YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 12

12
1Бір уақытта жиналған халықтың саны он мыңдай болды, сонда олар иін тіресе сығылысып, бірін-бірі аяққа таптай бастады. Сол кезде Иса, ең алдымен, Өзінің шәкірттеріне мынаны айтты: -Фарисейлердің үйреншікті ашытқысындай болып кеткен екіжүзділіктен өздеріңді сақтаңдар.
2Ешқандай сыр жасырын болып қала алмайды, ешқандай ашылмайтын құпия болмайды.
3Өйткені сендер қараңғыда қаншалықты көбірек айтсаңдар, ол соншалықты жарықта естілетін болады, ал бөлмеде тұрып, құлаққа сыбырлап айтқандарың ол төбеде жүргендерге жария болады.
4Достарым Менің, сендерге айтарым: денені өлтіргенмен, одан артық еш нәрсе де істей алмайтындардан қорықпаңдар.
5Сендерге кімнен қорқу керек екенін айтайын: өлтіргеннен кейін, тозаққа тастайтын билігі Бардан қорқыңдар. Иә, сендерге айтамын, Одан қорқыңдар.
6Шынында, бес торғайды екі ассарийге (тиынға) сатып жібермей ме? Бірақ олардың ешқайсысын да Құдай ұмытпайды.
7Сендердің бастарыңдағы шаштарыңа дейін саналып қойылған. Сол торғайлармен салыстырғанда, сендер әлдеқайда қымбатсыңдар, сондықтан қорықпаңдар!
8Сендерге айтарым: кімде-кім адамдар алдында Мені мойындайтын болса, Адам Ұлы да Құдайдың періштелерінің алдында тұрып, оны мойындайтын болады.
9Егер де біреу адамдардың алдында Менен бас тартатын болса, Құдайдың періштелерінің алдында одан да бас тартылатын болады.
10Кімде-кім Адамның Ұлына қарсы сөз айтатын болса, оған кешірім болады, ал кімде-кім Киелі Рухқа тіл тигізетін болса, оған кешірім болмайды.
11Сендерді синагогаларға, басшыларға және билік иелеріне апарған кезде, қалай ақталамыз деп немесе не айтамыз деп қам жемеңдер,
12өйткені сендерге не айту керектігін Киелі Рухтың өзі сол сәтте үйрететін болады, - деді.
13Сонда халықтың арасынан әлдекім Исаға: -Ұстаз, мұралық еншімді маған да бөліп беруін менің бауырыма айтшы, - деді.
14Сол кезде Иса оған: -Ей, адам, кім сендерге Мені төреші немесе енші бөліп беруші етіп қойды? - деді.
15Сонда Иса соларға: -Әр түрлі дүниеқоңыздықтан сақ болыңдар, себебі адамның өмірінің мәні оның дүниемүлкінің мол болып, асып -тасқандығында емес, сондықтан байқаңдар! - деді де,
16мына астарлы әңгімені айтып берді: -Бір бай адамның егіндік жері мол өнім береді.
17Сонда ол өзіне-өзі: «Мен жинап алған өнімдерімді қайда апарып қоярымды білмеймін? Не істесем болады?» -дейді.
18Сонда ол былай деп шешеді: «Өзімнің қоймаларымды бұзып, оны қайтадан үлкейтіп салайын, соған бүкіл астық пен байлықтарымды жинап қоямын.
19Содан кейін өзіме-өзім: «Ей, менің жан дүнием, мына жатқан бар байлығың енді көп жылдарға дейін артығымен жетеді, сондықтан сен демалып, ішіп -жеп, көңіліңді көтер», - дейтін боламын.
20Алайда Құдай оған: «Ей, ақылсыз, осы түні сенің жаныңды Өзіме қайтарып аламын. Сенің мына дайындап қойғандарың кімге қалады?» - дейді.
21Сонымен, тек өзіне ғана байлық жинап, ал Құдаймен байығысы келмейтін адаммен тура осылай болады, -деді.
22Осыдан кейін Иса Өзінің шәкірттеріне: -Сондықтан Менің сендерге айтарым: өмірде не ішеміз, денемізге не киеміз деп уайымдамаңдар.
23Өйткені өмір тамақтан, ал дене киімнен артық қой.
24Анау қарғаларға қараңдаршы, олар не екпейді, не ормайды, олардың не қоятын, не сақтайтын орындары да жоқ. Алайда Құдай оларға қажетті қорегін береді, ал сендер сол құстардан әлдеқайда артықсыңдар.
25Кім өз бойының қамын ойлап, оны бір шынтаққа дейін ұзарта алады?
26Егер де сендер осы бір кішкентай нәрсені жасай алмайтын болсаңдар, онда қалған мұқтаждықтардың қамын неге ойлап жүрсіңдер?
27Анау лала гүлдерінің қалай өсетініне назар салыңдаршы. Олар не еңбек етпейді, не жіп те иірмейді. Сендерге айтарым: тіпті, бүкіл атақ -даңққа бөленіп жүрген Сүлейменнің Өзі солар сияқты киініп көрген емес.
28Егер де бүгін далада өсіп тұрған, ал ертең пешке тасталатын шөпті Құдай солай киіндіріп қойса, онда мына сенімдері аз сендерді одан да бетер киіндіре алады.
29Сондықтан сендер не жейміз, не ішеміз деп уайымға салынбаңдар.
30Бұл әлемнің халықтары осы туралы ойлайды, ал сендердің Әкелерің неге мұқтаж екендеріңді біледі.
31Одан гөрі Оның Патшалығын іздеңдер, сонда бұлардың бәрін сендерге қосып береді.
32Қорықпа, шағын отар, өйткені сендердің Әкелерің Өз Патшалығын сендердің игіліктерің үшін беріп отыр.
33Өз дүние-мүліктеріңді сатып, одан қайыр-садақа беріңдер, осылай өздеріңе шірімейтін қалта жасаңдар, сонда қазыналарың ешқашан таусылмайды және күйе де жемейтін, не ұры да жақындай алмайтын көкте болады.
34Себебі сендердің қазыналарың қай жерде болса, жүректерің де сонда болады.
35Сонымен қатар, белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын.
36Сонда сендер салтанатты үйлену тойынан келетін өз қожайынын күткен және ол келіп, есікті қаға бастағанда, сол сәтте есік ашып беретін адамға ұқсайтын боласыңдар.
37Егер де қожайыны келген сәтте, өзінің сергек жүрген құлдарын көретін болса, онда олардың бақытты болғаны. Сендерге шындықты айтайын: сонда ол белін буып алып, жантайып жатқан олардың қасына барып, оларға Өзі қызмет ететін болады.
38Егер де ол екінші немесе үшінші күзет уақытында келіп қалып, олардың солай сергек жүргенін көретін болса, нағыз бақытты құлдар солар болады.
39Мынаны білсеңдер екен: егер де үйдің қожайыны ұрының қай сағатта келетінін білсе, онда ол үйінің іргесін қазып кіретін ұрыға сол мүмкіндікті бермес еді.
40Сол секілді сендер де соған дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлының қай сағатта келетінін сендер білмейсіңдер, -деп Иса Өзінің қайтып келетін мезгілінің құпия екенін айтты.
41Сонда Петр: -Ием, осы астарлы әңгімені тек бізге ғана айтып тұрсың ба әлде бәріне ме? - деді.
42Сонда Иеміз: -Сонымен, кім қожайынына сенімді болып, оның үйінде жүргендерге өз уақытымен нанын өлшеп беріп тұратын адамды олардың үстінен қарайтын басқарушы етіп қоймай ма?
43Қожайыны келген кезде, оның солай істеп жүргенін көретін болса, сол құл бақытты.
44Сендерге шындықты айтайын: сонда Ол өзінің барлық дүние-мүлкін де оған сеніп тапсыратын болады.
45Ал егер де сол құлдың жүрегінде: «Менің қожайыным кешігіп жатыр, ол әзірге келе қоймайды», -деген ой болып, оның құлдары мен күңдерін ұрып-соғып және ішіп-жеп, маскүнемдікке салынса,
46онда қожайыны ол күтпеген күні, күтпеген сағатта келеді. Оны екіге бөліп шауып, оны сенбеушілердің қатарына апарып қосады.
47Қожайынының еркін біле тұра, оның келетін кезіне дайын болмаса немесе Оның еркін іске асырмаған құл көп соққы жейтін болады.
48Ал оның еркін білмей, істеген істері арқылы жазаға лайықты болғанның өзінде ол соққыны аз алатын болады. Кімге көп берілсе, оған қойылған талап та көп болады, ал кімнен сенімділік талап етілсе, оған қойылатын талап та өте көп болады.
49-Мен жер бетіне келіп, от тастадым, енді соның тезірек жалындап жанғанын қалаймын!
50Мен қасіретке толықтай батырылып шомылудан өтуге тиіспін, соны іске асыратын уақыт келгенше, іштей қиналып жүрмін.
51Мен осы әлемге бейбітшілік әкелді деп жүрсіңдер ме? Жоқ, керісінше, Мен бөлінуді әкелдім, сендерге айтарым осы.
52Сондықтан енді бұдан былай бір үйдегі бес адам бөлектеніп, үшеуі екеуіне, екеуі үшеуіне қарсы тұрады.
53Әкесі мен ұлы бөлініп, әкесі ұлына, ұлы әкесіне, шешесі қызына, қызы шешесіне, енесі келініне, келіні енесіне қарсы болады, - деді.
54Содан кейін Иса халыққа: -Сендер батыстан көтерілген бұлтты көргенде: «Міне, енді жаңбыр жауады», -дейсіңдер және солай болады да.
55Оңтүстіктен жел соқса: «Аптап ыстық болады», -дейсіңдер, ол да солай болады.
56Ей, екіжүзділер, жердің құбылысы мен көктің белгілерін біліп тұрып, мына қазіргі осы уақытты қалайша білмей қалдыңдар?
57Сонда сендер қалай өзара әділ шешім шығара алмадыңдар?
58Негізінде, өзіңнің қарсыласыңмен билік иесіне бара жатқан жолда онымен келісіп, сұрағанын беріп, одан құтылуға тырысқаның жөн, әйтпесе ол сені соттың төрешісіне алып барады, ал соттың төрешісі сені сот орындаушыға ұстап береді, ал сот орындаушы сені абақтыға жабады.
59Саған айтарым: соңғы тиыныңды толықтай беріп болмайынша, сен сол жерден шықпайсың, - деді.

Currently Selected:

Лұқа 12: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in