YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 23

23
1Содан кейін олардың барлығы орындарынан тұрып, Исаны Пилатқа алып барды.
2Сол жерде олар: -Біз Мынаның халқымызды азғырып, Рим патшасына алым-салық төлеуге кедергі жасағанын, Өзін Мәсіх Патшамын деп айтып жүргенін анықтадық, -деп Исаны айыптай бастады.
3Пилат Исадан: -Сен яһудейлердің Патшасысың ба? -деп сұрады. -Сен өзің осылай айтып тұрсың, -деп Иса оған жауап қайырды.
4Сонда Пилат бірінші бас қызметкерлер мен сол жердегі халыққа: -Мен Мына Адамнан ешқандай кінә таппай тұрмын, - деді.
5Бірақ олар: -Ол бүкіл Яһудея мен сонау Ғалилеядан бастап осы жерге дейінгі халықтардың арасында Өзінің тәлімімен дүрбелең тудырып, оларды соған үйретіп жүр, - деп тұрып алды.
6Мұны естіген Пилат: -Сонда бұл адам Ғалилеялық па? - деп сұрады.
7Сөйтіп, Исаның Иродтың билігіне жататын аймақтан шыққанын білгеннен кейін, Пилат Оны сол күндері Иерусалимде жүрген Иродқа жіберді.
8Ирод Исаны көргеніне қатты қуанды, өйткені ол Иса жайында естіп, Оны талайдан бері көргісі келіп, Оның жасаған кереметтерін де көруге құмартып жүрген болатын.
9Ирод Исаға көптеген сұрақтар қойды, алайда Иса оның ешқайсысына да жауап берген жоқ.
10Бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер сол жерде тұрып, Оны барынша айыптады.
11Иродтың өзі де әскерімен бірге Исаны қорлап, Оның мазақтап, Оның үстіне алқызыл ашық түсті киім кигізіп, Оны қайтадан Пилаттың өзіне жіберді.
12Бір қызығы, Осы уақытқа дейін бір-бірімен жауласып келген Пилат пен Ирод сол күні дос бола қалады.
13Пилат бірінші бас қызметкерлер мен басшыларды және халықты өзіне шақырып алып, оларға былай дейді:
14-Сендер Мына Адам халықты азғырып жүр деп, Оны менің алдыма алып келдіңдер. Міне, мен Оның ісін сендердің көз алдарыңда қарап, зерттеп, Оған қарсы тағылған кінәнің ешқайсысын бұл адамнан таба алмадым.
15Сонымен қатар, Иродтың өзі де Одан еш нәрсе таппаған соң, Оны бізге қайтадан жіберіп отыр. Өйткені Оның істеген ісінен Оны өлім жазасына кесетіндей еш нәрсе табылмады.
16Сондықтан Оны тек жазалап, содан кейін босатып жіберемін, - деді.
17* Ал оның мейрамға қарсы абақтыда отырған бір тұтқынды босатып жіберетін әдеті болатын. (кейбір жерлерде осы аят жоқ)
18Алайда сол жерде тұрғандардың барлығы: -Мынаны алып кет! Бізге анау Бараббаны босатып бер! -деп айғайлап тұрып алды.
19Ал Барабба деген адам қалада бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін, абақтыға түскен болатын.
20Пилат Исаны босатып жібергісі келіп, оларға тағы да даусын көтеріп, сөйлей бастағанда:
21-Оны айқышқа шегеле! Оны айқышқа шегеле! -деп олар қатты айғайлап қоймады.
22Сол кезде Пилат олардан үшінші рет сұрады: -Мынау сонда қандай зұлымдық істеді? Мен Оны өлім жазасына кесетіндей ешбір кінә таппай тұрмын, сондықтан Оны тек жазалап, босатып жіберемін, - деді.
23Ал Олар одан бетер қатты айғайлап, Оның айқышқа шегеленуін талап етіп тұрып алды. Ақырында олар өздерінің айғайымен дегендеріне жетті.
24Олардың бұл талаптарын жүзеге асыру үшін, Пилат шешім қабылдады.
25Оларға бүлік шығарып әрі адам өлтіргені үшін абақтыға жабылған адамды босатып береді де, Исаны олардың талабына сай жазаға тартады.
26Олар Исаны алып бара жатып, өзінің егістік жерінен келе жатқан киринеялық Шимон деген біреуді ұстап алып, Исаның айқышын арқалатады да, оны Исаның соңынан жүргізіп қояды.
27Олардың соңынан көптеген халық және әйелдер еріп отырды, олар Оған жоқтау айтып, еңіреп жылап келе жатты.
