Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Матай 13

13
1Сол күні Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды.
2Оның қасына көп халық жиналды, Иса қайыққа барып отырды. Жиналған халық жағада тұрды.
3Иса оларға бірнеше астарлы әңгімелер айтты. -Міне, бір диқан тұқым себуге шықты.
4Оның сепкен тұқымының біразы жол бойына түседі. Ұшып келген құстар оларды жеп қояды.
5Басқалары топырағы аз тастақ жерге түседі, топырақ жұқа болғандықтан, дереу көктеп шығады.
6Бірақ олардың тамыры болмағандықтан, күн шыққан кезде қурап қалады.
7Өзге тұқымдар тікен арасына барып түсті, қаулап өскен тікендер оларды тұншықтырып, өсірмей тастады.
8Тағы басқалары құнарлы жерге түсіп, бірі -жүз, бірі -алпыс, енді бірі отыз еседен өнім берді.
9Құлағы барлар мұны тыңдап алсын! - деді.
10Сонда шәкірттері Оған жақын келіп: -Сен осы астарлы әңгімелерді оларға не үшін айттың? - деді.
11Иса оларға былай деп жауап берді: -Өйткені Көктегі Патшалықтың құпиялары оларға емес, тек сендерге ғана берілген.
12Өйткені кімде бар болса, соған тағы да беріледі, сонда ол толығымен молшылыққа ие болады, кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де алынып қойылады.
13Сол үшін Мен оларға астарлы әңгімелер айтамын, өйткені олар көріп тұрса да көрмейді, естіп тұрса да естімейді, түсінбейді.
14Осылайша Ишая пайғамбар арқылы оларға айтылған мына сөздер орындалады: «Құлақтарыңмен естисіңдер, алайда түсінбейсіңдер, қарайсыңдар, бірақ көрмейсіңдер,
15өйткені бұл халықтың жүрегі қатайған, құлақтары әрең естиді, көздері жабық. Егер де көздерімен көріп,құлақтарымен естіп, жүрегімен түсініп, теріс жолдан қайтса, Мен оларды сауықтырар едім».
16Ал сендердің көздерің жарылқанған, себебі олар көреді, құлақтарың да жарылқанған, олар естиді.
17Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар мен әділдер сендер көргенді көргілері келген-көре алмады, естігілері келген-ести алмады.
18Енді сендер тұқым себуші туралы айтылған астарлы әңгіменің мағынасына құлақ түріңдер.
19Кімде-кім Патшалық туралы сөзді естіп, оны түсінбесе, әзәзіл келіп, оның жүрегіне себілгенді ұрлап кетеді, бұл жол бойына себілген тұқымды білдіреді.
20Тастақ жерге себілген дән сөзді естіп, сол сәтте қуанышпен қабылдаған адамды білдіреді.
21Бірақ оның тамыры терең болмағандықтан, тұрақсыз болады, сол сөз үшін оның басына қиыншылық немесе қудалау келгенде, бірден сенімінен бас тартады.
22Тікен арасына түскен дән сөзді естігенмен, осы әлемнің қамы мен байлығына елігіп, сөзге мән бермегендіктен, өнім бермейді.
23Құнарлы топыраққа себілген дән сөзді естіп, оны түсінгенін білдіреді, сол себепті бірі-жүз немесе алпыс, кейбіреуі отыз еседен өнім береді, - деді.
24Иса оларға тағы да бір астарлы әңгімені айтып берді. -Көктегі Патшалық өзінің егістік жеріне жақсы тұқым сепкен адамға ұқсайды.
25Барлығы ұйықтап жатқан кезде, жауы келіп, бидайдың ортасына бидайық егіп кетеді.
26Егіндік көктеп, өнім берген кезде, әлгі бидайық та онымен бірге өсіп шығады.
27Сонда үйдің қызметшілері иесіне келіп: -Мырза, сенің егістік жеріңе еккенің жақсы тұқым емес пе еді? Мына бидайықтар қайдан пайда болды? - дейді.
28Сонда иесі: -Бұл -дұшпан адамның істеген ісі,-дейді. Қызметшілері сонда: -Біздің оларды жұлып алып тастағанымызды қалайсың ба? - дейді
29-Жоқ, сендер бидайықты жұлып жатқан кездеріңде, байқамай бидайды да жұлып алуларың мүмкін.
