YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 13

13
Ғибадатхананың қиратылатыны әрі сенушілердің қудалануы жайлы
1Иса ғибадатханадан шыққанда, шәкірттерінің бірі Оған:
— Ұстаз, қараңызшы: тастар қалай әшекейленген, ғимараттар қандай тамаша! — деді. 2Ал Иса оған:
— Мына зәулім ғимараттарды көріп тұрсың ғой? Бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды. 3Кейінірек Иса Зәйтүн тауының ғибадатханаға қарама-қарсы беткейінде#13:3 Зәйтүн тауы: Иерусалим қаласының шығысында. Ол — Қидрон сайының (Жох 18:1) арғы жағындағы жота, қырат (11:1). отырғанда, Петір, Жақып, Жохан және Әндір Оған оңашада мына сұрақты қойды:
4— Бізге айтыңызшы: бұл қашан болады? Осының бәрінің іске асатын кезін қандай белгі білдірмек?#13:4 Яки: кезін қандай ерекше оқиға не құбылыс алдын ала білдірмек?5Иса оларға жауап беріп былай деді:
— Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін! 6Себебі көп кісілер Менің атымды жамылып келіп: «(Құтқарушы Мәсіх) Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады. 7Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы естігенде, зәрелерің ұшпасын! Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес. 8Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде жер сілкіністер мен ашаршылық (және дүрлігіс) болады. Бұлар тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті.#13:8 Немесе: Бұл — «толғақ азабының» бастамасы. (Мәсіхтің қайтып келуімен жаңа дәуір басталмақ. Сол дәуір тумас бұрын толғақ іспетті азапты кезең болуға тиіс: Мат 24:8; Рим 8:22.)
9Өздеріңе сақ болыңдар! Жұрт сендерді соттарға ұстап беріп,#13:9 Немесе: сендерді (жергілікті) кеңестерге ұстап беріп. мәжілісханаларда дүре соғатын болады. Менің жолыма түскендеріңе бола әміршілер мен патшалар алдына да апарыласыңдар. Осылайша солардың алдында Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар.#13:9 Яки: солардың алдында Ізгі хабар туралы куәлік бересіңдер.
10Осы заманның ақыры болмастан бұрын Ізгі хабар барлық ұлттарға да уағыздалуға тиіс.#13:10 16:15; Мат 24:14; 28:19-20; Елш 1:8.
11Адамдар сендерді сотқа апарып, ұстап бергенде, не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Сол сәтте ауыздарыңа салынған сөздерді айтыңдар! Осылай өздерің емес, сендер арқылы Киелі Рух сөйлейтін болады.#13:11 Пат2 23:2; Елш 6:10; 7:55; Қор1 2:13. 12Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап береді, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді. 13Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.#13:13 Мат 10:22; 24:13; Лұқ 21:19,28; Аян 2:10-11.
14Бір кезде сендер (Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, Құдайдың киелі үйін) арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің тұрмауға тиісті орында тұрғанын#13:14 Яки: (киелі үйді) арамдайтын жалған тәңірдің бейнесінің киелі үйдің ең қасиетті бөлімінде орнатылғанын (Дан 9:27; 11:31; 12:11). көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім соның мәнісін ұғып алсын! — Сонда Яһудея аймағында тұратындар дереу тауларға қашып құтылсын! 15Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса,#13:15 Сол өлкедегі үйлердің төбесі жалпақ, демалуға ыңғайлы (2:4; Елш 10:9). сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, бірден қашып құтылсын! 16Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтпастан, дереу қашып кетсін!
17Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! 18Бұл кез қыс мезгілі болмасын деп Құдайдан сұраңдар. 19Себебі сол күндері жаратылыс басталғаннан бері күні бүгінге дейін ешқашан болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі. 20Егер де Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған.
21Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар! 22Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады. 23Ал өздерің сақ болыңдар! Мен сендерге барлығын да алдын ала айтып тұрмын.
Мәсіхтің көктен қайтып келуіне дайын болу қажет
24Бірақ сол күндері, сол бір қиын-қыстау кезеңнен кейін күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайтын болады. 25Жұлдыздар аспаннан құлап түсіп, аспан күштері шайқалады.#13:25 Немесе: аспан денелері шайқалады (Иш 13:10; 34:4-5).
26Сонда адамдар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттарда көктен келе жатқанымды көреді.#13:26 (8:28; Дан 7:13; Мат 16:27; Аян 1:7) Немесе: Сонда адамдар Құдай тағайындаған Билеушінің («Адам Ұлының») ғаламат құдіретпен... келе жатқанын көреді. 27Мен періштелерімді жіберіп, әлемнің о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан#13:27 Немесе: періштелерімді жіберіп, жел соғатын төрт жақтан, жердің шетінен бастап аспанның шетіне дейін (Жыр 138:8-10; Зәк 2:6). Өзімнің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін боламын.
28Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер. 29Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болғанын көргенде Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде таяп,#13:29 (Мат 24:33; Лұқ 21:31) Немесе: көргенде бұл заманның ақырының таяп. есік алдына келіп қалғанымды білетін боласыңдар.
30Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады. 31Аспан мен жер жойылатын болады,#13:31 Пет1 3:7,10; Аян 21:1. бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды.
32Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатынын ешкім білмейді. Бұл жайт көктегі періштелерге де, Құдайдың рухани Ұлына#13:32 1:1; сол аятқа берілген түсініктемені де қараңыз. да белгілі емес, жалғыз Оның Әкесіне ғана мәлім. 33Ұдайы сақ та сергек болыңдар (әрі Құдайға сиыныңдар), себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер.
34Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында үй-жайын басқаруды қол астындағы қызметшілеріне аманаттайды. Әрқайсысына атқаратын жұмыстарын үлестіріп беріп, қақпашыға сергек күзетуін тапсырады. 35Сондықтан сергек болыңдар! Үй иесінің қашан келетінін: кешке ме, түн ортасында ма, әтеш шақырған кезде ме, әлде таң ата ма, қызметшілері білмейді. (Сондай-ақ, сендер де Менің қашан қайтып келетінімді білмейсіңдер.)
36Кенеттен келе қалған кезімде рухани ұйықтап жатпаңдар! 37Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!

Currently Selected:

Марқа 13: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Марқа 13