YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 9

9
1Иса он екі шәкіртін Өзіне шақырып алып, оларға барлық жындарды қуып шығаратын және аурулардан сауықтыратын билік пен күш берді.
2Оларды Құдайдың патшалығы туралы уағыздап, әлсіздерді сауықтыруға жіберіп тұрып:
3-Жолға еш нәрсе: не таяқ, не қоржын, не нан, не ақша алмаңдар және көйлектерің де екеу болмасын, -деді оларға.
4Қай үйге кірсеңдер, сол үйде қалып, жолға сол жерден шығып кетіңдер.
5Сендерді кейбір жерде қабылдамайтын болса, қаладан шыққан соң, оларға куәлік болу үшін, сол жерге аяқтарыңның шаңын қағып тастаңдар, - деді.
6Осыдан кейін Оның шәкірттері жолға шығып, ауылдарға барып Ізгі хабар таратып, барған жерлерінде адамдардың бәрін сауықтырып жүрді.
7Төрт аймақтың бір бөлігінің басқарушысы болып жүрген Ирод осы болып жатқан оқиғалар жайында естіген кезде аң-таң күйде болды. Өйткені біреулер оған Жақия өлімнен қайта тіріліпті десе,
8кейбіреулері бұл көрініп жүрген Ілияс екен десті, ал басқалары бұл ертеректе болған бір пайғамбар екендігін, соның қайта тірілгендігін айтып жүрді.
9Ал Иродтың өзі: «Мен Жақияның басын шаптырып тастадым, ал енді мен естіп жүрген мына Адам Кім болды екен?» -деген ойда жүрді. Сөйтіп, Иродтың өзі Оны көргісі келіп іздеді.
10Қайтып оралған елшілер өздерінің соншама істеген істері жайында Исаға айтып берді. Осыдан кейін Иса оларды ертіп алып, Бетсайда деген қалаға өздері оңаша кетіп қалды.
11Алайда халық бұл туралы біліп қойып, олардың соңынан ілесті. Сонда Иса оларды жылы қабылдап, Құдайдың патшалығы жайында айтып берді. Ал сауығуға мұқтаж болып жүргендерді сауықтырды.
12Күн батып, кеш түсе бастағанда, Исаға он екі шәкірті келіп: -Біз тұрған жер айдала, сондықтан халықты таратып жібер, олар жақын арадағы ауылдарға барып түнеп, өздері жейтін тамақтарын тауып алсын, - деді.
13Сонда Иса шәкірттеріне: -Оларға жейтін тамақты мына сендер беріңдер, -деді. Ал олар: -Бізде бес нан мен екі балықтан басқа еш нәрсе жоқ. Осы халықтың бәріне тамақ сатып алу үшін бізге баруға тура келеді, - деді.
14Сол жерде шамамен бес мыңға жуық ер адам бар еді. Сонда Иса Өзінің шәкірттеріне: -Шамамен елу -елуден топ-топқа бөліп, олардың барлығын отырғыза беріңдер, -деді.
15Сонымен, оларға қалай айтылған болса, бәрін солай орналастырып, отырғызып қойды.
16Содан кейін Иса бес нан мен екі балықты алды да, көкке қарап, батасын берді. Нан мен балықты халыққа таратып беруі үшін үзіп-үзіп шәкірттеріне берді.
17Бәрі жеп тойып алған соң, олардан қалған қалдықтарды жинағанда, он екі себетке толды.
18Бірде Иса Өзі оңашада жалғыз мінәжат етіп отырды, ал шәкірттері қасында болатын. Сонда Иса шәкірттерінен: -Халықтың арасында Мен туралы не айтылып жүр? -деп сұрады.
19Сонда шәкірттері Исаға былай жауап берді: -Біреулер суға батырып шомылдырушы Жақия десе, енді біреулері Ілияс пайғамбар дейді, ал басқалары ежелгі бір пайғамбар тіріліп келіпті деп жүр.