30Сондықтан егінді жинайтын уақытқа дейін оларға тиіспеңдер, олар бірге өсе берсін. Егінді жинайтын уақыт келген кезде, орушыларға бидайықты алдымен бөлек буып жинап, өртеп жіберуді, ал бидайды менің қамбама тасуды бұйырамын, - деді иесі.
31Иса оларға тағы бір мынандай астарлы әңгіме айта бастады. -Көктегі Патшалықты адамның егістік жеріне еккен қыша дәнімен де салыстыруға болады.
32Қыша дәні басқа тұқымдардан кішкене болса да, өскенде басқа бақша өсімдіктерінен үлкен болады, тіпті, аспандағы құстар да ұшып келіп, оның бұтақтарына ұясын салады.
33Иса оларға тағы да басқа бір астарлы әңгімені айта бастады. Көктегі Патшалықты бір әйелдің үш астау ұнның қамырына қосқан ашытқысына ұқсатуға болады.
34Иса осының бәрін халыққа астарлы әңгімелер арқылы жеткізді, астарлы әңгімелерсіз ештеңе түсіндірмеді.
35«Астарлы әңгімелер арқылы әлем жаратылғаннан бергі құпияны ашып беремін», -деп пайғамбар арқылы айтылған сөз осылай орындалуы тиіс еді.
36Содан кейін Иса халықты таратып жіберіп, үйгекірді. Оған шәкірттері жақын келіп: -Егістікке егілген арам шөп туралы астарлы әңгімені бізге түсіндіріп берші, -деді.
37Иса былай деді: -Жақсы тұқымды себуші диқан-Адамның Ұлы .
38Егістік -осы әлем, жақсы тұқым -Патшалықтың балалары, арам шөптер - зұлымдықтың жетегіндегілер.
39Оны сепкен жау -әзәзіл, егінді орып жинау -заманның ақыры, орушылар - періштелер.
40Сонымен, арам шөп жинап алынып, қалай отқа өртелетін болса, осы заманның ақырында да тура солай болады.
41Адамның Ұлы Өз періштелерін жіберіп, Патшалығындағы азғындық пен заңсыздық істегендердің бәрін жинап,
42пештегі отқа тастаған кезде, олар зар еңіреп жылап, бармақтарын тістейтін болады.
43Ал әділдер болса, Әкелерінің Патшалығында күндей жарқырайтын болады. Осыны құлағы барлар тыңдап алсын!
44Көктегі Патшалықты жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Тауып алған адам оны тығып қояды, сол жерді сатып алу үшін, қуанғанынан өзінде бардың бәрін сатып жібереді.
45Сонымен қатар, Көктегі Патшалықты аса бағалы інжу -маржан іздеген саудагер адамға да ұқсатуға болады.
46Ол аса бағалы інжу-маржанның біреуін тауып алғанда, сол біреудің өзін сатып алу үшін, өзінде бардың бәрін сатып жібереді.
47Көктегі Патшалықты әр түрлі балықтар түсетінкөлге тасталған ауға да ұқсатуға болады.
48Ау толған кезде, балықшылар оны жағаға шығарады. Олар отыра қалып, ең жақсыларын себетке салады, ал жарамсыздарын лақтырып тастайды.
49Заманның ақырында да тура солай болады. Періштелер келіп, зұлымдарды әділдердің арасынан бөліп алып,
50пештегі отқа тастайды, сонда олар зар еңіреп жылап, тістене өкінетін болады, - деді.
51Иса шәкірттерінен: -Осының бәрін түсіндіңдер ме? -деп сұрады. Олар: - Иә, - деп жауап берді.
52Сонда Иса оларға: -Көктегі Патшалық туралы осылай зерттеп, үйренген әрбір Заң мұғалімі өз қазынасынан жаңасын да, ескісін де шығарып отыратын үй иесіне ұқсайды, - деді.
53Иса астарлы әңгімелерін айтып болған соң, сол жерден кетіп қалды.
54Өзінің өскен жеріне келгенде, сондағы синагогаларға барып, тәлім бере бастады. Олар: «Оған мұндай даналық пен күш қайдан біткен?» - деп таңғалды.
55-Ол ұстаның Ұлы емес пе? Оның анасының аты-Мәриям, бауырлары Жақып, Жүсіп, Шимон және Яһуда емес пе?
56Оның қарындастары да біздің арамызда тұрады. Осының бәрі Оған қайдан біткен? - десіп,
57Оған сенімсіздік танытты. Иса оларға: -Пайғамбар өз елінен немесе өз үйінен басқа жерде қадірсіз қалмас, -деді.
58Адамдардың сенімсіздіктеріне бола, Ол сол жерде көп кереметтер жасаған жоқ.

Избрани в момента:

Матай 13: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте