YouVersion Logo
Search Icon

Жохан 16

16
1Мен мұны сендер сенімнен таймасын деп айтып тұрмын.
2Себебі олар сендерді синагогаларынан қуып шығып, өлімге қияды, тіпті, олардың әрқайсысы Құдайға осылайша қызмет етіп жатырмыз деген ойда болады.
3Олар бұл іс-әрекетті не Әкені, не Мені білмегендіктен істейді.
4Мен мұны сендерге осы уақыт келген кезде, Менің айтқандарымды естеріңе түсіру үшін айтып тұрмын. Ең басында Мен өздеріңмен бірге болғандықтан, сендерге бұл жайында айтпадым.
5Мен енді Өзімді Жібергенге бармақпын. Сендердің ешқайсыларың Менен: «Сен қайда бара жатырсың?» -деп сұраған жоқсыңдар.
6Себебі Мен осы жайтты сендерге айтқан кезде, сендердің жүректерің қайғыға толып кетті.
7Алайда Мен сендерге шындықты айтып тұрмын: Менің кеткенім сендерге пайдалы болады. Егер де Мен кетпейтін болсам, онда сендерге Қамқоршы келмейді. Мен Оны тек сол жаққа барғанда ғана сендерге жіберемін.
8Ол келген соң, осы әлемді әшкерелеу үшін, күнә туралы, әділдік туралы және сот туралы Ол айтып жеткізетін болады.
9Енді күнә туралы айтсақ, олардың күнәсі -Маған сенбегені.
10Ал әділдікке келсек, Мен Әкеге барамын, енді бұдан былай сендер Мені көрмейсіңдер.
11Енді сот туралы айтсақ, осы әлемнің билеушісі сотталды.
12Сендерге айтарым әлі де көп, алайда сендер қазір оны көтере алмайсыңдар.
13Ал келетін Рух -Ол шындықтың Рухы, міне, сол Рух келгеннен кейін, сендердің әрбіреуіңді шындыққа жетелейді. Өйткені Ол Өз атынан сөйлемейді, керісінше, Ол нені естісе, тек соны айтады және Ол алдағы болатын жайттарды ашып, жариялап тұрады.
14Мені даңққа бөлейтін -Сол, себебі Ол Менен алғанды сендерге жариялап отырады.
15Әкемде бардың бәрі -Менікі, сондықтан Мен сендерге, ал Ол Менен алып, сендерге жариялайды деп айттым.
16Енді біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, алайда біраз уақыт өткен соң, Мені қайтадан көретін боласыңдар, -деді.
17Сонда Оның шәкірттері бір-біріне былай деді: «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, алайда біраз уақыттан кейін Мені қайтадан көресіңдер», «Мен Әкеме барамын», -деп бізге неге айтып тұр?
18Олар: -«Біраз уақыттан кейін» дегені нені білдіреді? Оның не жайында айтқанын түсінбедік, - деп жатты.
19Иса олардың Өзінен не жайында сұрағысы келіп тұрғандарын біліп, оларға: -Менің сендерге: «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, алайда біраз уақыттан кейін Мені қайтадан көретін боласыңдар», -деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрастырып, соған жауап іздеп жатырсыңдар ма?
20Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: сендер жылап және жоқтау айтатын боласыңдар. Бұған осы әлем қуанатын болады, ал сендер қайғыда боласыңдар, бірақ сендердің қайғыларың қуанышқа айналады.
21Әйел босанатын кезде қайғыра бастайды, өйткені оның сондай күйге түсетін уақыты келді. Ал нәрестесін туып, босанғаннан кейін, осы әлемге адам келді деген қуаныштың арқасында, ол әлгі қиналған кезін есіне де алмайды.
22Міне, сендер де дәл сондай қайғылы күйде тұрсыңдар, ал Мен өздеріңмен қайтадан көрісіп, қауышқан сәтте сендердің жүректерің қуанышты күйде болады. Сендердің сол қуанышты сәттеріңді ешкім сендерден тартып ала алмайды.
23Сол күн келгенге дейін сендер Менен еш нәрсе де сұрамайсыңдар. Сендерге шындықты, тек шындықты айтайын: Әкеден не сұрасаңдар, оны тек Менің атымнан сұраңдар, сонда сол сендерге берілетін болады.
24Осы уақытқа дейін сендер Менің атыммен еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар, ал енді сендердің қуанышты сәттерің толық болу үшін, сұраңдар, сонда аласыңдар.
25Мен сендерге мұны астарлап айттым, алайда енді сендерге астарлап емес, Әкем туралы сендерге ашық айтатын уақыт келді.
26Сол күннен бастап, Менің атымнан сұрайтын боласыңдар. Әкеден Мен сендер жайында өтініп сұрамаймын деп айтпаймын.
27Әкенің Өзі сендерді өте қатты жақсы көреді, өйткені сендер де Мені жақсы көрдіңдер және Менің Құдайдан осында келгеніме сендер сендіңдер.
28Мен Әкеден осы әлемге келдім. Енді, міне, Мен осы әлемді қалдырып, Әкеме бара жатырмын, - деді.
29Сонда Оның шәкірттері: -Міне, енді еш нәрсені бүкпей, ашық айтып тұрсың.
30Сенің бәрін де білетініңді енді біз түсінеміз. Саған біреуден бір нәрсе туралы сұраудың да қажеті жоқ. Сондықтан Сенің Құдайдан осында келгеніңе біз сеніп тұрмыз, - деді.
31Иса оларға: - Енді сенесіңдер ме? - деді.
32Міне, енді сендердің әрқайсысың жан -жаққа бытырап кетіп, Мені жападан-жалғыз қалдыратын уақыттарың да келді. Бірақ Мен жалғыз болмаймын, өйткені Менің Әкем бар, Ол Менімен бірге болады.
33Мен мұны сендер Мендегі тыныштыққа ие болсын деп айтып тұрмын. Осы әлемнен зорлық -зомбылық көресіңдер, алайда батыл болыңдар! Мен осы әлемді жеңдім! - деді.

Currently Selected:

Жохан 16: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in