YouVersion Logo
Search Icon

Елшіл. істері 7

7
Степанның Жоғарғы кеңес алдындағы сөзі
1Сонда бас діни қызметкер Степанға:
— Осы айтылғандар рас па? — деген сұрақ қойды. 2Ол былай деп жауап берді:
— Қадірлі ағайындар мен ақсақалдар, сөзіме құлақ түріңіздер! Арғы атамыз Ыбырайым Харан жеріне әлі орын теппей тұрып, Месопотамия өлкесінде#7:2 Харан: қазіргі Түркияның оңтүстік-шығыс жағындағы қала мен аймақ. Месопотамия: қазіргі Ирак еліндегі Евфрат пен Тигр өзендерінің алқабы (Жар 11:31; 12:1-4; 15:7). жүрген кезінде оған салтанатты ұлылыққа бөленген Құдай аян беріп: 3«Сен еліңді, туған-туысқандарыңды тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш!»#7:3 Жар 12:1. — деген.
4Сонда Ыбырайым пайғамбар халдейлер#7:4 Ежелде Месопотамияның оңтүстік жағын мекендеген ұлт (7:2; Жар 11:28,31). елін тастап, Харанды мекендеді. Әкесі өлгеннен кейін Құдай оны сол жақтан сіздер қазір тұрып жатқан осы жерге көшірді. 5Дегенмен Құдай оған бұл елден мұра бермеген, тіпті бір сүйем жер де бермеген. Алайда Ол: «Осы жерді Мен өзіңе және ұрпақтарыңа сыйлаймын», — деп уәде берген еді.#7:5 Жар 12:7; 17:8. Ал сол кезде Ыбырайымның баласы жоқ болатын. 6Құдай мына тәрізді сөздер айтты: «Сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді. 7Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден көшіп шығады» және олар Маған осы жерде ғибадат ететін болады.#7:7 Жар 15:13-14; Мыс 3:12.
8Сол кезде Құдай Ыбырайыммен қасиетті Келісім жасап, сүндеттеу рәсімін соның белгісі қылды. Сондықтан Ыбырайым ұлы Ысқақ туғаннан кейін сегізінші күні оны сүндеттеді. Ысқақтан Жақып туып, Жақып (біздің халқымыздың) он екі рубасының әкесі болды.
9Ал солар қызғаныштан (туған бауырлары) Жүсіпті Мысырға сатып жібереді. Бірақ Құдай жар болып, оны басына түскен қиыншылықтың бәрінен құтқарады.#7:9 Жар 37:8-11,18-28,36; 39:1-6,21-23; 40:8,22-23; 41:9-14. 10Ол Жүсіпке даналық сыйлап, Мысырдың патшасы перғауынның ықыласына бөлейді. Перғауын оны Мысырға және өзінің бүкіл сарайына әмірші етіп қояды.#7:10 Жар 41:37-43.
11Бір кезде бүкіл Мысыр мен Қанахан елдері ашаршылыққа ұшырап, қатты қиыншылық көріп, ата-бабаларымыз азық-түліксіз қалады. 12Мысырдан астық табуға болады дегенді естіген Жақып ұлдарын#7:12 Немесе: ата-бабаларымызды (яки рубасыларды) (Жар 42:1-2). сол жаққа жібереді; бұл олардың алғашқы сапары болатын. 13Олар екінші рет сапарлап барғанда, Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін ашады, осылайша перғауын оның шыққан тегін біліп алады. 14Жүсіп әкесі Жақып пен барлық қандас туысқандарын — жалпы саны жетпіс бес жанды өзінің қасына көшіп келуге шақырады. 15Содан Жақып Мысырға көшіп барады. Ол да, оның ұлдары да сол елде қайтыс болып, 16Сихем деген жерге апарылып, қабірге қойылады. Қабірді Ыбырайым Сихемдегі Хамордың балаларынан күміс ақшаға сатып алған болатын.#7:16 Жар 23:17-18; 25:9-11; 35:29; 50:13; 33:19; Еш 24:32.
17Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесінің орындалатын мерзімі жақындаған сайын Мысырдағы ұрпақтары өсіп, көбейе береді. 18Бұл жағдай Жүсіп туралы білмейтін бір бөтен патша Мысырға билік құрғанға дейін созылады. 19Сол патша халқымызға зымиян болып, аталарымызға қысымшылық көрсетеді. Ол соларды тіпті жаңа туған нәрестелерін тірі қалмаулары үшін жалғыз тастап кетуге мәжбүрлейді.#7:19 Мыс 1:8,10-11,22.
20Осы кезде Мұса пайғамбар дүниеге келеді. Құдайдың көз алдында ерекше бала болған ол үш ай бойы ата-анасының үйінде өседі. 21Бұлар оны амалсыздан тастап кеткенде перғауынның қызы бауырына басып, сәбиді туған баласындай тәрбиелейді.#7:21 Мыс 2:3-10. 22Осылай Мұса мысырлықтардың бүкіл даналығын оқып-үйреніп, сөзі мен ісінің арқасында ықпалды адам болады.
23Мұса қырық жасқа келгенде, оның жүрегінде исраилдік ұлттастарыма барып, жағдайларын көрсем деген ниет туындады. 24Ол соларға барғанда біреуіне бір мысырлықтың қол жұмсап жатқанын байқайды. Мұса ұлттасына болысып, әділетсіздіктің есесін қайтарып мысырлық жігітті өлтіреді.#7:24 Мыс 2:1-12. 25Мұса Құдайдың менің қолым арқылы өздеріне азаттық алып беретінін ұлттас ағайындарым түсінер деп ойлайды. Бірақ олар мұны түсінген жоқ.
26Келесі күні екі исраилдіктің төбелесіп жатқанын көргенде Мұса оларды татуластырғысы келіп: «Жігіттер, сендер бауырлассыңдар ғой! Қойыңдар, бір-біріңді неге жәбірлейсіңдер?» — дейді. 27Бірақ елдесін жәбірлеуші жігіт Мұсаны итеріп жіберіп: «Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады? 28Сен немене, кешегі мысырлықты өлтіргендей, мені де өлтірмексің бе?» — дейді. 29Мұса бұл сөзден шошып, қашып кетеді. Мадиян#7:29 Мадиян: Ежелде Қызыл теңіздегі Ақаба шығанағының екі жағын мекендеген тайпа (Мыс 2:13-15). елінде жат жұрттық келімсек ретінде тұрып, екі балаға әке болады.
30Қырық жылдан кейін Синай тауының маңындағы айдалада жүргенде, Мұсаға жанып жатқан бір тікенді бұтаның жалынынан періште аян береді. 31Мұны байқаған Мұса көрініске қатты таңғалады. Анықтап қарауға жақындағанда ол Жаратқан Иенің: 32«Мен ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» деген даусын естиді. Бұдан қорқып, дірілдеп кеткен Мұсаның қарауға дәті бармайды. 33Сонда Иеміз оған былай дейді: «Аяқкиіміңді шеш! Сен басып тұрған осы жер киелі. 34Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, күңіренген ыңқылына құлақ салып келемін. Сондықтан Мен оларды азат ету үшін көктен түстім. Кәне, жүр, Мен сені Мысырға жіберемін!»#7:34 Мыс 3:1-10.
35«Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады?» деп бауырластары бас тартқан кісі осы Мұса еді. Бірақ тікенді бұтада аян берген періште арқылы Құдайдың Өзі оны басшы және құтқарушы ретінде жіберді ғой. 36Осы Мұса бауырластарын бастап алып шығып, Мысырда және Қызыл теңізде, одан кейін қырық жыл бойы айдалада көшіп-қонып жүргенде, Жаратқан Иенің құдіретін көрсететін кереметтер жасады.#7:36 Мыс 7:3; 12:41; 14:21-22; 16:11-14,35; 17:5-6. 37Кейін Исраилдің үрім-бұтағына: «Құдай сендерге мен сияқты бір пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады» деген кісі де осы Мұса еді.#7:37 3:22; Заң 18:15. 38Синай тауының басында өзіне сөйлеген періштенің сөздерін ата-бабаларымызға айдаладағы жиналыста жеткізген кісі де осы Мұса болатын. Сол жерде ол шынайы өмірге жөн сілтейтін сөздерді бізге тапсыру үшін қабылдап алған еді.#7:38 Мыс 19:1-6,17; Заң 32:46-47.
39Бірақ ата-бабаларымыз Мұсаны тыңдағылары келмей, кеудесінен итерді. Жүректерінің қалауы қайтадан Мысырға ауды.#7:39 (Рул 14:3-4) Яки: Есіл-дерттері қайтадан Мысырға ауды. 40Олар Һароннан: «Бізге алдымызда жүріп отыратын тәңір мүсіндерін жасап беріңіз! Өйткені бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан ана Мұсаға не болғанын білмейміз», — деп талап етті.#7:40 Сол кезде Мұса пайғамбар қырық күн бойы Синай тауының басында Құдайға сиынып, Одан Таурат заңының он өсиетін қабылдап алды. Һарон: Мұсаның туған ағасы (Мыс 4:14; 32:1,23). 41Олар сол күндері жас бұқаның мүсінін жасап, соған арнап құрбандық шалып, өз қолдарынан шыққан осы «тәңірге» қатты қуанып, көңілдерін көтерді.
42Ал Құдай халықтан сырт айналып кетті де, оларды аспан денелеріне құлшылық етуге қалдырды. Осы туралы Пайғамбарлар жазбаларында былай деп жазылған: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендер қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүрген ежелгі уақыттарыңда құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларыңды Маған бағыштадыңдар ма? 43Жоқ, сендер (жалған тәңір) Молохтың мүсіні орналасқан шатырды және тәңірсымақтарың Ремфан жұлдызының бейнесін бірге алып жүрдіңдер! Бұларды құлшылық етіп табынуларың үшін өздерің жасап алған едіңдер. Сондықтан Мен сендерді жер аударып жіберемін», тіпті Бабылдан да әрі!#7:43 Амо 5:25-27.
44Айдалада жүрген кезінде ата-бабаларымызда Құдай олармен жасаған Келісімнің куәліктері сақталған шатыр бар болатын. Сол киелі шатыр Құдайдың берген әмірімен тура Мұса көрген үлгіге сай жасалған еді. 45Кейін Құдай Қанахандағы халықтарды қуып жіберді. Ата-бабаларымыз Ешуаның жетекшілігімен солардың жерін иемденіп алған кезде киелі шатырды осы елге әкелді. Шатыр Дәуіт пайғамбардың заманына дейін сонда тұрды.#7:45 Еш 3:1,14-17; 18:1; 23:9-10. 46Дәуіт Құдайдың ризашылығына ие болды. Ол Жақыптың сиынған Құдайының жер бетінде мекендейтін киелі үйін салмақшы еді. Сол үшін Құдайдан рұқсат сұрады.#7:46 Пат2 7:1-13. 47Бірақ киелі үйді салған Дәуіт емес, оның ұлы Сүлеймен#7:47 Сүлеймен: б.з. 1000 жыл бұрын өмір сүрген Исраилдің танымал патшасы (Пат2 7:2-16; Пат3 6:1-38). болды.
48Алайда Құдай Тағала адам салған үйлерде тұрмайды. Ишая пайғамбар Оның былай деп айтқанын жазып қалдырды: 49«Көк — Менің «тағым», ал жер — «табан тіренішім» секілді. Сонда сендер Маған қандай үй салып бермексіңдер? — дейді Жаратқан Ие. — Яки тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! 50Осы әлем түгел Менің қолымнан шықты емес пе?»#7:50 Иш 66:1-2; Шеж2 6:18.
51Ей, қасарысқандар! Құдайға шын жүректен бағынбай, Оның сөзіне құлақ салмайтын сіздер болып тұрсыздар. Ата-бабаларыңызға ұқсап Киелі Рухқа әлі де қарсы шығып келе жатырсыздар. 52Ата-бабаларыңыз пайғамбарлардың қайсысын қудаламап еді! Олар Құдайдың әділ Қызметшісінің келуін алдын ала жариялаған хабаршыларын өлтірді. Сіздер енді Соның Өзін ұстап берген сатқын, өлтірген қанішер болдыңыздар!#7:52 3:14; Мат 5:11-12; 23:34-35,37. 53Періштелердің қызметі арқылы Таурат заңын қабылдағанмен, оны ұстанбай келесіздер!
Степанның өлтірілуі әрі Саулдың қауымды қудалауы
54Жоғарғы кеңес мүшелері мұны естігенде, жарылып кетердей ашуланып, Степанға тістерін қайрады. 55Ал Киелі Рухқа кенелген Степан көкке қадала қарап, Құдайдың нұрлы салтанатын және Исаның Оның оң жағында тұрғанын көрді.#7:55 1:9-11; 2:33; Лұқ 22:69-70. 56Содан ол:
— Міне, ғажап, көктің ашылғанын және көктен келіп, сонда қайта оралған Билеушінің#7:56 Немесе: «Адам Ұлының» (Лұқ 5:24; 9:22; 22:69-70; 24:5-7,50-51; Түсіндірмені де қараңыз). Құдайдың оң жағындағы құрметті орнында тұрғанын көріп тұрмын! — деп дауыстап жіберді.
57Ал олар құлақтарын жауып алып, айқай-шу шығарып, бәрі бірдей Степанға бас салды. 58Оны қаладан қуып шығып, тас лақтыра бастады. Куәгерлер шапандарын шешіп, Саул#7:58 8:1,3; 9:1,4-5,17. есімді жас жігіттің алдына жинап қойды. 59Олар тас лақтырып ұрып жатқанда, Степан: «Уа, Ием Иса, рухымды Өзіңе ала гөр! — деп сиынды.#7:59 Лұқ 23:46; Жыр 30:6. 60Тізерлеп отыра қалған ол қатты дауыстап: — Ием, олардың бұл күнәсін мойындарына арта көрме!»#7:60 Лұқ 23:34; 6:27-28. — деді. Осыларды айтысымен ол жан тапсырды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Елшіл. істері 7