YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 12

12
Зұлым жүзімшілер жайлы астарлы әңгіме
1Сонда Иса оларға астарлы әңгімелер айта бастап былай деді:
— Бір кісі жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып, күзет мұнарасын да салады.#12:1 Иш 5:1-2,7. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады. 2Мерзімі жеткенде бақтың иесі оның өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін жүзімшілерге бір қызметшісін жұмсайды. 3Бірақ олар қызметшіні ұстап алып, ұрып-соғып, құрқол қайтарып жібереді. 4Бақтың иесі өзге бір қызметшісін жұмсайды. Олар оның басын таспен ұрып жарақаттап, намысына тиіп қорлап, қуып жібереді. 5Қожайын тағы басқа біреуді жұмсаса, әлгілер оны өлтіріп тастайды. Содан кейін қожайын өзге де көптеген қызметшілерін жібереді, ал олар кейбіреулерін ұрып-соғып, басқаларын өлтіріп тастайды.
6Бақ иесінің жұмсайтын тағы бір адамы — өзінің сүйікті ұлы қалады. Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар»#12:6 (Жыр 2:10-12) Яки: Менің ұлымды құрметтеп, одан ұялар. — деп ойлап, оны да жұмсайды. 7Бірақ жүзімшілер өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады!» — деседі.#12:7 Жыр 2:2-3. 8Олар ұлды ұстап алып, өлтіріп, бақ сыртына лақтырып тастайды.
9Енді жүзімдіктің иесі не істемек? Ол келіп, жүзімшілерді өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ! 10Киелі жазбалардан мынаны оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас#12:10 Яки: Құрылысшылар керегі жоқ деп бас тартқан Тас. енді үйдің басты іргетасына#12:10 Яғни үй салғанда алдымен бір бұрышына орнатылып, қабырғалардың бағыттарын белгілейтін негізгі тасқа. (Құдай сол заманғы адамдар менсінбеген Исаны Құтқарушы Патша (Мәсіх) және Әлемнің Әміршісі болуға тағайындады: Флп 2:9-11; Пет2 2:1; Жыр 117:22-23.) айналды! 11Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!»
12Исаның өздері туралы астарлап айтқанын ұққан дінбасылар Оны тұтқындамақ болды. Алайда олар халықтан қорыққандықтан Исаны тастап, жөндеріне кетті.
Патшаға салық төлеу әрі қайта тірілу жайлы сауалдар
13Кейінірек басшылар Исаға бірнеше парызшылдарды және Иродтың жақтастарын#12:13 3:6. жіберді. Бұлар қитұрқы сұрақ қойып, Исаны өз сөзінен ұстауға тырысты. 14Осылай олар Исаға келіп, былай деді:
— Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Біреуге жағыну ниетінен аулақ болып, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, жұртты шынымен Құдайдың жолына үйретесіз. Ал енді, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па?#12:14 Яки: Құдай бұйырған Таурат заңына сай рұқсат етілген бе, жоқ па? (Көптеген яһудилер жалған тәңірлерге табынатын римдіктердің өз елдерін басқарып, салық төлеуді талап еткеніне қатты наразы болатын: Лұқ 20:22; Түсіндірмедегі «Салықшыны» да қараңыз.) Соларды өтеуіміз қажет пе, жоқ па?
15Бірақ бұлардың екіжүзділігін біле қойған Иса:
— Мені азғырып, сынамақсыңдар, ә? Бір күміс теңгені алып келіңдерші, көрейін, — деді. 16Олар біреуін әкеліп берді. Иса:
— Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. Олар:
— Рим патшасынікі, — деп жауап берді. 17Сонда Иса:
— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады. Әлгілер Исаға таңданып қайран қалды.
18Саддукейлер#12:18 Яки: садықшылдар (Мат 22:23; Лұқ 20:27; Елш 23:6-8; Түсіндірмені де қараңыз). өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
19— Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге мынадай бұйрық жазып қалдырған: Егер біреудің үйленген бауыры артынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесіріне үйленіп,#12:19 Яки: жесіріне әмеңгер болып (Заң 25:5; Рут 4:5). марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын! 20Бірде ағайынды жеті жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, артынан бала қалдырмай өлді. 21Жесіріне екіншісі үйленіп, ол да артынан бала қалдырмай бұ дүниеден өтті. Үшіншісімен де солай болды. 22Сол әйелге жетеуі де үйленіп, бала қалдырмай өлді. Ақыры бәрінің соңынан әйелдің өзі де көз жұмды. 23Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел қайсысынікі болады? Ол жетеуінің де әйелі болған еді ғой!