20Осыдан кейін Иса олардың өздерінен: -Ал сендер Мені Кім деп жүрсіңдер? -деп сұрады. Сол кезде Петр: - Сен Құдай жіберген Мәсіхсің, - деп жауап берді.
21Сонда Иса оларға мұны ешкімге айтпауын бұйырып:
22-Адам Ұлы көптеген қиыншылықты басынан өткізіп, ақсақалдар мен бас қызметкерлер жағынан және Таурат заңын зерттеушілер тарапынан қабылданбай өлтіріледі, алайда Ол үшінші күні өлімнен қайта тіріледі, - деді.
23Сонымен қатар олардың бәріне: -Егер кімде-кім Менің артымнан еріп жүрем десе, сол өз-өзінен бас тартсын әрі өз айқышын өзі күнде арқалап, Менің соңымнан еретін болсын, - деді.
24Өйткені кім өзінің жанын құтқарып қалғысы келсе, ол соны құртады, ал кім өз жанын Мен үшін құртатын болса, онда ол оны сақтап қалады.
25Егер де адам осы әлемнің бәріне иелік етіп, ал өзін-өзі құртып немесе залал келтірсе, одан ол қандай пайда табады?
26Сондықтан кімде-кім Менен және Менің сөзімнен ұялатын болса, онда Адам Ұлы да Өзінің және Әкесінің даңқына бөленіп, киелі періштелерімен келген кезде Ол да одан ұялатын болады.
27Сендерге шындықты айтайын: осында тұрғандардың кейбіреулері Құдай патшалығын көрмей, өлімнің дәмін де татпайды, - деді.
28Осы сөздер айтылғаннан кейін шамамен сегіз күндей уақыт өтті, сонда Иса Петрді, Жоханды және Жақыпты ертіп алып, мінәжат ету үшін тауға шықты.
29Ол мінәжат ете бастағанда Оның бет-жүзі өзгеріп, ал Оның киімдері жарқырап аппақ болып кетті.
30Міне, сол кезде екі ер адам Онымен сөйлесіп тұрды, олардың бірі - Мұса, ал екіншісі Ілияс болатын.
31Олар өздерінің даңққа бөленгендерін ашық көрсетті, сонда олар Исаның көздеген мақсатының Иерусалимде орындалатыны туралы және Оның кері қайтар жолы жайында сөйлесіп тұрды.
32Міне, сол кезде Петрдің және онымен бірге болғандардың көздерін ұйқы басты, ал оянған кездерінде Исаның даңққа бөленген сәтін және Исаның қасында тұрған әлгі екі ер адамды көрді.
33Ал олар Исадан алыстап кеткен кезде, Петр Исаға: -Ұстаз, біздің осында болғанымыз жақсы болды, енді осында үш шатыр тұрғызайық, біреуін-Саған, бірін -Мұсаға, ал біреуін Ілиясқа, -деді. Алайда оның өзі сол кезде не айтып тұрғанын түсінген де жоқ.
34Петр осыны айтып тұрған кезде, бір бұлт пайда болып, өзінің көлеңкесімен оларды жаба бастады, олар бұлттың астына кірген кезде оларды қорқыныш биледі.
35Сол кезде бұлттың ішінен: -Бұл-Менің таңдап алған Ұлым, Оны тыңдаңдар! - деген дауыс шықты.
36Осы дауыстан кейін Иса жалғыз қалды. Сол күні Оның шәкірттері өздерінің осы көргендері жайлы үн қатпады әрі ешкімге еш нәрсе айтқан жоқ.
37Келесі күні олар таудан түскен сәтте, бір топ халыққа кездесті.
38Сол халықтың арасынан бір ер адам айғайлап тұрып: -Ұстаз, Сенен жалынып сұраймын, менің баламды қарап берші! Ол-менің жалғыз ұлым.
39Оны бір рух келіп басып алады да, аяқ астынан шыңғыртады және оның аузынан ақ көбік ағып, құрыстырып, содан кейін оны әрең босатады.
40Мен сенің шәкірттеріңнен оны қуып шығаруын сұрап жалынған едім, бірақ олар соны істей алмады, - деді.
