Марқа 10
10
Отбасы жайлы тәлім
1Иса сол жерден шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды. Қасына қайтадан халық жиналып, Иса Өзінің әдеті бойынша оларға тәлім берді. 2Бірнеше парызшылдар келіп, Исаны сынамақ болып:
— Күйеуінің әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды. 3Иса:
— Мұса пайғамбар#10:3 Яки: Құдай Мұса пайғамбар арқылы берген Таурат заңында (Заң 24:1-4). сендерге не бұйырған? — деп жауап қайырды.
4— Мұса пайғамбар күйеуінің арнайы қағазды жазып беріп, әйелімен ажырасуына рұқсат еткен ғой!#10:4 Заң 24:1. — деді олар. 5Сонда Иса былай деп жауап қатты:
— Мұса сендерге осы ережені жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола жазып қалдырған. 6Алайда жаратылыстың басталуында-ақ «Құдай адамды бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты».#10:6 Жар 1:27; 5:2. 7«Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, 8әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады»#10:8 Яки: әйеліне (ажырамастай берік) жабысады (жармасады), сөйтіп екеуі бір «тән» (жаңа бірлік) болады (Жар 2:24). (деп те Тауратта жазылған). Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас! 9Сонымен Құдай қосқандарды адам баласы ажыратпасын!
10Үйде шәкірттері Исадан бұл туралы тағы да сұрағанда, 11Ол:
— Кім әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады.#10:11 Яки: сол бұрынғы әйеліне қарсы опасыздық жасайды (10:7-9; Мат 5:31-32; 19:8-9). 12Егер әйел күйеуімен ажырасып, басқаға тисе, оның да неке адалдығын бұзғаны, — деп түсіндірді.
13Адамдар Исаға балаларын алып келіп, Одан соларға қолын тигізіп бата беруін өтінді. Бірақ шәкірттері (Исаны мазалағандары үшін) оларды сөкті. 14Мұны байқаған Иса наразы болып былай деді:
— Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған. 15Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды.#10:15 Яки: Кім Құдайдың басшылығына баладай кішіпейіл болып мойынсұнып сенбесе, оның игіліктерін көре алмайды (Мат 5:3-8; 18:3; 19:14; Лұқ 18:16-17). — 16Содан Иса балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата берді.
Байлықтың қаупі, ал Мәсіхтің жолындағы игіліктер
17Иса сапарға шыққанда, бір жігіт алдынан жүгіріп шығып, Оған тізесін бүгіп тағзым етті. Жігіт Исаға:
— Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу#10:17 Немесе: Мәңгілік өмірді мұра ету (Дан 12:13; Жыр 15:11). үшін не істеуім керек? — деген сұрақ қойды. 18Иса оған:
— Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес. 19Оның өсиеттерін білесің ғой: «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ешкімнің ақысын жеме; ата-анаңды сыйла!»#10:19 Мыс 20:12-16; Мат 19:18; Лұқ 18:20. — деді. 20Жігіт:
— Ұстаз, бұлардың бәрін де жастайымнан орындап келемін,#10:20 Жох1 1:8. — деп жауап берді. 21Иса оған қарап тұрып, сүйіспеншілікпен:
— Саған бір нәрсе жетіспейді: барып, қолыңдағы мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!#10:21 1:17; 8:4-38; Мат 19:21; Лұқ 18:22. — деді. 22Бұл сөзге жігіт еңсесі түсіп қапаланды да, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын.
23Иса айнала қарап, шәкірттеріне: «Мал-мүлікке бай адамдардың Құдайдың Патшалығына кіруі қандай қиын!» — деді. 24Оның айтқандарына шәкірттері абыржып, қайран қалды. Ал Иса тағы да:
— Жігіттер! (Байлықтарына сенгендер үшін) Құдайдың Патшалығына кіру қандай қиын! 25Байдың Құдайдың Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, — деп қосты. 26Шәкірттер аса қатты таңғалып, өзара:
— Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — десті. 27Иса оларға қарап:
— Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан келеді. Оның қолынан бәрі де келеді!#10:27 Бай адамдардың өз дәулетіне емес, Құдайға сенулерінің мысалдары (15:43; Елш 4:32-35; 8:27,34-39; 16:14; Флп 4:19). — деді. 28Петір Исаға:
— Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз, — дей бастап еді. 29Иса былай деп жауап қатты:
— Сендерге шындығын айтайын: үй-жайын, бауырларын,#10:29 Яки: аға-іні, апа-қарындас, сіңлісін. әке-шешесін, әйелін, бала-шағасын не жер-суын Маған және Ізгі хабарға бола қалдырған әркімге 30сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің өзінде де үй-жай, аға-іні, апа-қарындас (не әпке-сіңлі), әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады.#10:30 Құдай адамдарға ата-анасын сыйлап, үй ішіне қамқорлық жасауды бұйырған (Мат 19:19; Тім1 5:4,8). Ал егер сенуші Құдайдан ерекше тапсырма алып не сенімге қас адамдардан қудаланып ел-жұртынан қол үзуге мәжбүр болса, онда Құдай барлығын қамқорлығына алады, әрі сенушіге арнайы сыйын беретін болады (12:22-31; Лұқ 14:26; Жох 5:28-29).
31Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.#10:31 Мат 19:30; 20:16; Лұқ 13:30.
Мәсіхтің ізгілікті де азапты жолы
32Сол кезде олар Иерусалимге көтерілетін жолмен өрлеп бара жатты. Иса алдарында жүрді, ал шәкірттері абыржып, Оның соңынан ерген халық та қорқып келе жатты. Иса қайтадан он екі елшісін қасына шақырып алып, оларға (Өзінің басынан өткізетіндері туралы) айта бастады: 33«Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде біреу көктен келген Билеушіні#10:33 Яки: Билеуші ретінде көктен келген Мені («Адам Ұлын»). басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. 34Солар Оны мазақ етіп, бетіне түкіріп, қамшымен сабайды, ақырында өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»
35Сол кезде Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жохан Исаның қасына келіп:
— Ұстаз, Сізден бір өтінішіміз бар, соны орындасаңыз екен, — деді. Иса:
36— Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:
37— Сіз бұдан кейін салтанатты ұлылығыңызға ие болған кезде бірімізге оң, екіншімізге сол жағыңызға отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді. 38Иса оларға жауап беріп былай деді:
— Сендер не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішіп», (азапты) «шомылудан» өтпекпін! Ал сендер солай істей аласыңдар ма?#10:38 Немесе: Сендер Мен ішетін тостағаннан ішіп, Мен өтетін шомылудан өте аласыңдар ма? (Мұндағы «тостаған» мен «шомылу» Құдайдың адамзаттың күнәлары үшін Мәсіхке тартқызатын қаһарлы жазасын астарлап білдіреді: 14:36; Мат 3:11; Лұқ 12:50; Аян 16:1; 14:19-20; Жыр 74:9; Иш 53:5-6,12; Жүн 2:2-6.) — 39Екі шәкірт:
— Иә, істей аламыз,#10:39 Кейін Шимон Петір де солай ойлады (14:29). — дегенде, Иса:
— Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішіп, Мен өтетін «шомылудан» сендер де өтетін боласыңдар.#10:39 Мәсіхтің құрбандық өліміне шын жүректен сенетін әркім осы оқиғаны Мәсіхпен бірге басынан өткізген болып есептеледі (Ғал 2:20; Рим 6:3-4). 40Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады.
41Қалған он елші мұны естігенде Жақып пен Жоханға наразы болды. 42Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді:
— Билеушілері деп саналатындар қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. 43Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін! 44Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңе құл іспетті қызмет көрсете берсін!#10:44 9:35. 45Себебі Мен де#10:45 Яки: Себебі көктен келген Мен («Адам Ұлы»). Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізу үшін емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеп жанымды қию үшін#10:45 Мыс 12:3,6-7,12-13; Иш 44:22; 53:10; Мат 20:28; 26:28; 27:46,50; Пет1 1:18-19. осы дүниеге келдім.
Зағип Бартімейдің көзі ашылып, Исаға еруі
46Иса шәкірттерімен жол жүріп#10:46 10:32,41-42; Мат 20:29; Лұқ 18:35; сондағы түсініктемені де қараңыз. Иерихон қаласына жетті. Олар халықтың үлкен тобымен бірге қаладан шығып бара жатқанда, жол жиегінде бір соқыр адам қайыр сұрап отырған еді. Оның есімі Тімей ұлы Бартімей болатын. 47Бартімей өтіп бара жатқан Адамның назареттік Иса екенін естіп: «Дәуіттің Ұрпағы#10:47 10:52-дегі түсініктемені қараңыз. Иса, маған рақым ете көріңіз!» — деп айқайлай бастады. 48Көпшілігі оған ұрсып, үндемеуді бұйырды; бірақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуіттің Ұрпағы, маған рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды. 49Иса тоқтай қалып: «Шақырыңдар оны!» — деп бұйырды. Олар соқыр адамға: «Көтер еңсеңді, түрегел! Ол сені шақырып жатыр», — деді. 50Бартімей жамылғысын шеше ұшып тұрып, Исаға жетіп келді. 51Иса:
— Өзіңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады. Зағип:
— Ұстаз, көзімді көретін етсеңіз екен! — деп өтінді. 52Иса оған:
— Жүре бер, сен сенімің арқылы құтқарылдың,#10:52 Немесе: Сені сенімің құтқарды. (Бартімей Исаны ежелгі Дәуіт патшаның Ұрпағы деп атағанда Оның Құдай жіберген Мәсіх (Патша әрі Құтқарушы) екендігіне сенетінін білдірген еді: Еф 2:8; Мат 9:22.) — деді. Сол сәтте-ақ оның көзі ашылып, көретін болды! Содан Бартімей Исаға еріп жолға шықты.
Currently Selected:
Марқа 10: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.