28Сонда Иса оларға бұрылып: -Иерусалимнің қыздары, Мен үшін қайғырып, жыламаңдар, тек өздерің мен балаларың үшін жылаңдар.
29Бедеу, бала көтермеген және бала емізбеген әйелдер бақытты!» - деп айтылатын күндер туады.
30Сол кезде адамдар тауларға: «Біздің үстімізге құлаңдар!» -деп, ал төбелерге: «Бізді жаба тұрыңдаршы!» -деп айтатын болады,
31өйткені жасыл желектей болған ағашқа осылай істеп жатса, онда қураған ағашпен не болмақ? - деді.
32Исамен бірге өлім жазасына кесілген екі қарақшыны да қоса алып жүрді.
33Сонымен, олар Маңдайтөбе (Бас сүйек) деп аталатын жерге келген соң, Исаны айқышқа шегеледі, әлгі екі қарақшының біреуін Оның оң жағына, екіншісін Оның сол жағына айқышқа шегелеп, іліп қойды.
34Сол кезде Иса: -Әке, олардың осы істеп жатқан істерін кешіре гөр, өйткені олар не істеп жатқандарын білмейді, -деді. Сарбаздар өзара жеребе тастап, оның киімдерін бөлісумен болды.
35Халық осының бәрін көріп тұрды. Басшылар Оны мазақтап: -Басқаларды құтқарып алды! Егер де Ол Құдай таңдап алған Мәсіх болса, енді Ол Өзін-Өзі құтқарып алсын! - деп кекетті.
36Сарбаздар да Оны мазақтап, Исаның қасына барып, Оған сірке суы ұсынып тұрып:
37-Егер де Сен яһудейлердің Патшасы болсаң, онда Өзіңді-Өзің құтқарып алшы! - деп келекеледі.
38Өйткені Оның бас жағына: «Бұл-яһудилердің Патшасы», -деген жазу жазып қойған еді.
39Онымен бірге айқышқа шегеленген қарақшының біреуі де Оған тіл тигізіп: -Сен Мәсіх емессің бе? Өзіңді де, бізді де құтқарсаңшы! - деді.
40Сонда екіншісі оған жауап қатып, әлгіні сөгіп: -Сен Құдайдан қорықпайсың ба? Сен де осы үкімге кесілдің емес пе?
41Біз өзіміздің істеген істерімізге лайықты болғандықтан, жазаланып тұрмыз, ал Ол ешбір жамандық істеген жоқ, -деді.
42Осыдан кейін ол: -Иса, Өз Патшалығыңа барғанда, мені есіңе алшы, - деді.
43Иса оған: -Саған шындықты айтып тұрмын, сен бүгін Менімен бірге жұмақта боласың, - деді.
44Сол уақыт шамамен күндізгі сағат алтының кезі болатын, содан сағат тоғызға дейін, бүкіл жерді қара түнек басып,
45күн де жоғалып кетті, киелі бөлменің шымылдығы ортасынан төмен қарай қақ айырылды.
46Сол кезде Иса қатты айғайлап: -Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын! -деді. Осылай деген соң, Ол жан тапсырды.
47Осыны көріп тұрған жүзбасы Құдайды мадақтап: -Мына Адам, шынымен, әділетті болған екен! - деді.
48Осы өлім жазасын көруге жиналған бүкіл халық болған жағдайдан соң, өкініштен кеуделерін ұрғылап, үйлеріне қайтып жатты.
49Исаның таныстарының бәрі және Ғалилея жақтан Оның артынан еріп келген әйелдер де осы болып жатқан жағдайды алыстан қарап тұрды.
50Міне, сол жерде Жүсіп есімді бір ер адам болды. Ол сол кездегі кеңесшілер алқасының мүшесі еді, өзі адал әрі әділетті адам болатын.
51Негізі, ол кеңесшілер алқасының кеңесімен де, олардың істерімен де келіспеген. Ол Құдай патшалығын күтіп жүрді және яһудейлердің Араметия деп аталатын қаласында тұратын.
52Осы адам Пилатқа барып, Исаның денесін одан сұрап алды.
53Оны айқыштан түсіріп алып, Оны жұқа матамен орап, әлі ешкімнің денесі жерленбеген, жартастан ойып жасалған бір қабірге апарып қойды.
54Бұл сол дайындық күні, яғни сенбінің таңы атып келе жатқан кез болатын.
55Исаның соңынан сонау Ғалилея жақтан еріп келген әйелдер де Жүсіптің артынан еріп, Исаның денесінің қайда қойылғанын көрді.
56Олар сол жақтан қайтып келген соң, жұпар иісті заттар мен Исаның денесіне жағатын мүр майын дайындап қойды, себебі сенбі күні Таурат заңының өсиетіне сай, оларда демалыс болатын.

Currently Selected:

Лұқа 23: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in