиіс емес пе еді?! — деп, 27оларға Мұса мен бүкіл басқа пайғамбарлардан бастап, Киелі жазбалардың бәрінде Өзі туралы айтылғандарды түсіндірді.
28Олар бара жатқан ауылға жақындағанда, Иса тоқтамай жүре беретін сыңай танытты. 29Бірақ екі шәкірт:
— Бізбен бірге бола көріңіз! Күн кеш болды, көп ұзамай қараңғы түседі, — деп қадала өтінді. Сонда Ол үйге кіріп, екеуімен бірге қалды.
30Дастарқан басына бірге жайғасқан соң Иеміз Иса қолына нанды алып, шүкірлік етіп, үзіп берді. 31Сонда екі шәкірттің көздері ашылып, Оны таныды. Бірақ Ол кенеттен көздеріне көрінбей қалды.
32Олар біріне-бірі: «Ол жолшыбай бірге келе жатып, бізге Киелі жазбалардың мәнін ашып бергенде, жүректеріміз жалындап кеткен жоқ па еді?» — десті. 33Сол сәтте орындарынан тұрып, Иерусалимге қайтып, сонда жиналған он бір елшіні де, олардың қасындағы өзге сенушілерді де кездестірді. 34Олар:
— Иеміз шынында да қайта тіріліп, Шимонға көрінді! — деді. 35Ал ана екеуі жолда не болғанын және дастарқан басында нанды үзген кезінде өздерінің Иеміз Исаны қалай танығандарын айтып берді.
Иерусалимдегі үлкен топпен кездесу
36Екі шәкірт осыны айтып тұрғанда, Мәсіх Исаның Өзі жиналғандардың орталарына келіп, тұра қалды да, оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!»#24:36 Яки: «Ассалаумағалайкүм!» (Рут 2:4) — деп батасын берді. 37Шәкірттері қатты абыржып қорқып, елес көріп тұрмыз деп ойлады. 38Бірақ Иеміз: «Неліктен абыржып тұрсыңдар? Көңілдеріңде неге сондай ой туады? 39Қол-аяғыма қараңдар: бұл — Менің Өзім. Маған қол тигізіп денемнің шынайы екеніне көз жеткізіңдер! Елестің еті мен сүйегі болмайды ғой», — деді де, 40оларға Өзінің қол-аяғын көрсетті.#24:40 Жох 19:23-24; 20:25-27.
41Шәкірттері қуаныштан әлі де сенбей таңырқап тұрғанда, Мәсіх: «Жейтін бір нәрселерің бар ма?» — деп сұрады. 42Олар қуырылған балықтан бір үзіп берді. 43Иса оны алып, көздерінше жеді.
Мәсіхтің шәкірттеріне Ұлы аманат және уәде беріп, көкке көтеріліп кетуі
44Содан кейін Мәсіх Иса: «Сендермен бірге жүрген кезімде өздеріңе айтқан сөздерім мынау болатын: Мұсаның Таурат кітабында, Пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғандардың бәрі орындалуға тиіс, — деп, 45Киелі жазбаларды түсінуге олардың саналарын оятты. Тағы сөзін жалғастырып: — 46Былай деп жазылған ғой: Мәсіх азап шегіп өліп, үшінші күні қайта тірілуге тиіс. 47Оның атынан Иерусалимнен бастап барлық ұлттарға да теріс жолдан қайтқан адамдардың күнәларын Құдай кешіреді деген Ізгі хабарды жариялау да қажет.
48Сендер осы жайттарды өз көздеріңмен көрген куәгерлерсіңдер. 49Міне, Мен Әкем уәде еткен Киелі Рухын сендерге жіберемін. Ол көктен түсіп, сендерді Өзінің құдіретіне бөлегенше#24:49 Немесе: Әкем уәде Еткенді сендерге жіберемін: жоғарыдан түсетін сол құдіретке бөленгенше (11:13; 12:12; Жох 14:26; Елш 2:4). Иерусалимде болыңдар!» — деді.
50Мұнан соң Мәсіх сенушілерді қаладан шығарып, Бетанияның маңына#24:50 Яғни Зәйтүн тауының беткейіне (Мар 11:1). ертіп барды. Сол жерде қолын жайып оларға батасын берді. 51Батасын беріп тұрғанда олардан бөлініп, көкке көтеріліп кетті.#24:51 Жох 14:2; 16:5,7,16,28; Пат4 2:11.
52Сенушілер Мәсіхке тағзым етіп құрмет көрсетті, бұдан кейін зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды. 53Содан бастап ұдайы ғибадатханада болып, Құдайды мадақтап дәріптеп жүрді.#24:53 Елш 1:13-14. (Аумин)
Currently Selected:
Лұқа 24: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.