24Иса оларға былай деп жауап қайырды:
— Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер, солай емес пе? 25Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі періштелер іспетті болады.#12:25 Лұқ 20:35-36; Қор1 15:42-54.
26Ал өлгендердің тірілуі жайында Мұса пайғамбардың қалдырып кеткен Таурат кітабындағы тікенді бұта туралы бөлімді оқымап па едіңдер? (Ыбырайым, Ысқақ және Жақып дүние салғаннан көп жыл өткен соң) Құдай Мұсаға былай деді: «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын».#12:26 Мыс 3:6. 27Ол — өлілердің емес, тірілердің Құдайы! Демек, мүлдем жаңылып тұрсыңдар!#12:27 Егер ежелде қайтыс болған сенушілер о дүниеде тірі болмаса, онда Құдай «Кезінде Маған сенуші болған Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дер еді.
Құдайдың басты өсиеті жайлы сұрақ
28Бір дін мұғалімі жақындап келіп, олардың айтысып жатқандарын тыңдап тұрған еді. Исаның жақсы жауап бергеніне көзі жетіп, Оған:
— (Таураттағы) өсиеттердің ең бастысы қайсысы? — деген сұрақ қойды. 29Иса оған былай деп жауап берді:
— Бәрінің ең бастысы мынау: «Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Иеміз! 30Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!»#12:30 12:32-33; Заң 6:4-5; 4:35; Иш 45:21. Бұл — басты өсиет. 31Ал екіншісі (де сол сияқты): «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды#12:31 (Мат 22:39; Лұқ 10:25-37; Леу 19:18) Яки: басқаларды, яғни өмір жолыңда Құдай өзіңе кездестірген жандарды. да солай сүй!» Бұлардан жоғары өсиет жоқ. — 32Сонда дін мұғалімі Исаға былай деді:
— Сіздікі дұрыс, Ұстаз! «Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ» деп шындығын айттыңыз. 33Оны шын жүректен, барлық ақыл-оймен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатпен сүю әрі маңайындағы адамды өзіндей сүю Құдайға арналған құрбандықтар#12:33 Яки: Құдайға арнап шалынып, өртелген құрбандықтар. мен басқа да сый-тартулардың бәрінен де жоғары.#12:33 Пат1 15:22; Ош 6:6; Мих 6:6-8.34Иса сол дін мұғалімінің парасатты жауап бергенін көргенде оған:
— Құдайдың Патшалығынан алыс емес екенсің, — деді.
Бұдан кейін Исаға сұрақ қоюға ешкімнің батылы бармады.
Мәсіхтің шынайы болмысы туралы
35Иса ғибадатханада тәлімін жалғастырғанда сондағы адамдарға былай деп сұрақ қойды:
— Дін мұғалімдерінің Мәсіхті «Дәуіттің Ұрпағы» деулері қалай? 36Дәуіттің өзі Киелі Рухтың жетелеуімен: «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.#12:36 Жыр 109:1; Елш 2:34-35.
37Сонымен, Дәуіттің өзі Мәсіхті «Ием» деп атаған соң, қалайша Мәсіх Дәуіттің Ұрпағы ғана болады?#12:37 Яки: қалайша Ол «Дәуіттің Ұлы» ғана болады? (Шынында Мәсіх — көктен келген Билеуші әрі Құдайдың рухани Ұлы: 2:10,28; 1:1; 14:61-62; 16:19.)
Дін мұғалімдерінің өзімшілдігі, ал бейшара жесірдің Құдайға адалдығы
Жиналған көпшілік Исаны сүйсіне тыңдады. 38Ол соларға тағы былай деп тәлім берді:
— Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп, базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетуін жақсы көреді. 39Олар, сондай-ақ, мәжілісханаларда#12:39 1:21. сыйлы орында отыруды әрі қонақасыларда төрге жайғасуды ұнатады. 40Сонымен қатар олар жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ сиынып мінажат етеді. Бұлар бәрінен бетер қатаң жазаланатын болады-ау!
41Содан кейін Иса құдайы сыйлықтарға арналған сандықтардың қарсы бетіне отырып, жұрттың оған қалай ақша салғанын бақылады. Көптеген байлар молынан салды. 42Ал келген бір бейшара жесір әйел жалпы құны төрт тиындық екі бақырды салды. 43Сонда Иса шәкірттерін қасына шақырып алып: «Сендерге шындығын айтамын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды! 44Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді»,#12:44 10:21-22; 8:35-37. — деді.

Currently Selected:

Марқа 12: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in