Жаратылыстың баст. 13
13
Ыбырам мен Луттың бір-бірінен бөлініп кетуі
1Сонымен Ыбырам әйелімен, барлық иелігімен және қасындағы немере інісі Лутпен бірге Мысырдан көшіп кетіп, Қанаханның оңтүстігіндегі Негев аймағына қарай өрлеп барды. 2Ыбырам малға, күміс пен алтынға өте бай болатын.
3Кейін Ыбырам оңтүстік аймақтан шығып, Бетелге бағыт алып, жер-жерді аралап көшіп-қонып жүрді. Осылайша ол Бетел мен Айдың ортасында орналасқан, өзі алғаш шатыр тігіп, 4құрбандық беретін орын тұрғызған жерге#13:4 12:8. жетті. Сол жерде Ыбырам Жаратқан Иеге қайтадан сиынып тағзым ететін болды.
5Ыбыраммен бірге көшіп-қонып жүрген Луттың да ірілі-ұсақты малдары және шатырлары болды. 6Екеуінің мал-мүліктері көбейіп кеткендіктен бір орынға қоныстануларына жер аздық жасап, олар енді бір жерде бірге тұра алмады. 7Сол себепті Ыбырам мен Луттың малшыларының арасында дау-жанжал туа бастады. Бұның үстіне сол кезде қанахандық және перездік тайпалар да осы елді мекендейтін.
8Сонда Ыбырам Лутқа: «Екеу ара, сондай-ақ малшыларымыздың арасында да дау-жанжал туғызбай-ақ қояйық, ағайынды адамдармыз ғой. 9Бір-бірімізден бөлінейік. Қалаған жеріңді таңдап ал: сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа, сен оң жақты қаласаң, мен сол жаққа кетейін», — деп ұсыныс жасады.
10Лут айналасына көз тастап, бүкіл Иордан өзені аңғарының Сиғорға дейін сулы жер екенін көрді. Себебі бұрын сол жердің суы мол болып, Жаратқан Иенің пейіш бағына#13:10 2:8-14. және Ніл бойындағы Мысыр еліне ұқсайтын. Бұл Жаратқан Ие Содом мен Ғомора қалаларын құртпай тұрғандағы кез еді.#13:10 13:13; 19:12-13,17-29. 11Сонымен Лут өзіне шығыста орналасқан бүкіл Иордан алқабын таңдап алып, (үй іші, отар-табындарымен) сол жаққа қарай көшті. Осылайша екі туысқан бір-бірінен бөлініп кетті. 12Ыбырам Қанахан жерінде қала берді. Ал Лут Иордан алқабындағы қалалар арасында Содомға жақын жерде шатыр тігіп, қоныстанды. 13Бірақ Содомның тұрғындары Жаратқан Иенің көз алдында ауыр күнәға батқан зұлым адамдар еді.
14Лут бөлініп кеткеннен кейін, Жаратқан Ие Ыбырамға тіл қатып былай деді: «Айналаңа көз тастап, тұрған жеріңнен бастап солтүстік пен оңтүстікке, шығыс пен батысқа қара: 15Мен көрініп тұрған мына жердің бәрін саған және сенің ұрпағыңа мәңгілікке беремін. 16Мен үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін. Кім жер бетіндегі құм түйіршіктерін санай алса, оның сенің үрім-бұтағыңды да санай алғаны. 17Енді жолға жиналып, осы бүкіл елдің түкпір-түкпірін кезіп шық! Өйткені оны саған беремін».
18Ыбырам шатырларын көліктеріне артып, Хеброн қаласының маңайына, Мамренің алып емен ағаштары өсіп тұрған тоғайына барып, қоныстанды. Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды.#13:18 12:8; 35:7.
Actualmente seleccionado:
Жаратылыстың баст. 13: КК 2010
Destacar
Compartir
Copiar
¿Quieres tener guardados todos tus destacados en todos tus dispositivos? Regístrate o inicia sesión
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.