Logo de YouVersion
Icono de búsqueda

Жаратылыстың баст. 27

27
Жақыптың әкесінің тұңғыш ұлына арнаған батасына ие болуы
1Ысқақ қартайып, көзі көрмей қалған еді. Бірде ол тұңғыш ұлы Есауды#27:1 Есау өзінің тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, оны інісі Жақыпқа сатып жіберген болатын (25:31-34). шақырып алып:
— Ұлым! — деді.
— Иә, тыңдап тұрмын. — деп жауап қатты ол. 2Ысқақ:
— Мен қартайдым, қай күні өлерімді білмеймін. 3Сен садақ пен қорамсағыңды алып, маған даладан бір аң аулап әкел. 4Соның етінен мен сүйсініп жейтіндей дәмді тағам пісіріп, алып кел. Оны жеп, өлмей тұрғанда саған батамды беретін болайын, — деді.
5Ысқақ ұлымен сөйлескен кезде, Рабиға да құлақ түріп тыңдап тұрды. Есау аң аулап әкелу үшін далаға шығып кеткеннен кейін, 6Рабиға Жақыпқа былай деп кеңес берді:
— Тыңда, мен әкеңнің ағаң Есауға: 7«Маған бір аң аулап әкеліп, дәмді етіп тамақ пісіріп бер. Мен оны жеп, өлмей тұрғанда саған Жаратқан Иенің алдында батамды берейін» дегенін естідім. 8Ұлым, саған айтатын ақылыма мұқият құлақ сал: 9қораға барып, маған екі қоңды лақты алып кел. Олардан дәмдеп, әкең сүйсініп жейтін тағам дайындаймын. 10Соны әкеңе апар, ол жесін. Осылай ол өлер алдында батасын саған беретін болады!#27:10 Екі баласы тумас бұрын Жаратқан Ие Рабиғаға тұңғыш ұлының өз інісіне қызмет ететіні жайлы алдын ала хабарлаған еді (25:22-23). Ал Рабиғаның мұны алдамшылықпен іске асыруға ұмтылғаны мүлдем қате болды. Содан екі бауырдың арасында зор өшпенділік туды (27:41-44).11Бірақ Жақып шешесіне:
— Ағамның денесін қалың түк басқан, ал менде жоқ. 12Әкем мені сипаласа ше, онда оның алдында өтірікші болып, одан бата орнына қарғыс алармын, — деді. 13Сонда шешесі:
— Саған деген қарғысты өз мойныма аламын. Сен айтқанымды істеп, маған екі лақты әкеп бер, — деп жауап қатты.
14Жақып лақтарды алып келіп, шешесіне берді. Ол солардан ұлдың әкесі сүйсініп жейтіндей дәмді тамақ әзірледі. 15Бұдан кейін Рабиға үлкен ұлы Есаудың өз үйінде жатқан ең сәнді киімдерін алып, оларды кенжесі Жақыпқа кигізді, 16әрі сойылған лақтардың терісімен оның түксіз мойны мен екі білегін жапты. 17Жақыптың қолына өзі әзірлеген дәмді тамағы мен пісірген нанын ұстатты. 18Сонда Жақып әкесіне кіріп:
— Әке! — деді. Ысқақ:
— Иә, ұлым, сен кімсің? — деп сұрады.
19— Мен тұңғышыңыз Есаумын. Маған айтқаныңызды орындадым. Басыңызды көтеріп, мен аулап әкелген аңның етін жеп, маған батаңызды беріңіз. — 20Ысқақ:
— Ұлым, қалайша оны тез тауып алдың? — деп сұрағанда, Жақып:
— Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие оны маған кездестірді, — деп жауап қайтарды. 21Сонда Ысқақ:
— Ұлым, маған жақындашы. Сен шынымен ұлым Есаусың ба, жоқ па, соны білу үшін сені сипалап көрейін, — деді. 22Жақып қасына келген соң әкесі оны сипалап тұрып:
— Даусы Жақыптікі, ал қолдары Есаудікі, — деп шүбәсін білдірді. 23Жақыптың қолдарынан ағасының қолдарындағыдай түкті сезгеннен кейін Ысқақ Жақыпты танымай қалды. Оған батасын бермек болды, 24бірақ ол тағы бір рет:
— Сен шынымен ұлым Есаумысың? — деп сұрады. Жақып:
— Иә, солмын, — деп жауап берді. 25Сонда әкесі:
— Ұлым, аңнан әзірленген тамағыңды бер. Мен жейін де, саған батамды берейін, — деді.
Жақып әкесіне тамақты ұсынды, ол жеді; кейін шарап әкеліп, ол оны да ішті. 26Содан соң Ысқақ:
— Ұлым, маған жақын келіп, мені сүй, — деді.
27Жақып әкесінің қасына барып, оны сүйгенде, Ысқақ оның киген киімдерінен Есаудың иісін сезді. Содан ол ұлына батасын беріп былай деді:
«Ұлымның иісі Жаратқан Ие
Жарылқаған даланың иісіндей.
28Айырмасын Құдай сені аспан шығынан,
Әрі топырақтың құнарлылығынан,
Ағыл-тегіл астық пен жүзім шырынынан!
29Саған ұлттар қызмет жасай берсін,
Һәм халықтар бас иетін болсын!
Сен билейтін бол бауырларыңды,
Саған бағынсын анаңның ұлдары!
Сені қарғайтындарды қарғыс атсын,
Ал батасын беретіндер жарылқансын!»#27:29 12:3.
30Ысқақ батасын аяқтап, Жақып әкесінен шығып бара жатқан кезде, ағасы Есау аң аулаудан қайтып келді. 31Ол да дәмді тамақ пісіріп, әкесіне апарды да, оған былай деп тіл қатты:
— Әке, басыңызды көтеріп, батаңызды беру үшін мен әзірлеген тамақтан ішіңіз. 32Сонда әкесі одан:
— Сен кімсің? — деп сұрады. Ұлы оған:
— Мен тұңғыш ұлыңыз Есаумын ғой, — деп жауап берді.
33Сонда Ысқақ қатты дірілдеп шошып кетіп:
— Аң аулап, маған жаңа ғана тамақ әзірлеп, әкелген адам кім болды екен? Мен сол тамақты сен келер алдында ғана жеп, оны әкелген адамға батамды беріп қойдым. Енді батам сол күйінде қалады, — деді. 34Есау әкесінің сөзін естігенде әбден күйініп, қатты айқайлап жіберіп:
— Әке! Маған да батаңызды берсеңіз етті! — деп жалбарынды. 35Ал әкесі:
— Інің қулықпен келіп, саған тиесілі батаны иемденіп кетті, — деп бас тартты. 36Сонда Есау:
— Оның аты Жақып#27:36 Мағынасы: Алдамшы (25:26). қой, ол мені екі рет алдап үлгерді. Алдымен ол менен тұңғыштық жолымды алдап алды, енді маған тиісті батаны да иемденіп кетті! — деді де, әкесінен:
— Сіз маған деген ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба? — деп сұрады. 37Ысқақ:
— Мен оны саған билеуші етіп, барлық бауырларының бәрін өзіне қызметші қылып бердім. Оны мол астық пен жүзім шырынымен қамтамасыз еттім. Ұлым, мен енді сен үшін не істей аламын? — деп жауап берді.
38— Әке, сізде бар болғаны бір-ақ бата ма еді? Маған да батаңызды бере көріңіз! — деп, Есау дауыстап жылады. 39Соңында Ысқақ оған бата беріп былай деді:
«Құнарлы топырақ пен аспан шығынан
Сен алшақтау мекендейтін боласың.
40Семсеріңе сүйене өмір сүресің,
Әрі бауырыңа мойынсұнып жүресің.
Бірақ жұлқынып қарсы шыққан уақытың
Жеткенде мойныңдағы езгісінен оның
Босап, құтылып кететін боласың».
Жақыптың нағашы ағасына қашып баруы
41Есау сол кезден бастап Жақыпты әкесінен алдап алған батасы үшін жек көрді. Ол өз-өзіне: «Көп ұзамай әкем дүние салып, жоқтау айтатын уақыт келер. Содан кейін Жақыптың көзін құртамын», — деді.
42Үлкен ұлының бұл сөздері Рабиғаның құлағына шалынды. Сонда ол кенжесін шақырып алып: «Ағаң Есау кек алып сені өлтірмекші. 43Сондықтан айтқанымды тыңда: тез жолға жиналып, Харандағы туған ағам Лабанға#27:43 11:31; 12:4-5; 24:29-30,60. қашып кет. 44Ағаң Есаудың ашуы басылғанша сол жерде біраз қала тұр. 45Кейінірек ол сенің өзіне істегеніңді ұмытып, ашуы қайтқаннан кейін біреуді жіберіп, сені шақыртып аламын. Мен бір күнде екі ұлымнан бірдей айырылып қалар жайым жоқ!» — деді.
46Содан соң Рабиға Ысқаққа: «Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр.#27:46 26:34-35. Егер Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?» — деді.

Destacar

Compartir

Copiar

None

¿Quieres tener guardados todos tus destacados en todos tus dispositivos? Regístrate o inicia sesión