YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 14

14
1Бірде Исаның бір фарисейлердің басшысының үйіне баруына тура келді. Сол күн сенбі болатын, Ол олармен бірге тамақ жеді, ал олар Исаны бақылаумен болды.
2Міне, сол кезде шемен ауруымен ауыратын бір адам Исаның алдына келіп, Оған қарама-қарсы отырды.
3Сонда Иса сол жердегі фарисейлер мен заңшылдарға: -Сенбі күні сауықтыруға рұқсат берілген бе әлде жоқ па? -деп сұрады.
4Олар үндемеді. Сонда Иса әлгі ауырған адамды сауықтырды да, оны жөніне жіберді.
5Содан кейін Иса оларға: -Егер де сенбі күні біреуіңнің балаң немесе өгізің құдыққа түсіп кетсе, оны сол сәтте шығарып алмас па едіңдер? - деді.
6Алайда бұған да олардың ешқайсысы жауап бере алмады.
7Қонаққа шақырылғандардың ең құрметті орындарды таңдап алып отырып жатқандарын байқаған Иса оларға астарлы әңгіме айтып берді.
8-Егер де сені біреу салтанатты үйлену тойына шақыра қалса, құрметті орынға жайғасушы болма, өйткені сол шақырылғандардың арасында сенен де құрметті біреу болса,
9үй иесі сені шақырып алып: «Орныңды мына адамға бер», -десе, сен масқара боласың, ұялғаныңнан соңғы орынға барып жайғасатын боласың.
10Сондықтан сені біреу шақырғанда, сол жердегі соңғы орынға барып жайғасып отыр, сонда сені шақырған адам келіп: «Достым, жоғары қарай төрге шығып отыр», -дейтін болса, сонда сол жерде отырғандардан сенің мәртебең жоғары болмақ.
11Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін-өзі төмендеткен әркімді жоғарылататын болады, -деді.
12Содан кейін Өзін шақырған адамға: -Егер де түскі немесе кешкі ас ұйымдастырып бергің келсе, өзіңнің достарыңды, бауырларыңды, туыстарыңды немесе бай көршілеріңді шақырушы болма, өйткені олар да соған жауап ретінде сені асқа шақырып, сый-тартуыңды еселеп өзіңе қайтаратын болады.
13Егер сый-тартулар ұйымдастырып бергің келсе, керісінше, оған кедейлерді, мүгедектерді, ақсақтар мен соқырларды шақыр,
14сонда сен бақытқа кенелесің, өйткені олардың соны саған қайтарып беретін еш мүмкіндіктері жоқ, ал істеген ісіңнің қарымтасын Құдай әділ адамдарды өлімнен қайта тірілткен кезде саған қайтарады.
15Сол жерде осыны естіп отырғандардың бірі Исаға: -Құдайдың Патшалығындағы наннан кім жесе, сол бақытты, - деді.
16Иса оған былай деп жауап берді: -Бір адам өте үлкен кешкі ас ұйымдастырып, соған көп адамдарды шақырып қояды.
17Ас ішетін уақыт таяғанда, өзінің құлын шақырылған қонақтарға жіберіп:«Енді келе беріңдер, бәрі дайын тұр», -деп айтуды тапсырады.
18Сонда олардың барлығы бірінен кейін бірі кешірім сұрай бастайды. Біреуі: «Мен бір жер сатып алып едім, соны барып көруім керек. Маған кешірімді бола гөр, сенен өтінемін», - дейді.
19Басқа біреуі: «Бес жұп өгіз сатып алып едім, енді соларды сынап көрейін деп бара жатырмын, сенен өтінемін, маған кешірімді бола гөр», - дейді.
20Тағы біреуі: «Әйел алып, үйленіп жатырмын, сондықтан бара алмаймын», - дейді.
21Сонымен, оның құлы қайтып келіп, осы болған жағдайды қожайынына айтып береді. Сонда үйдің иесі ашуға мініп, өзінің құлына: «Тез сыртқа шық та, қаланың көшелері мен қиылыстарында тұрған кедейлер мен кемтарларды, соқырлар мен ақсақтарды осында алып кел», - деп жібереді.
22Содан кейін құлы қайтып келіп: «Қожайын, сенің айтқан бұйрығың орындалды, әлі де бос орын бар», -дейді.
23Сонда қожайын құлына: «Енді жолдарға шығып, қоршалған дуалдарды бойлап, сонда жүргендердің бәрін осында келуге көндір, сөйтіп, менің үйім толатын болсын», -дейді.
24Сендерге айтарым: «Алдыңғы шақырылған сол (ер) адамдардың ешқайсысы да кешкі асқа беретін менің дәмімнен татпайтын болады».
25Сол кезде көп халық Исаның артынан келе жатқан болатын, сонда Ол халыққа бұрылып мынаны айтты:
26-Егер де кімде-кім Маған келіп тұрып, әкесін, анасын, әйелі мен бала-шағасын бауырлары мен қарындастарын, әпке-сіңлілерін және өз өмірін Менен артық көретін болса, сол Менің шәкіртім бола алмайды.
27Кім өз айқышын көтеріп, Менің соңымнан еріп жүрмейтін болса, сол Менің шәкіртім бола алмайды.
28Сендердің біреулерің мұнара тұрғызғысы келді дейік. Сонда ол, алдымен, отыра қалып, оның сол құрылысқа шығаратын шығыны оны аяқтауға жете ме, жетпей ме, соны есептеп алмай ма?
29Ал егер де ол оның тек іргетасын ғана қалап, қалғанын аяқтай алмағанын көргендер оған күліп, мазақтап:
30«Міне, бұл адам құрылысты бастағанымен, оны аяқтай алмады», - деп айтатын болады.
31Сол сияқты бір патша басқа бір патшамен соғысуға дайындалды дейік. Соғысар алдында өзіне қарсы келе жатқан жиырма мың әскерге өзінің қол астындағы он мың әскерімен төтеп бере ала ма, жоқ па, соны алдын ала жоспарлап, ақылдасып алмаушы ма еді?
32Егер де оның шамасы жетпейтін болса, онда ол алыста тұрып, оған елшісін жіберіп, бейбіт келісімге келуін сұрайтын болады.
33Сондықтан сендердің әрқайсың өзінің дүние -мүлкінен бас тартпайынша, ол Менің шәкіртім бола алмайды.
34-Тұз -жақсы нәрсе, егер де сол тұз өз күшінен айырылып қалса, оның сол тұздық қасиетін қалай қалпына келтіруге болады?
35Тіпті, көң де жерге тыңайтқыш болады, бірақ тұз дәмін жоғалтса, оны лақтырып тастауға тура келеді. Кімде еститін құлақ болса, естіп алсын!

Currently Selected:

Лұқа 14: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in