Лұқа 12

12
Құдайға сеніп, шындықты қорықпай мойындаңдар!
1Осы екі арада мыңдаған адамдар келіп, сығылысып тұрды. Ал Иса алдымен шәкірттеріне қарап былай деді: «Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екіжүзділіктен, сақтаныңдар!#12:1 Мат 16:6,12. 2Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды. 3Сондықтан қараңғыда айтқандарың жарықта естіледі, үй ішінде құлаққа сыбырлағандарың жұртқа жария болады.#12:3 Немесе: сыбырлап айтқандарың үйлердің (жалпақ) төбелерінен жұртқа жарияланады (Мат 10:27).
4Достарым, сендерге айтамын: тәнді өлтірсе де, кейін басқа ештеңе істей алмайтындардан қорықпаңдар! 5Сендерге кімнен қорқу керек екенін айтайын: өлтіргеннен кейін тозаққа түсіре алатын Құдайдан қорқыңдар! Сендерге тағы айтамын: Одан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!#12:5 Мат 10:28; 23:33; 25:31,46; Евр 10:31.
6Бес торғай екі теңгеге сатылмай ма? Дегенмен олардың біреуін де Құдай ұмытпайды. 7Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!
8Сендерге айтамын: Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде Құдайдың періштелерінің алдында мойындаймын. 9Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де Құдайдың періштелерінің алдында танбақпын.#12:9 9:26; Мар 8:38.
10Көктен келген#12:10 Яки: Құдай тағайындаған Билеуші («Адам Ұлы») ретінде көктен келген (12:8; Дан 8:13). Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлаушыға кешірім болмайды.#12:10 Мат 12:31-32; Мар 3:28-30.
11Адамдар сендерді мәжілісханаларға, ел басшыларына және басқа да билік иелеріне апарған кезде қалай жауап беріп, не айтатындарыңды ойлап уайымға салынбаңдар! 12Не айту керек екенін сендерге сол сәтте-ақ Киелі Рух үйретеді».#12:12 21:14-15; Мар 13:11.
Дүниеқор диқан туралы астарлы әңгіме
13Көптеп жиналған халықтың арасынан біреу Исадан:
— Ұстаз, мұрамызды менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы, — деп өтінді. 14Бірақ Иса сол кісіге:
— Кім Мені сендерге би немесе мұраларыңды бөлетін төреші етіп қойды? — деп жауап берді. 15Содан Ол халыққа қарап: — Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды,#12:15 Яки: Адамның өмірі өз байлығының молдығына байланысты емес (12:19-23,31). — деді.
16Бұдан кейін Иса оларға мына астарлы әңгімені айтып берді:
— Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. 17Ол ішінен: «Не істесем екен? Астығымды жинап қоятын жерім жоқ, — деп ойланады. 18— Былай істеймін: қамбаларымды бұзып, үлкейтіп қайтадан саламын. Соларға бүкіл астығым мен мал-мүлкімді жинап қоямын. 19Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін». 20Бірақ Құдай оған: «Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?» — дейді.
21Өзі үшін байлық жинап, ал Құдаймен қарым-қатынасында бай болмаған#12:21 Яки: ал өмірінің Құдайға маңызды жақтарында бай болмаған (6:24-26; 12:31-34; 16:25; 18:22; Мат 6:19-20; 25:35-36,40,45). адамның ақыры осындай.
Күнделікті өмірдің қамын жеп қауіптенбей Құдайға сеніңдер!
22Бұдан кейін Иса шәкірттеріне қарап былай деді:
— Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! 23Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой. 24Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, оны ормайды да, ешқандай қоймалары мен қамбалары да жоқ, бірақ Құдай оларды асырайды. Ал сендер құстардан қаншама артықсыңдар!
25Сондай-ақ, осындай мәселелерді уайымдап араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?#12:25 Немесе: өз өмірін тіпті біраз уақыт ұзарта алады? (Мат 6:27) 26Сондай кішкентай нәрсе қолдарыңнан келмесе, неге басқа мәселелерді ойлап уайымдап жүрсіңдер?
27Қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген. 28Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндіреді, сенімі аздарым-ай!
29Сондықтан не ішіп-жейміз деп ойлап уайымға салынбаңдар! 30Осы күнәкар дүниенің адамдары#12:30 Яки: Осы дүниенің шынайы Құдайға мойынсұнбайтын адамдары (8:14; Мат 6:32). сондай нәрселердің бәріне ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. 31Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлаңдар!#12:31 Немесе: Құдайдың Патшалығына енуге ұмтылыңдар! (13:24; Мат 5:3; 7:13-14) Сонда Құдай сендерге бұлардың бәрін қосып береді.
Жоғалмайтын байлыққа ие болу туралы
32Шағын қауым,#12:32 Немесе: Шағын отар. (Иеміз Иса ізгі шопандай сенушілерді бағып-қағып жүр: Жох 10:14-15,27-28; Жыр 22:1-4; 99:3.) қорықпа! Көктегі Әкең Патшалықты#12:32 Мат 25:34. сендерге тапсыруға ризалық еткен. 33Мал-мүліктеріңді сатып, мұқтаждарға үлестіріңдер! Осылай өздеріңе «тозбайтын қалта» жасап, таусылмайтын байлықты көкте жинаңдар. Сол жерде оған ұры да жақындамайды, күйе де жемейді. 34Байлықтарың қайда болса, жүректерің#12:34 Яки: көңілдерің (жан дүниелерің) мен арман-тілектерің (Мат 6:21; Нқл 4:23). де сонда.
Мәсіхтің көктен қайтып келуіне үнемі дайын болыңдар!
35Белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын! 36Сөйтіп сендер қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілерге ұқсаңдар. Олар қожайыны келіп, есік қағысымен дереу ашуға дайын тұрады. 37Қожайыны келгенде олардың күзетіп ояу отырғанын көрсе, қызметшілері бақытты! Сендерге шындығын айтайын: ол беліне алжапқышын байлап алып, оларды дастарқанға шақырады. Өзі қастарына келіп, оларға күтіп қызмет көрсетеді. 38Қожайыны тіпті түн ортасында немесе таң алдында#12:38 Немесе: екінші күзетте немесе үшінші күзетте. қайтып келгенде олардың күзетіп ояу отырғанын көрсе, сол қызметшілер бақытты!
39Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының қай сағатта түсетінін білетін болса, онда ол үйін күзетіп, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді. 40Сол сияқты, сендер де дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!#12:40 Яки: Құдай тағайындаған Билеуші («Адам Ұлы») сендер ойламаған сәтте келеді!
41Сонда Петір Исадан:
— Мырза, бұл мысалды бізге ғана айтып тұрсыз ба, әлде жұрттың бәріне де ме? — деп сұрады. 42Иеміз оған былай деп жауап берді:
— Адал да саналы үй басқарушысындай болыңдар! Қожайыны оны өзінің малайларының үстерінен қарап, ас-суларын уақытында үлестіріп беруге тағайындады. 43Қожайыны қайтып келгенде оның солай істеп жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! 44Сендерге шындығын айтайын: қожайыны оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ. 45Ал егер әлгі қызметші іштей «қожайыным жуырда келе қоймас» деп, малайлар мен күңдерді ұрып-соқса әрі ішіп-жеп, маскүнемдікке салынса, 46онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп, оны аяусыз жазалап, сенімсіздердің кебінін кигізеді.#12:46 Яки: оны кескілеп, Құдайға мойынсұнбағандардың тағдырына ұшыратады (13:27-28; Мат 25:30).
47Қожайынының еркін біле тұра дайын болмаған, оның қалауы бойынша істемеген қызметші қатты соққы жейтін болады. 48Ал оның қалауын білмей, жазалауға тұратынды істеген қызметші азырақ соққы жейтін болады. Себебі Құдай кімге көп берсе, одан көп талап етеді, кімге көп сеніп тапсырса, одан есепті де көбірек сұрайды.#12:48 Рим 2:11-16.
Күнәкарлардың әшкереленіп, әділдерден бөлектенуі
49Мен дүние жүзіне бір «отты» тастауға#12:49 Яғни күнәкарлардың әшкереленіп, әділдерден бөлектенуі үшін (3:16-17; 12:51; Жох 12:31-33; Иш 11:4; Мал 4:1). келдім. Оның қазірдің өзінде жануын тілер едім! 50Ал Мен азапты «шомылудан» өтуге тиістімін,#12:50 Яки: Ал Мен адамдарды құтқару үшін олар тартуға тиісті қаһарлы жазаны өз мойныма алуым керек (Мар 10:38,45; Иш 53:5-6,12). сол жүзеге асқанша іштей қиналып, оны асыға күтудемін.
51Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сендерге шындығын айтамын: Мен (жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын) айыруды әкелу үшін келдім. 52Бұдан былай бір үйде бесеу тұрса, олар бір-бірінен бөлектеніп, үшеуі екеуіне, екеуі үшеуіне қарсы болады. 53(Пайғамбар алдын ала айтқандай) әкесі ұлына, ұлы әкесіне, шешесі қызына, қызы шешесіне, енесі келініне, келіні енесіне қарсы шығады.#12:53 Әлбетте, Мәсіх шынайы татулық пен тыныштықты орнатуды көздейді (Иш 9:6; Лұқ 2:14; Жох 14:27). Бірақ Құдайдың нұрында адамның әділетсіз ой-ниеті мен іс-әрекеті әшкереленгендіктен, қара ниеттілер ашуланып, әділдерге қарсы шығады (6:22-23; Мат 10:34-36; Жох 3:19-21; 15:18-19; Мих 7:6).
Заманның болмысын ұғып, кінәсінен тез арылу керек
54Содан кейін Иса халыққа қарап былай деді:
— Батыстан көтерілген бұлтты көргенде сендер дереу «Жаңбыр жауады» дейсіңдер, солай болады да. 55Оңтүстіктен жел ескенде «Күн ыстық болады» дейсіңдер, ол да солай болады. 56Ей, екі жүзділер! Сендер аспан мен жердің құбылыстарын түсіне білесіңдер, ал қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды неліктен ұға алмайсыңдар?!#12:56 Мат 16:2-3.
57Енді не істеу керектігін неге өздерің шешпейсіңдер? 58Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп би алдына бара жатқанда уақыт оздырмай жолшыбай онымен татуласып, құтылуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сотқа тартады, ал сот жазалаушыға тапсырып, жазалаушы сені түрмеге қамайды. 59Саған шындығын айтайын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың!#12:59 Демек: мезгілінде теріс жолдан қайтып, Құдай алдында күнәсінен арылмағандардың ақыры қасірет болмақ (3:3,7-9; 10:8-12,15; 11:28).

Одоогоор Сонгогдсон:

Лұқа 12: КК 2010

Тодруулга

Хуваалцах

Хувилах

None

Тодруулсан зүйлсээ бүх төхөөрөмждөө хадгалмаар байна уу? Бүртгүүлэх эсвэл нэвтэрнэ үү