Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Марқа 14

14
1Екі күннен кейін Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамы болу керек еді. Бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер Исаны қулықпен ұстап алып, қалай да Оны өлтірудің жолдарын іздестіре бастады.
2«Халықтың арасында дүрбелең тудырып алмас үшін, бұл мейрам кезінде болмасын», - деп келісті олар.
3Иса Бетаниядағы алапеспен ауырған Шимонның үйінде ас ішіп отырған кезде, қолында қыш ыдысқа құйылған аса қымбат мира (нард) майы бар бір әйел Оған жақындап келді, ыдыстың аузын сындырып ашып, Оның басына май құя бастады.
4Олардың арасындағы кейбіреулері бұған наразы болып: -Бұл мына мира (нард) майын неге осыншама шығындап жатыр?
5Одан да бұл майды үш жүзден аса күміс ақшаға (динарийге) сатып жіберіп, одан түскен ақшаны кедейлерге таратып беру керек еді ғой, -деп әлгі әйелді жазғыра бастады.
6-Оған тиіспеңдер! Оны неге бекерге айыптап тұрсыңдар? Ол бұл жақсы істі Мен үшін жасады, - деді Иса оларға.
7-Кедейлерге келсек, олар үнемі өздеріңмен бірге ғой, оларға жасағыларың келген жақсылықты кез-келген уақытта жасай аласыңдар, ал Мен үнемі сендермен бірге бола бермеймін.
8Бұл әйел қолынан келетін істі ғана орындады. Ол Менің денеме алдына ала май жағып, Оны қабірге дайындады.
9Сендерге шындықты айтайын: мына Ізгі хабар әлемнің қай жерінде жарияланатын болса, сол жерде осы әйелді естеріне алып, оның істеген бұл ісі жөнінде айтатын болады, - деді.
10Исаның он екі шәкіртінің бірі Яһуда Исқариот Оны ұстап беру үшін, бірінші бас қызметкерлерге барды.
11Бұл туралы естіген олар қуанғандарынан оған күміс ақша беретінін айтып, уәде берді. Осы кезден бастап Яуда Исқариот оларға Исаны ұстап беретін қолайлы сәтті іздестіре бастады.
12Ашымаған нан мейрамының алғашқы күні арнайы дайындалған тоқтыны құрбандыққа шалып жатты, сонда Исаның шәкірттері: -Біз Сен жейтін құрбандық асын қай жерге дайындағанымызды қалайсың? - деп Одан сұрады.
13Сонда Иса Өзінің екі шәкіртіне былай деп, оларды жұмсады: -Қалаға барыңдар, сендер сол жерден құмырамен су алып бара жатқан адамды кездестіресіңдер, оның соңынан еріп отырыңдар.
14Ол қай үйге барып кірсе, сол үйдің иесіне: -Ұстаз Өзінің шәкірттерімен бірге отырып, құрбандық асын ішетін бөлменің қайда екенін сұрап жатыр, - деп айтыңдар.
15Сонда ол сендерге жоғарыда дайын әрі жинаулы тұрған кең бөлмені көрсетеді. Міне, бізге асты сол бөлмеге дайындаңдар, - деді.
16Сонымен, Оның шәкірттері сол жерден шығып, қалаға барды, Иса өздеріне қалай айтқан болса, дәл сол жерді тауып алып, құрбандық асын дайындап қойды.
17Кеш батқанда Иса он екі шәкіртімен бірге сол жерге келді.
18Олар дастарқан басында отырып, ас іше бастағанда Иса шәкірттеріне: -Сендерге шындықты айтайын: Менімен бірге осында ас ішіп отырғандардың біреуі Мені ұстап береді, - деді.
19Осы сөзден кейін олар уайымға беріліп, бірінен соң бірі Исадан: - Мен емеспін бе? - деп сұрай бастады.
20-Менімен бірге табаққа нан батырып жатқан осы он екіңнің біреуі, - деп жауап берді Иса.
21Жазбада Адамның Ұлы жөнінде қалай жазылған болса, Ол солай жүріп келе жатыр, алайда Адам Ұлын ұстап берген сол адам қасіретке қалады! Сол адамның осы дүниеге келмегені жақсы болар еді, - деді.
22Олар ас ішіп отырғанда, Иса нанды алып, бата беріп жарылқаған соң, Ол шәкірттеріне нанды үзіп беріп тұрып: -Мынаны алыңдар, бұл - Менің денем, - деді.
23Сосын Ол тостағанды да алып, Құдайға алғыс айтып, оны да оларға ұсынды, бәрі әлгі тостағаннан ішті.
24-Бұл -көптеген адамдар үшін төгіліп, Менің қаныммен бекітілетін келісім, - деді Иса оларға.
25Сендерге шындықты айтайын: -Мен енді осы жүзім бұтасының шырынын Құдай патшалығындағы жаңа күн келгенге дейін ішпейтін боламын, - деді.
26Осыдан кейін олар мадақтау жырын айтты да, сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай кетті.
27-Бүгін түнде бәрің де сенімнен бас тартып кетесіңдер, -деді Иса сол жерге барған кезде, өйткені Жазбада: «Бағушыны ұрып-соғып, көзін құртамын, сонда Оның қойлары бытырап кетеді», - деп жазылған.
28Алайда Мен өлімнен қайта тірілгеннен кейін, сендерден бұрын Ғалилеяға барамын, - деді.
29-Бәрі бас тартып кетсе де, Мен бас тартпаймын, -деді Петір Оған.
30-Саған шындықты айтайын: осы түні әтеш екі рет шақырғанша, Сен Менен үш рет танасың, -деді Иса оған.
31-Егер де маған, тіпті, Сенімен бірге өлуге тура келсе де, мен Сенен бас тартпаймын, -деп Петір тұрып алды. Қалғандары да осыны айтты.
32Олар Гетсиман деп аталатын жерге келді, сонда Иса шәкірттеріне: -Мен барып, мінажат етемін, сендер осында болыңдар, - деді.
33Ол Өзімен бірге Петірді, Жақыпты және Жоханды ертіп алды. Оны үрей мен қайғы басты.
34-Менің жаным өлердей қатты күйзеліп тұр, сендер осында қалыңдар, бірақ сергек болыңдар! -деді Иса оларға.
35Иса біраз алға жүріп барып, етпетінен жерге жатып, мүмкін болса, осы бір сәттің Өзінен айналып өтіп кетуін сұрап мінәжат етті.
36-Авва! Әке! Саған бәрі де мүмкін, Менен осы бір тостағанды алып кетші, бірақ Менің емес, тек Сенің қалауың болсын, - деп өтінді.
37Қайтып келгенде олардың ұйықтап жатқанын көріп: -Шимон, ұйықтап қалдың ба? Тым болмаса, бір сағат та сергек болуға шамаң жетпеді ме? - деді Петірге.
38Азғырылу келмесін десеңдер, сергек болып, мінәжат етіңдер, өйткені рух дайын болғанмен, тән әлі де әлсіз, -деді.
39Ол тағы да сол жерге барып, алдында айтқан сөздерін қайталап, мінәжат етті.
40Қайта келгенде олардың тағы да ұйықтап жатқандарын көрді, өйткені оларды ұйқы басқандықтан, Оған не деп жауап беретіндерін білмеді.
41Иса сол жерге үшінші рет келіп: -Сендер әлі де ұйықтап, демалып жатырсыңдар ма? Жетер енді! Уақыт келді, міне, қазір Адамның Ұлын күнәкарлардың қолына ұстап береді-деді оларға.
42-Тұрыңдар, барайық! Міне, Мені ұстап беруші де жақындап қалды! - деді.
43Ол осыны айтып тұрған сәтте Өзінің он екі шәкіртінің бірі болған Иуда Исқариот бірінші бас қызметкерлер мен ру басыларының атынан семсер мен шоқпар асынған топты ертіп, сол жерге келді.
44Исаны сатып кеткен сатқын өзімен еріп келгендерге: «Кімді барып сүйсем, Ол-Соның Өзі, Оны ұстап алған соң, дереу алып кетіңдер», -деп алдын ала белгі беріп қойған болатын.
45Ол келген бойда бірден Оған жақындап келіп: -Равви! (Ұстаз!) - деп, Оны бетінен сүйді.
46Осыны күтіп, дайын тұрған олар Оны ұстап алды.
47Исаның қасында тұрғандардың біреуі семсерін суырып алып, бірінші бас қызметкердің құлына қарай сілтеп қалып, құлдың құлағын шауып түсірді.
48-Мені ұстау үшін қарақшыға қарсы шыққандай семсер, найзамен қаруланып келдіңдер ме? - деді Иса оларға.
49Мен күн сайын сендермен бірге болып, ғибадатханада сендерге тәлім берген сәтте Мені ұстаған жоқсыңдар. Алайда Жазбада жазылғандар дәл осылай орындалуы тиіс болған, - деді.
