Жохан 21
21
Мәсіхтің шәкірттерімен көл жағасында кездесуі
1Бұдан кейін Иса Тіберия көлінің жағасында#21:1 Яки: Ғалилея көлінің жағасында (6:1). тағы бір рет шәкірттеріне көрінді. Бұл былай болған еді: 2Шимон Петір, Сыңарлас Тома, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл, Зебедейдің ұлдары#21:2 Яғни Жохан мен Жақып (Мат 4:21). және Исаның тағы басқа екі шәкірті бәрі бірге болды. 3Сонда Петір серіктеріне:
— Мен балық аулауға бара жатырмын, — деді.
— Біз де барайық, — деді олар. Содан барлығы сыртқа шығып, қайыққа мінді. Алайда сол түні олар түк те ұстай алған жоқ.
4Таң сәріде Иса жағада тұрды, бірақ шәкірттері Оның Сол екенін білмеді. 5Иса оларға:
— Жігіттер, балықтарың бар ма? — деп үн қатты. Олар:
— Жоқ, — деп жауап берді.
6— Ауды қайықтың оң жағынан салыңдар, сонда біразын ұстайсыңдар, — деді Иса. Олар ауын тастаған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады. 7Сол кезде Исаның жақсы көретін шәкірті#21:7 Яғни Жохан (20:2; 21:20). Петірге: «Бұл — Иеміз ғой!» — деді.
«Бұл — Иеміз ғой!» дегенді естігенде, сырт киімсіз жүрген Шимон Петір көйлегін буып алып, суға секірді. 8Басқа шәкірттер де қайықпен жағаға беттеді, олар жағалаудан алыс емес, жүз метрдей жерде жүрген еді. Бұлар балыққа толы ауды сүйретіп келді. 9Жағалауға шыққан олар күйген ағашпен жағылған отты, оның үстіндегі балық пен нанды көрді.
10Иса оларға: «Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер!» — деді. 11Петір суға түсіп, үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағалауға сүйреп шығарды, бір жүз елу үш балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты. 12Иса оларды: «Енді келіп, тамақтаныңдар!» — деп шақырды. Шәкірттердің ешқайсысының: «Кімсіз?» — деп сұрауға батылы бармады. Себебі олар Оның Иеміз екенін білді. 13Иса келіп, нан алып, бұларға үлестіріп, балықтан да берді. 14Бұл Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі үшінші рет шәкірттеріне көрінуі еді.
Мәсіхтің Петірге арнаған тапсырмасы
15Олар тамақтанып алғаннан кейін, Иса Шимон Петірден:
— Жохан ұлы Шимон, сен Мені мыналарға қарағанда көбірек сүйесің бе? — деп сұрады.
— Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой.
— Тоқты-қозыларымды бақ!#21:15 Яки: Тоқты-қозыларын қорыған қойшыдай, Менің жолыма түскендерді қарап жүр! (10:14-15,27-28)
16Иса екінші рет:
— Жохан ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе? — деп сұрады.
— Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой. — Иса оған:
— Қойларымды бағып жүр!#21:16 Яки: Қойларын қорыған шопандай, Менің жолымды қуғандарды қарап жүр! (21:17; Пет1 5:2-3) — деп тапсырды.
17Иса үшінші рет:
— Жохан ұлы Шимон, сен Мені жақсы көресің бе? — деп сұрады.
Иса: «Сен Мені жақсы көресің бе?» деп үшінші рет сұрағандықтан Петір мұңайып:
— Ием, Сіз бәрін де білесіз, Сізді жақсы көретінімді де білесіз, — деді. Иса оған:
— Қойларыма қарап жүр! 18Саған өте маңызды шындықты айтамын: жас кезіңде сен беліңді өзің байлап, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың,#21:18 Алғашқы кездегі сенушілер мұны Петір болашақта айқышқа шегеленіп шейіт болады деген пайғамбарлық сөз деп дұрыс түсінді. сонда басқа біреу беліңді байлап, барғың келмеген жаққа еріксіз ертіп кететін болады, — деді.
19Иса мұны Петірдің кейінірек қандай ажалмен өлетінін алдын ала білдіру үшін айтты. Сол өлімі арқылы ол Құдайдың ұлылығын паш ететін болды.#21:19 Мат 16:24; Пет1 4:12-14; Пет2 1:14. Иса осыдан кейін оған: «Мен жүріп өткен жолмен жүр!»#21:19 Немесе: Менің соңымнан ілес! — деп тапсырды.
20Петір артына бұрылып, Исаның жақсы көретін шәкіртінің ілесіп келе жатқанын көрді. Ол кешкі ас кезінде Исаның қасында жантайып жатып: «Мырза, Сізге опасыздық жасайтын сол адам кім?» — деп сұраған шәкірт еді.#21:20 Яғни Жохан (13:21-25). 21Петір сол шәкіртті көргенде Исаға:
— Ием, ал мынау ше? — деді. 22Иса:
— Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар? Өзің Мен жүріп өткен жолмен жүр! — деп жауап берді.
23Бұдан кейін бауырластар#21:23 Яғни Мәсіх Исаға сенушілер (20:17; Елш 9:30). арасында «сол шәкірт өлмейді» деген сөз тарады. Бірақ Иса Петірге «өлмейді» деп айтқан жоқ. «Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенің не шаруаң бар?» деген еді.
Соңғы сөз
24Осының бәріне куә болып, барлығын жазып қалдырған — әлгі шәкірт. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз.#21:24 Бұл мәліметті Ефес қаласындағы қауым жетекшілері қосқан болса керек (Жазба туралы мәліметті қараңыз). Әлгі шәкірт: Жохан (21:20).
25Исаның істеп кеткен көптеген басқа да істері бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиісті кітаптар, менің ойымша, бұл дүниеге сыймас еді. (Аумин)
Currently Selected:
Жохан 21: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.