Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Марқа 13

13
1Ғибадатханадан шығып келе жатқан Исаға Оның бір шәкірті: -Ұстаз! Мына тастардың қалай қаланып, мына ғибадатхананың қалай салынғанына қарашы! -деді.
2-Сенің көріп тұрғаның осы үлкен ғимарат па? Осы жерге қаланған тастардың бірде-бірі қалмай, бәрі де қиратылады, - деді Иса оған.
3Иса ғибадатханаға қарама-қарсы Зәйтүн тауында отырған кезде, Петір, Жақып, Жохан және Әндір жеке келіп:
4-Бұл қашан және қандай белгілерден осы нәрсенің орындалғанын білуге болатынын бізге айтшы, -деп сұрады Одан.
5-Сендерді біреу алдап кетпесін, байқаңдар, -деп оларға Иса сөзін бастады.
6Көптеген адам: «Бұл -Менмін», -деп Менің атымнан келіп, көп адамдарды алдайды.
7Сол кезде болып жатқан соғыстар мен қақтығыстар туралы естисіңдер, алайда одан қорықпаңдар, бұл болуға тиіс, өйткені бұл әлі де соңы емес.
8Сонда халық-халыққа, патшалық -патшалыққа қарсы көтеріліп, әр жерде жер сілкіністері мен ашаршылық болады, алайда бұл тек толғақ азабының бастамасы ғана.
9Сендер өздеріңе мықты болыңдар! Сендерді синедериондағыларға* (жоғарғы кеңесшілер алқасына) ұстап береді, синагогалар мен басшылар алдына апарып, ұрып-соғады. Сонда сендер Мен үшін патшалардың алдында тұрасыңдар, оларға Мен туралы куәлік бересіңдер.
10Сөйтіп, осы Ізгі хабар, ең алдымен, барлық халықтарға жариялануы тиіс.
11Сендерді қай кезде ұстаса да, қай жаққа апарса да, алдын ала не айту керектігін уайымдамаңдар. Сол сәтте өздеріңе не берілсе, соны оларға айтыңдар. Өйткені сол кезде сендер емес, Киелі Рух сөйлейтін болады.
12Сонда бауыры бауырын өлімге қиып, әкесі баласына, балалары ата-аналарына қарсы шығып, оларды өлімге душар етеді.
13Осылайша, Менің атыма бола, барлығына жеккөрінішті боласыңдар. Ал осының соңына дейін кім шыдаса, тек сол ғана құтқарылатын болады.
14Сонда «жексұрын жиренішті нәрсенің» қаңырап бос қалған немесе тұрмайтын жерде тұрғанын көргенде, оқып отырғандар түсініп алсын, яһудеядағылар тауға қашсын.
15Егер біреу үйдің төбесінде болса, ол төмен түспесін немесе бір нәрсе алу үшін өзінің үйіне де кірмесін.
16Кім далада болса, өзінің сыртқы киімін алуға қайтып келмесін.
17Сол күндері жүкті әйелдер мен бала емізіп жүргендер үшін қайғылы күн болады.
18Осы нәрселер қыста болмай-ақ қойсын деп мінажат етіңдер,
19өйткені сол күндері Құдай әлемді жаратқан кезден бастап, осы күнге дейін ешқашан болып көрмеген және болмайтын қайғы-қасіретке толы кезең болады.
20Егер де Иеміз сол күндерді қысқартпағанда, ешбір пенде құтқарыла алмайтын еді. Алайда алдын-ала таңдалғандары үшін, Ол сол күнді қысқартты.
21Сол кезде сендерге біреу: «Мәсіх, міне, мұнда! Қараңдар!» немесе «Әне, Ол анау жерде! Қараңдар!» -деп айтса, оған сенбеңдер.
22Өйткені сол кезде жалған мәсіхтер мен жалған пайғамбарлар келіп, көрініске өтірік нышан беріп, жалған кереметтер жасап, бар мүмкіндіктерін қолданып, керек болса таңдалғандарды да алдайды.
23Сендер осыны көрген кезде абай болыңдар! Сендерге бәрін алдын ала айтып тұрмын.
24Сол қайғылы, қасіретті күндерден кейін «күн қарауытып, айдың өзі жарық бермей,
25көктегі жұлдыздар құлап, көктегі күштер шайқалатын болады».
26Cол уақытта Адам Ұлының Өзінің құдіретті күшімен және Өзінің ұлы даңқымен бұлттарда келе жатқанын адамдар көретін болады.
27Сонда Ол әлемнің төрт бұрышына періштелерін жіберіп, жердің ана шеті мен көктің мына шетінен Өзінің таңдап алғандарын жинап алады.
28Інжір ағашына қарап, содан үлгі алыңдар, оның сабақтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда, жаздың таяғанын білесіңдер.
29Сол сияқты сендер тура осылай болып жатқан оқиғаларды көрген кездеріңде, болатын нәрсенің есікке таяп қалғанын білесіңдер.
30Сендерге шындықты айтайын: осы ұрпақ жоғалмай тұрып, осының бәрі орындалатын болады.
31Осы аспан мен жер де жойылатын болады, ал Менің сөздерім ешқашан жойылмайды.
32Алайда сол күн немесе сол сағат ешкімге: не көктегі періштелерге, не Ұлға да белгісіз, ол тек Әкенің Өзіне ғана аян.
33Сондықтан өте сергек болыңдар, өйткені осы кездің қай уақытқа келіп қалатынын сендер білмейсіңдер.
34Өзі басқа жаққа кетіп бара жатқан адам үйін құлдарына қалдырып, оларға басқаратын билік беріп және әркімге өз жұмысын бөліп береді, есікте тұратын күзетшіге де да сергек болуды бұйырады.
35Сол секілді сендер де сергек болыңдар, өйткені үй иесінің қай уақытта келетінін: кешке ме, не түн ортасында ма немесе әтеш шақырғанда ма, не таңға жуық па, сендер оны білмейсіңдер.
36Ол аяқастынан келіп, сендердің ұйықтап жатқан кездеріңнің үстінен түспесін.
37Сендерге тағы да айтамын, бәріңе де айтарым: сергек болыңдар! - деді.

Избрани в момента:

Марқа 13: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте