Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Лұқа 11

11
1Бірде Иса мінәжат етіп отырды, Ол мінәжатын аяқтаған кезде, шәкірттерінің бірі Оған: -Ием, Жақия өзінің шәкірттеріне мінәжат етуді үйреткені секілді Сен де бізге мінәжат етуді үйретші, - деді.
2Сонда Иса оларға: -Сендер мінәжат еткен кезде, былай деңдер: -Әке, Сенің есімің киелі бола берсін! Сенің Патшалығың келсін!
3Бізге әр күнге қажетті нанымызды бере гөр,
4біздің күнәларымызды кешіре гөр, сонда біз де басқалардың қарызын кешіре алатын боламыз, бізді азғырылуға түсіре көрмеші.
5Содан кейін Иса оларға: -Сендердің біреулеріңнің досың бар дейік, соған түн ортасында барып: «Достым, маған қарызға үш нан бере тұршы.
6Аяқ астынан жолаушылап бір досым келіп қалыпты, ал оған менің ұсынатын еш нәрсем болмай тұр», -деп сұрайды.
7Сонда әлгі досы іште тұрып: «Менің мазамды алма, есікті де жауып тастадым және менің балаларым да жатып қалды, сондықтан тұра алмаймын және саған еш нәрсе бере алмаймын», - дейді.
8Сендерге айтарым, ол оған дос болғаны үшін бермесе де, оның солай қадалып тұрып алғанына бола әлгі досы орнынан тұрып, қанша қажет болса, сонша береді.
9Сондықтан Менің сендерге айтарым: сұраңдар, сонда сендерге беріледі, іздеңдер, сонда табасыңдар, қағыңдар, сонда сендерге ашылатын болады.
10Өйткені сұраған әркім алады, іздеген табады, қағып тұрғанға ашылады.
11Сендердің өздерің де әкесіңдер, сондықтан қандай әке балық сұраған баласына жылан береді?
12Немесе жұмыртқа сұраса, оған шаян ұсына ма?
13Егер де өздерің зұлым бола тұра, өз балаларыңа сыйдың ең жақсысын ұсынуды білетін мына сендерге көктегі Әкеден Оның Киелі Рухын қанша сұрасаңдар, Ол соны да молынан сендерге беретін болады, -деп Иса Құдай Әкенің Киелі Рухты сұрағандарға молынан бере алатыны туралы айтты.
14Бірде Иса біреудің бойынан мылқаудың жынын қуып шығарды. Мылқау жын шығып кеткен соң, жаңағы мылқау адам сөйлей бастады. Бұған халық таң-тамаша болды.
15Алайда олардың кейбіреулері: -Ол жындарды сол жындардың басшысы Белзебүлдің күшімен қуып шығаруда, -деді.
16Басқалары Исаны сынау үшін, Одан көктен келетін кереметті көрсетуді сұрады.
17Олардың ойын білген Иса: -Өз ішінен бөлінген әрбір патшалық құлазып, бос қалады, сол секілді өзара араздасқан үй де құлайды.
18Егер де сайтан өзіне-өзі қарсы жауласып жатса, оның патшалығы қалай берік болмақ? Сендер Мені: «Жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығарып жүр», - дейсіңдер.
19Егер де Мен жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығарып жүрген болсам, онда сендердің ұлдарың оларды кімнің күшімен қуып шығарып жүр? Сондықтан сендерге үкімді шығаратын солар болады.
20Егер де Мен жындарды Құдайдың билігімен қуып шығарып жатсам, онда Құдайдың Патшалығы сендерге келіп жеткені.
21Өз үйін күшті қарумен қаруланып, күзетіп тұрған адамның дүние-мүлкі аман сақталып тұрады.
22Егер одан да күшті біреу келіп, шабуыл жасап, жеңіске жетсе, оның үміттеніп, сенім артқан қару-жарақтарының бәрін тартып алады да, оны олжа ретінде таратып жібереді.
23Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы, ал кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады.
24Таза емес рух адамнан шығып кеткен соң, тыныштық іздеп, сусыз жерлерді кезіп кетеді. Алайда оны таппаған соң: «Өзім шыққан сол үйге қайта оралайын», - дейді.
25Қайтып келген кезде, үйдің сыпырылып, жиналып тұрғанын көреді.
26Ол сол сәтте-ақ өзінен жеті есе зұлым рухты ертіп келіп, сонда тұрақтайтын болады. Сонда әлгі адамның соңғы халі алғашқысынан да мүшкіл болады, - деді.
27Иса осыны айтып тұрған кезде, халықтың арасынан бір әйел даусын көтеріп: -Сені көтерген құрсақ, Сені емізген ана бақытты! - деді Исаға.
28Сонда Иса: -Құдайдың сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты! - деп жауап қайырды.
29Содан кейін Иса жиналып тұрған халыққа: -Бұл ұрпақ зұлым болғандықтан, тек керемет іздеумен жүреді, алайда оған Жүніске берілген кереметтен басқа еш керемет берілмейді.
30Өйткені Жүністің өзі сол ниневиліктерге кереметтің белгісі болса, Адамның Ұлы да осы ұрпаққа дәл солай кереметтің белгісі болады.
31Оңтүстіктің патшайымы ер адамдармен сотта қатар тұрып, оларды, яғни, осы ұрпақты, айыптайтын болады, өйткені ол сонау жердің шетінен Сүлейменнің даналығын тыңдау үшін келген болатын. Ал мұнда сол Сүлейменнен де үлкен Біреу бар.
32Сонымен қатар, ниневиліктердің де ер адамдары сол сотта тұрып, осы ұрпақты айыптайтын болады, өйткені олар Жүністің уағызынан кейін тәубе етті, ал осында Жүністен де үлкен Біреу бар.
33Ешкім де шамды жаққан соң, оны жасырын жерге қоймайды немесе оны ыдыспен жауып тастамайды, керісінше, оның жарығын кіретіндерге де көрсету үшін оны шам қойғышқа қояды.
34Сенің денеңнің шамы -сенің көзің. Көзің таза болса, сенің денеңнің барлық жері жарқырап тұрады, ал көзің жаман болса, (таза болмаса) сенің денеңді түнек басады.
35Сенің жарық деп жүргенің түнек болып жүрмесін, абайла.
36Сонымен, егер сенің денеңнің барлық жері жарқырап, ешбір жерінде түнек болмаса, онда сен шамның жарығы секілді жарқырап жанып тұрасың, - деді.
37Иса осыны айтып тұрған кезде, бір фарисей Оны қонаққа шақырып, Одан бірге ас ішуді өтінді. Иса сол үйге келіп, дастарқан басына барып жантаяды.
38Ас ішер алдында Оның қол жумағанын көрген фарисей таңғалады.
39Сол кезде Иса оған: -Фарисейлер, қазір сендер тостағанның немесе тек ыдыстың сыртын ғана таза ұстағыларың келеді, алайда іштерің қарақшылық пен зұлымдыққа толып тұр.
40Әй, ақылсыздар! Сыртын жаратқан оның ішін де жаратты емес пе?
41Сондықтан, қайырымдылыққа сол ішінде жатқан нәрседен беріңдер, сонда өздеріңде бардың бәрі таза болады.
42Бірақ фарисейлер, сендер қасіретке қалдыңдар, өйткені сендер жалбыз бен тасшөп және басқа да жемістердің бір бөлігін ондыққа беріп, ал Құдайдың соты мен Оның сүйіспеншілігін елемейсіңдер. Негізінде, оны да істеу керек және басқасына да немқұрайлы қарамау керек.
43Фарисейлер, сендер қасіретке қалдыңдар, өйткені сендер синагогадағы ең құрметті орында отырғанда және сауда алаңдарында жүрген кездеріңде халықтың өздеріңмен сәлемдескенін жақсы көресіңдер.
44Сендер қасіретке қалдыңдар! Өйткені сендер білінбей кеткен қабірге ұқсайсыңдар, соның үстінен жүрген адамдар оның қабір екенін білмейді.
45Сол кезде Таурат заңын ұстанып жүргендердің біреуі Исаға: -Ұстаз, осыны айтуыңмен бізге тіл тигіздің, -деді.
46Сонда Иса оған былай деді: -Заңшылдар, сендер де қасіретке қалдыңдар, өйткені сендер адамдар алып жүруге ыңғайсыз жүкті олардың мойнына артып қоясыңдар, сол жүкке өздерің саусақтарыңның ұшын да тигізбейсіңдер.
47Сендер де қасіретке қалдыңдар, өйткені өмірден өткен пайғамбарлардың қабіріне ескерткіш тұрғызасыңдар, ал сендердің әкелерің оларды өлтірген болатын.
48Сонымен, сендер ата-бабаларыңның жасаған істеріне куәгер болып, олардың сол істерімен келіскендеріңді білдіріп, олардың қабіріне ескерткіш тұрғызып жүрсіңдер, олар пайғамбарларды өлтірді.
49Осыған байланысты Құдайдың даналығы былай дейді: «Мен оларға пайғамбарлар мен елшілерді жіберемін, сонда олар олардың біреуін өлтірсе, екіншісін қудалайтын болады».
50Сондықтан осы әлем жаратылғаннан бергі барлық пайғамбарлардың төгілген қанының құны осы ұрпақтан талап етілетін болады.
51Әбілдің төгілген қанынан бастап, құрбандық орны мен Киелі үйдің арасында қайтыс болған Зәкәрияның қанына дейін осы ұрпақтан талап етілетін болады. Иә, Мен осы ұрпақтан талап етілетінін айтамын.
52-Заңды ұстанып, соны оқытып жүргендер, сендер қасіретке қалдыңдар, өйткені сендер білімнің кілтін алсаңдар да, оған не өздерің кірмедіңдер, кіргісі келетіндерге кедергі қойдыңдар, -деп заңшылдардың істеген істерінің жағымсыз жақтарын айтты.
53Иса сол жерден шыққан кезде, Таурат заңын зерттеушілер мен фарисейлер Оны қатты жеккөргендіктен, Одан көп нәрселер сұрап, Оған қияңқы сұрақтар қойды.
54Сондағы ойлары Оны тұзаққа түсіру болатын және Исаға алдағы уақытта айып тағу үшін, Оның аузынан шыққан әрбір сөзін аңдып отырды.

Избрани в момента:

Лұқа 11: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте