Logo de YouVersion
Icono de búsqueda

Жаратылыстың баст. 32

32
Жақыптың ағасымен кездесуге дайындалуы
1Жақып жолға шыққанда оған Құдайдың періштелері#32:1 Яки: хабаршылары. кездесті. 2Жақып оларды көріп: «Мынау Құдай тұратын мекен#32:2 Яки: Құдайдың жауынгерлерінің тұрағы (немесе көші). (Құдай Жақыпқа оның өзін және оған ерген көшті қорғап-қолдауға уәде берген еді: 28:15; 31:3.) екен!» — деп, сол жерді Маханайым («Қос мекен»)#32:2 Немесе: «Екі көш». деп атады.
3Жақып Едом еліндегі Сейір жерінде тұратын ағасы Есауға өзінен бұрын хабаршыларын жіберіп, оларға былай деп тапсырды:
4— Қожайыным Есауға былай деңдер: сіздің құлыңыз Жақып сізге сәлем жолдайды. Осы уақытқа дейін мен жат жерлік болып нағашы ағамыз Лабанның қасында тұрып келдім. 5Сол жерде ірілі-ұсақты малдар, есектер және құл-қызметшілер иемденіп алдым. Енді міне, мен қожайыныма маған мейірім көрсетсеңіз екен деген үмітпен осы хабарымды жіберіп отырмын — 6Шабармандары қайта оралып:
— Ағаңыз Есауға бардық. Ол сізге қарсы келе жатыр, қасына ерткен төрт жүз жігіті бар! — деген хабар әкелді.
7Жақып қатты қорқып, үрейі ұшып кетті. Сондықтан ол өзімен бірге жүрген адамдарын, ірілі-ұсақты малдары мен түйелерін екі көшке бөліп: 8«Егер Есау көштердің біреуіне жолығып, басып алып жатса, екіншісі қашып құтыла алар», — деп амалдады.
9Содан кейін Жақып мінажат етіп былай деді: «Уа, атам Ыбырайым мен әкем Ысқақтың сиынатын Құдайы, о, Жаратқан Ие! Сен маған: туған еліңе, туыстарыңа қайта орал! Мен саған жақсылық істеймін деген едің ғой. 10Өзіңнің мендей пендеңе көрсеткен тұрақты рақымың мен адалдығыңның бәріне де еш лайықты емеспін. Мен Иордан өзенінен бір таяққа ғана сүйеніп өткен болсам, енді өзімдегі барды екі көшке бөле алатын болып отырмын. 11Мені ағам Есаудың қолынан сақтай көрші. Ол келіп, өзімді, әйелдерім мен балаларымды өлтіріп кете ме деп қорқамын. 12Ал Сен маған: саған көп жақсылық істеп, ұрпағыңды сансыз көбейтемін, олар санаса сан жетпейтін теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей көп болады деп сөз бергенсің».
13Бұл түні Жақып сол жерде қалып, өзінің тапқан мал-мүлкінен ағасы Есауға сыйға тарту үшін 14екі жүз ешкі мен жиырма текені, екі жүз саулық пен жиырма қошқарды, 15отыз боталы інгенді, қырық сиыр мен он бұқаны, жиырма ұрғашы және он еркек есекті бөлек таңдап алды. 16Жақып әр қызметшісінің қолына жеке-жеке табын тапсырып: «Менің алдыма түсіп жүре беріңдер! Ал табындардың араларында едәуір қашықтық болсын!» — деп бұйырды.
17Бірінші болып бастап жүретін қызметшіге ол:
— Егер сені ағам Есау көріп: «Сен кімдікісің, қайда барасың, айдап келе жатқан малың кімдікі?» деп сұраса, 18сен: «Бұлар құлыңыз Жақыптікі. Бұл — оның қожайыны Есауға арнаған сыйлығы. Өзі артта келе жатыр» деген жауап бер! — деп тапсырды. 19Жақып осы талапты екінші, үшінші болып кетіп бара жатқан адамдарға, әр табынның соңында келе жатқан адамдардың бәріне де қойып, былай деді: — Есауға кезіккенде, сендер дәл осылай айтыңдар! 20Сендер тағы да оған: «Құлыңыз Жақып артта келе жатыр» деңдер!
Себебі Жақып: «Осы сыйлықтар арқылы оның ашуын басайын. Содан соң ғана өзім көзіне көрінейін. Мүмкін, ол мені жылы жүзбен қарсы алатын шығар», — деп ойлады. 21Осылайша сыйлыққа арналған отар-табындар Жақыптан бұрын кетті, ал өзі көш тұрақтаған жерде түнеп қалды.
Жақыптың Құдайдың хабаршысымен күресіп, Исраил деп аталуы
22Сол түні Жақып орнынан тұрып, екі әйелін, екі күңін және он бір ұлын ертіп алып, Ябок өзеніндегі өткелге апарды. 23Оларды судан өткізіп алған соң, барлық мал-мүлкін де арғы жаққа өткізіп, 24өзі бергі жақта жалғыз қалды. Сонда Жақыпқа бір кісі тап беріп, таң атқанша онымен күресті. 25Ол Жақыпты жеңе алмайтынына көзі жеткенде оның жамбасына қолын тигізді. Осылайша сол кісімен күрескенде, Жақыптың жамбас ұршығы ойығынан шығып кетті. 26Әлгі кісі:
— Мені қоя бер, таң атып қалды, — деді. Ал Жақып:
— Маған батаңды бермейінше сені жібермеймін, — деп жауап берді. 27Сонда ана кісі Жақыптан:
— Есімің кім? — деп сұрады. Ол:
— Жақып (яғни «Алдамшы»),#32:27 25:26. — деді. 28Әлгі:
— Сен енді қайтып Жақып деп аталмайсың. Бұдан былай Исраил деп аталатын боласың! Себебі Құдаймен күресіп, (Оның жарылқауын) ұтып алдың,#32:28 Немесе: Құдаймен күресіп, (енді адамдарға) үстем боласың. (Исраил есімі «Құдай — күресуші» яки «Құдаймен күресуші» дегенді білдіреді. Жақып бұрынғы алдамшылығын мойындап, онысынан бас тартқандықтан, енді басқаларға рухани үстемдік етіп, Құдайдың жарылқауын жеткізе алатын болды: 47:10; 48:15-20; 49:1-28.) — деді. 29Жақып:
— Өз есіміңді айта гөр, — деп өтінді. Ол:
— Неге есімімді сұрайсың? — деп жауап қайтарып, содан кейін Жақыпқа батасын берді.
30Жақып осы жерді «Пенуел» («Құдайдың бет-жүзі») деп атап, «Мен Құдаймен бетпе-бет кездестім, сонда да жаным аман қалды», — деді.
31Жақып Пенуелдің қасынан өтіп бара жатқанда, оның үстіңгі жағынан таң атып, күн шықты. Ал ол жамбасынан ақсап жүрді.#32:31 32:25. 32Исраилдің үрім-бұтағы осыны ескеріп күні бүгінге дейін жамбастағы сіңір етті жемейді. Себебі әлгі кісі Жақыпты жамбас сүйегіндегі сіңірінен ұрған болатын.

Destacar

Compartir

Copiar

None

¿Quieres tener guardados todos tus destacados en todos tus dispositivos? Regístrate o inicia sesión