41Сонда Иса: -Ой, сенімсіз, бұзылған ұрпақ, қашанға дейін сендермен бірге болмақпын? Қашанға дейін төзуге тиіспін? Ұлыңды алып кел, - деді.
42Бала Исаға жақындай бергенде, сайтан оны жерге алып ұрды да, құрыстырып тастады. Сонда Иса таза емес рухқа тыйым салып, баланы сауықтырып, оны әкесіне табыс етті.
43Сонда болғандардың бәрі Құдайдың Ұлы құдіретіне таңғалды. Осылай бәрі Исаның істеген істеріне таңырқап жатқанда, Иса Өзінің шәкірттеріне:
44-Сендер мына сөзге құлақ түріңдер: -Міне, Адамның Ұлын адамдардың қолына ұстап беру үшін, дайындық жүріп жатыр, - деді.
45Бірақ олар бұл сөзді түсінген жоқ, өйткені бұл сөздің мәні олар үшін жабық болғандықтан түсінбеді, ал сөздің мәнін Исадан сұрауға олар қорықты.
46Олардың арасында: «Қайсымыз үлкенбіз?» -деген ой туындады.
47Олардың жүректерінде осы ойдың тұрғанын білген Иса бір баланы жетектеп әкеліп, Өзінің қасына тұрғызып қойды да:
48-Егер де кімде-кім Менің атымнан мына баланы қабылдайтын болса, -деді Иса, -онда ол Мені де қабылдайды. Кім Мені қабылдаса, онда ол Мені жібергенді де қабылдайды. Өйткені сендердің бәріңнен қайсың кіші болатын болса, сол үлкен болады, - деді.
49Сол кезде Жохан Исаға: -Ұстаз, біз Сенің атыңды пайдаланып, жындарды қуып жүрген біреуді көрдік, ол бізге еріп жүрмегендіктен, біз оған тыйым салдық, -деді.
50-Тыйым салушы болмаңдар, -деді Иса оларға, -өйткені кім сендерге қарсы болмаса, сол сендердің жақтастарың болады.
51Исаның көкке көтерілетін күні жақындап қалған кезде, Ол Иерусалимге бару туралы шешім қабылдады.
52Сол жаққа Өзінен бұрын хабаршыларды жіберді. Олар кетіп бара жатып, Исаға орын дайындау үшін самариялықтардың аулына кіреді.
53Алайда самариялықтар Оны қабылдаған жоқ, өйткені олар Оны өз бетімен Иерусалимге кетіп бара жатқан жолаушы деп ойлады.
54Осыны көрген Исаның шәкірттері Жохан мен Жақып: -Ием, біз көктен от түсіп, оларды құртып жіберсін деп айтсақ, қалай қарайсың? - деді
55Иса оларға бұрылып, тыйым салды.
56Осыдан кейін олар басқа ауылға кетті.
57Олар жолда келе жатқанда, бір адам Исаға: -Сен қайда барсаң да, Мен Сенің соңыңнан еремін, - деді.
58Сонда Иса оған: -Түлкінің іні бар, аспандағы құстардың ұясы бар, ал Адам Баласының бас тірейтін жері де жоқ, - деді.
59Содан кейін Иса басқа біреуге: -Менің соңымнан ер, - деді. Бірақ ол: -Ием, мен, ең алдымен, әкемді барып жерлеп келейін, соған рұқсат берші, - деді.
60Иса оған: -Оны өлілерге қалдыр, өлгендерді өлілердің өздері жерлесін, сен бар да, Құдай Патшалығын уағызда, - деді.
61Сонда тағы басқа біреуі: -Ием, мен Сенің артыңнан еремін, алдымен, үйімдегілермен қоштасып келейін, соған рұқсат берші, - деді.
62Сол кезде Иса оған: -Кім соқаны ұстап тұрып, артына қарай беретін болса, сол адам Құдай патшалығына жарамайды, - деді.

Currently Selected:

Лұқа 9: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in