YouVersion Logo
Search Icon

Жохан 4

4
1Жақияға қарағанда Исаның дайындаған шәкірттері адамдарды көбірек суға батырып шомылдырудан өткізіпті деген сыбыстың фарисейлерге жеткенін Иса білді.
2Негізінде, суға батырып шомылдыруды Исаның Өзі өткізген жоқ, Оның шәкірттері істеген болатын.
3Иса Яһудеяны тастап, қайтадан Ғалилея жеріне бармақшы болды.
4Бірақ Оның Самария аймағы арқылы өтуіне тура келді.
5Сөйтіп, Ол Самария еліндегі Сихар деген қалаға келді, Жақыптың бір кездері өз ұлы Жүсіпке берген жері де осы қалаға жақын болатын және
6сол жерде Жақыптың құдығы бар еді. Иса жолдан шаршап, сол құдықтың басына келіп отырды. Уақыт мөлшері алтының кезі болатын.
7Сол кезде бір самариялық әйел құдыққа су алуға келді. Сонда Иса әлгі әйелге: - Маған ішетін су берші, - деді.
8Бұл кезде Оның шәкірттері тамақ сатып алу үшін, қалаға кеткен болатын.
9Сонда әлгі самариялық әйел Исаға: -Сен Өзің яһудей бола тұра, мына мен секілді самариялық әйелден қалайша су сұрап тұрсың? -деді. (Себебі яһудейлер мен самариялықтар бір-бірімен араласпайтын).
10Иса әлгі әйелге жауап қатып: -Егер де сен Құдайдың сыйын әрі: «Маған су берші», -деп тұрғанның Кім екенін білген болсаң, өзің Одан су сұрар едің, сонда Ол саған «тірі суды» беруші еді, - деді.
11Әлгі әйел Исаға: - Мырза, су алатын ыдысың да жоқ, ал құдық болса терең, сол тірі суды қайдан аласың?
12Әлде Сенің мәртебең осы құдықты бізге беріп кеткен, одан өзі де, оның ұлдары мен малдары да су ішкен әкеміз Жақыптан да өте жоғары ма? - деді.
13Сонда Иса әлгі әйелге: -Мына судан ішкен әркімнің шөлі қанбай, шөлдей беретін болады,
14ал Мен беретін судан ішкен әркімнің шөлі қанып, ол мәңгілік шөлдемейтін болады. Себебі Мен берген су оның бойында ағып жататын мәңгілік өмірдің қайнар көзі әрі бастауы болмақ, - деді.
15Сол кезде әлгі әйел Оған: -Мырза, онда маған да сол судан берші, мен де шөлімді қандырып, енді су алу үшін осында келмейтін болайын, - деді.
16Иса әйелге: -Онда бар да, күйеуіңді шақыр, содан кейін өзің осында қайтып кел, - деді.
17Сонда әлгі әйел: -Менің күйеуім жоқ, -деп жауап берді. Иса оған: - Күйеуім жоқ, - дегенің дұрыс.
18Негізінде, бес рет күйеуге шықтың, қазір қасыңда жүрген ол да күйеуің емес, бұл айтқаның шындық, -деді.
19Содан кейін әйел Исаға: -Мырза, Сенің пайғамбар екеніңді көріп тұрмын,
20біздің ата-бабаларымыз мына таудың басына келіп табынатын, алайда сіздер табынуға арналған орын тек Иерусалимде орналасқан дейсіздер, - деді.
21Иса әйелге: -Әйел, сендердің Әкеге мына тауда немесе Иерусалимде табынбайтын уақыттарың келеді, Маған сен, -деді.
22Сендер кімге табынып жүргендеріңді білмейсіңдер, ал біз Кімге табынып жүргенімізді білеміз, өйткені құтқарылудың тек яһудейлер жағынан келетіні айдан анық болып тұр.
23Себебі шынайы табынушылардың уақыты, міне, енді келді және сол сәт басталып та кетті, табынатындар енді Әкеге тек Рухпен және шындықпен ғана табынатын болады, Әке Өзіне тек осылай табынатындарды ғана іздейді.
24Құдай-Ол Рух, ондықтан Оған табынатындардың Рух пен шындықта табынғандары аса қажет болып тұр, -деді.
25Сол кезде әйел Исаға: -«Мәсіх» деп аталатын «Құтқарушының» келуге тиіс екенін білемін. Ол келген кезде, бізге бәрін ашып айтып береді, - деді.
26Сонда Иса: -Сенімен сөйлесіп тұрған мына Мен -нақ Соның Өзімін, - деді әйелге.
27Осы кезде Оның шәкірттері де келді, олар Оның әйелмен сөйлесіп тұрғанын көріп, аң-таң болды. Алайда олардың ешқайсысы: «Не іздеп жүрсің?» немесе «Неге Ол әйелмен сөйлесіп тұрсың?» - деп сұраған жоқ.
28Әйел өзінің су алып жүрген ыдысын сол жерде қалдырды да, қаладағы адамдарға барып:
29-Менің барлық істеген істерім жайында айтып берген Адамды барып көріңдер! Сол Мәсіх емес пе екен? - деді.
30Олар қаладан шығып, Оны көруге сонда келді.
31Сол арада шәкірттері Оған: -Ұстаз, (Равви) тамақтанып ал, - деп Оған өтініш білдірді.
32Иса оларға: -Менің жейтін «азығымды» сендер білмейсіңдер, - деді.
33Ал шәкірттері бір-біріне: -Біреу Оған тамақ әкеліп берген бе? - десті.
34Сонда Иса оларға: -Мені Жібергеннің еркін орындап, Оның Маған тапсырған ісін ақырына дейін жеткізіп, оны аяқтау сол маған «азық» болады.
35Сендер: «Астық жинау науқанына әлі төрт ай бар», -деп айтасыңдар. Мен сендерге былай деймін: -Көздеріңді ашып, жердегі егіндікке қараңдар, олар пісіп тұр және оруға дайын тұр!
36Міне, орақшы ақысын алып, мәңгілік өмірдің жемістерін жинап жатыр, сондықтан егуші мен орып алушы екеуі бірге қуануы тиіс.
37«Біреу сепсе, біреу орады» деген сөздің шындығы осында жатыр.
38Мен сендерді өздеріңнің еңбектерің сіңбеген нәрсені орып алуға жібердім, ал басқалардың еңбегі бұған сіңген еді, алайда сендер олардың атқарған еңбектеріне қатыстыңдар, - деді.
39Сол қаладағы көптеген самариялықтар әлгі әйелдің: «Менің жасаған істерім туралы айтып берді», -деген куәлігі арқылы Оған сенді.
40Самариялықтар Исаға келген кезде, олар Оның өздерімен бірге қалуын өтініп сұрады, сондықтан Иса сол жерде тағы да екі күнге қалды.
41Сөйтіп, Исаның айтқан сөздері арқылы сол жердегі көптеген халық сенімді қабылдады.
42Олар әлгі әйелге: -Біздер тек сенің айтқан сөзіңе бола сеніп тұрған жоқпыз, өзіміз де Оны естідік, енді біз Бұл Адамның осы әлемге келген Құтқарушы екенін білеміз, -десті.
43Екі күн өткен соң, Иса сол жерден шығып, Ғалилея жаққа кетті.
44Исаның Өзі алдында:«Пайғамбар өз ата-мекенінде қадірлі болмайды», - деп куәлік айтқан болатын.
45Дегенмен, Ол Ғалилеяға келген кезде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады, өйткені олар да мейрам кезінде Иерусалимге барып, Исаның сол мейрамда жасаған істерінің бәрін көрген болатын.
46Сосын Ол Өзі суды шарапқа айналдырған Ғалилея жеріндегі Кана қаласына тағы да қайтып келді. Қапарнаумда патшаның бір қызметкері болды, оның баласы ауырып жатқан болатын.
47Сол адам Исаның Яһудеядан Ғалилеяға қайтып келгенін естіген соң, Оған келіп, өзінің ұлы өлім аузында жатқанын, Одан сауықтырып беруін өтінді.
48Сонда Иса оған: -Сендер арнайы бір белгілер мен кереметтерді көрмесеңдер, сенгілерің келмейді, - деді.
49Патшаның қызметкері: -Мырза, менің балам өліп қалмай тұрған кезде келіңізші, - деп өтінді.
50Иса оған: -Сенің ұлың тірі, бара бер, -деді. Ол Исаның айтқан сөзіне сеніп, кетіп қалды.
51Патшаның сол қызметкері қайтып келе жатқанда, жолда оның құлдары кездесіп, оның баласының тірі екенін айтады.
52Ол әлгі құлдарынан баласының жағдайы қай уақыттан бастап жақсара бастағанын сұрағанда, олар: -Кеше кешкі сағат жетінің кезінде ыстығы басылды, -деп жауап берді.
53Сонда әлгі ұлдың әкесі сол уақыт Исаның: «Сенің ұлың тірі», -деп оған айтқан кез екенін білді. Осыдан кейін оның өзі және бүкіл үй іші сенімге ие болды.
54Бұл Исаның Яһудеядан Ғалилея өлкесіне келген кезде жасаған екінші кереметі еді.

Currently Selected:

Жохан 4: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in