50Сол кезде барлық шәкірттері Оны жалғыз қалдырып, қашып кетті.
51Тек киімсіз жалаңаш денесіне жамылғы жамылған белгісіз бір жас жігіт олардың артынан еріп отырды, бірақ оны да ұстап алды.
52Сонда ол үстіндегі жамылғысын тастай салып, жалаңаш күйінде қашып кетті.
53Исаны бірінші бас қызметкердің алдына алып келді, бірінші бас қызметкерлер мен ру басшылары және Таурат заңын зерттеушілердің бәрі де сол жерге жиналды.
54Олар бірінші бас қызметкердің ауласына кіріп кеткенге дейін, Петір Оның соңынан алыстан еріп отырды, одан кейін сол жерде отқа жылынып отырған қызметкерлердің қасына барып отырды.
55Бірінші бас қызметкерлер мен бүкіл жоғарғы кеңесшілер алқасы Исаны өлтіру үшін, Оған қарсы айғақ болатын куәлік іздеді, алайда таба алмады.
56Сонда да көпшілігі Оған қарсы жалған куәліктер берумен болды, алайда олардың куәліктері де дәлелсіз болды.
57Олардың кейбіреулері орындарынан тұрып, Оған қарсы мынадай жалған куәлікті айтты.
58«Мынау адам қолымен салынған ғибадатхананы құлатып, оны үш күннің ішінде ешқандай қолдың көмегінсіз қайта тұрғызамын», -деп Оның айтқанын біздер естідік.
59Алайда олардың бұл куәліктері де жеткіліксіз болды.
60Сонда бірінші бас қызметкер орнынан тұрды да, ортаға шығып Исадан: -Жауап бермейсің бе? Онда неге бұлар Саған қарсы куәлік беріп тұр? - деп сұрады.
61Алайда Иса үндемеді және ешқандай жауап та бермеді. Бірінші бас қызметкер Исаға тағы да сұрақ қойып: -Сен Жарылқаушының Ұлы Мәсіхсің бе? - деп сұрады Одан.
62-Мен Соның Өзі боламын! Сондықтан сендер сол Адам Ұлының Құдіреті Күштінің оң жағына барып отырғанын және Оны бұлттардың үстімен көктен келе жатқанын көретін боласыңдар, - деді сонда Иса.
63Әлгі бірінші бас қызметкер өзінің үстіндегі киімін айыра жыртып жіберіп: -Енді куәгерлердің қажеті қанша? -деді.
64-Құдайды қалай қорлағанын өздерің естідіңдер ғой. Сонымен, сендер қандай шешім шығарасыңдар? -деді. Сол жерде тұрғандардың бәрі Оны өлім жазасына кесті.
65Сол кезде олардың кейбіреуі келіп, Оның бетіне түкіре бастады, содан кейін Оның бетін бүркеп жауып, Оны жұдырықтап: -Пайғамбарлығыңды көрсет! -десті. Осыдан кейін күзетшілер келіп, Оны ұрып - соға бастады.
66Ауланың төменгі жағында тұрған Петірге бірінші бас қызметкердің қызметшісі болған бір жас әйел жақындап келді,
67отқа жылынып тұрған Петрді көре салып, оған: - Сен де Осы Назареттік Исамен бірге болып едің ғой, - деді.
68-Сенің не айтып тұрғаныңды мен білмеймін және білгім де келмейді, -деп мүлдем мойындамады. Осылай деген ол алдыңғы аулаға қарай шығып кетті, сол кезде әтештің шақырған даусы естілді.
69Алайда Петірді көріп қойған әлгі жас қызметші әйел қасында тұрғандарға: -Солардың біреуі осы болатын, -деп тағы қайталады.
70Бірақ Петір осы жолы тағы да үзілді-кесілді бас тартты. Содан біраз уақыт өткен соң, қасында тұрғандар Петірге: -Шынында да, солардың бірі сен едің ғой, өйткені сен-Ғалилеялықсың, - деді.
71Сонда Петір қарғанып, ант-су ішіп: -Сендер айтып тұрған Сол адамды мен танымаймын, - деді.
72Сол сәтте екінші рет әтештің шақырған даусы естілді, сонда Петірдің есіне Исаның : «Әтеш екі рет шақырмай жатып, сен Менен үш рет бас тартасың», -деп айтқан сөзі түсті, сонда ол қатты өкініп жылады.

Избрани в момента:

Марқа 14: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте