YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 39

39
Жүсіптің мысырлық уәзірге адал қызмет еткенмен, түрмеге түсуі
1Ал Жүсіп болса, ысмағұлдық саудагерлер оны Мысырға апарған еді. Сол жерде Потифар есімді мысырлық уәзір Жүсіпті олардан сатып алды. Потифар перғауынның бас қорғаушысы болатын.#39:1 37:36.
2Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды. 3Қожайыны Жаратқан Иенің Жүсіпке жар болып, оның қолы тиген заттың бәрінің орайын келтіріп отырғанына көз жеткізіп, 4оған мейірімін түсірді. Уәзір Жүсіпті жеке қызметшісі қылып, сарайын басқартып, өзіндегі барлық дүние-мүлікті де оның жауапкершілігіне тапсырды. 5Қожайыны Жүсіпке сарайын, барлық дүние-мүлкін сеніп тапсырғаннан бері Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі және даладағы барлық иелігін де Жүсіпке бола жарылқап, батасын қондырды. 6Сол себептен Потифар өзіндегінің бәрін де Жүсіпке сеніп тапсырып, тек күнделікті жейтін тамағының ғана қамын ойлады.
Ал Жүсіп дене бітімі келісті, келбетті жігіт еді. 7Күндердің күнінде қожайынының әйелінің көзі Жүсіпке түсіп:
— Жүр, бірге болайық, — деп еліктіреді. 8Бірақ Жүсіп одан бас тартып:
— Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық істі маған сеніп тапсырып, еш нәрсемен айналыспайды. 9Бұл үйдегі малайлардың ешқайсысы менен жоғары емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?! — дейді.
10Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес.
11Алайда бір күні Жүсіп жұмысын атқарып жүріп, үйге кірсе, басқа ешбір ер адам жоқ екен. 12Сонда әлгі әйел оның шапанының етегінен ұстай алып: «Жүр, бірге болайық», — деп бұйырады. Бірақ Жүсіп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнеледі.
13Жүсіптің шапанын тастай, үйден тұра қашқанын көргенде, 14қожайынының әйелі үй қызметшілерін шақырып: «Қараңдаршы, мына көшпендіні#39:14 Немесе: мына еберлікті (10:21,25; 11:14-26; 14:13). бізді мазақтасын деп алып келіпті! Ол үйге кіріп, мені зорламақшы болды! Бірақ мен қатты айқайладым. 15Ол айқайымды естісімен шапанын қасыма тастай сала, қаша жөнелді», — деп байбалам салады.
16Күйеуі үйге келгенше, әйел шапанды қасына қояды. 17Күйеуіне де сол әңгімені айтып беріп: «Сенің бізге алып келген көшпенді құлың мені мазақ етпекші болды! 18Бірақ мен шу көтеріп, айқайлағанда шапанын қасыма тастай сала, тұра қашты», — дейді.
19Қожайыны әйелінің «Сенің құлың маған осыны істеді» деген сөзін естігенде, қатты ашуланды. 20Ол Жүсіпті ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жапқызып тастайды.
21Алайда Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төгіп, түрме бастығының мейіріміне кезіктірді. 22Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды. 23Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысына да бастық көңіл бөлмеді. Себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Жаратылыстың баст. 39