YouVersion Logo
Search Icon

Матай 18

18
1Сол уақытта шәкірттері Исаға келіп: -Көктегі Патшалықта ең үлкені кім болады? - деп сұрады.
2Сонда Ол бір баланы шақырып алып, ортаға тұрғызып қойып,
3былай деді: -Сендерге шындықты айтамын, егер теріс ойларыңнан қайтып, осы балалар сияқты болмасаңдар, онда Көктегі Патшалыққа кіре алмайсыңдар.
4Кім осы бала сияқты өзін төмен тұтса, сол Көктегі Патшалықта ең үлкені болады.
5Егер де кімде -кім осындай бір баланы Менің атымнан қабылдаса, оның Мені де қабылдағаны.
6Алайда, Маған сенім артқан осы кішкентайлардың біреуін осы жолдан кім тайдыратын болса, оның мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің түбіне батып кеткені жақсы болар еді.
7Адамдарды күнәға әлем азғырса -қасірет. Өйткені осы әлемде азғырылу болмай тұрмайды, бірақ сол азғырылуды тудырған адам қасіретке қалады.
8Егер де қолың немесе аяғың сені азғырса, оны шауып алып таста, екі қол немесе екі аяқпен тозақтың мәңгі отына тасталғаныңнан гөрі мүгедек болғаның өзіңе жақсы болады.
9Егер сені көзің азғырса, ойып алып таста, сенің екі көзбен тозақ отына тасталғаныңнан гөрі өмірге бір көзбен кіргенің өзіңе жақсы болады.
10Осы кішкентайлардың ешқайсысына немқұрайды қараушы болмаңдар, абайлаңдар. Сендерге айтарым: олардың көктегі періштелері әрқашан Көктегі Әкемнің жүзін көріп тұрады.
11Себебі Адамның Ұлы адасып кеткендерді құтқару үшін келді.
12Сендер қалай ойлайсыңдар? Егер бір адамның жүз қойы болып, солардың біреуі адасып қалып қойса, тоқсан тоғызын сол тауда қалдырып, жоғалған қойын іздеуге шықпай ма?
13Сендерге шындықты айтайын: егер де оны тауып алса, қалған тоқсан тоғызынан гөрі табылған қойы үшін көбірек қуанатын болады.
14Сол секілді осы кішкентайлардың біреуі құрып кетсе, Көктегі Әкенің еркіне сай болмайды.
15Егер бауырың саған қарсы күнә жасаса, оған өзің барып, жеке жерде бетпе-бет сөйлес. Ол айтқаныңа құлақ асса, онда бауырыңды тапқаның.
16Ал егер ол тыңдамаса, онда өзіңмен бірге бір немесе екі куәгерді ертіп ал, себебі айтылған әрбір сөз екі -үш куәгермен дәлелденуі тиіс.
17Егер оларды да тыңдамаса, онда қауымға айт, ал қауымды да тыңдамаса, онда ол саған өзге ұлттық немесе салықшы сияқты болып қалсын.
18Сендерге шындықты айтайын: сендер жерде нені байласаңдар, көкте де сол байланады. жерде нені шешсеңдер, көкте де сол шешіледі.
19Сендерге тағы бір шындықты айтайын: егер де жер бетінде екеуің өзара келісіп, нені сұрасаңдар, соны Көктегі Әкем орындайды.
20Себебі: «Екі немесе үш адам Менің атымнан жиналса, солардың орталарында Мен боламын», - делінген.
21Сонда Петір Исаға жақындап келіп: -Ием, бауырым маған қарсы күнә жасаса, оны қанша рет кешіруім қажет? Жеті ретке дейін бе? - деп сұрады.
22Иса оған: -Тек жеті рет демеймін, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, - деді.
23Осыған қарап, Көктегі Патшалықтың өзінің қызметкерлерінен есеп алғысы келген патшаға ұқсайтынын білетін боламыз.
24Есеп алына бастағанда, оған он мың талант қарызы бар біреуді алып келеді.
25Ол қарызын қайтара алмағандықтан, қожайыны оның әйелін, балаларын және барлық мүлкін сатып, оған қарызын өтеуді бұйырады.
26Сонда қызметшісі басын ие тізерлеп келіп, оның алдына жығылып: «Маған шыдамдылық таныта көріңіз, сізге бәрін толық қайтарамын», - дейді.
27Сонда қызметшісіне жаны ашыған қожайыны оны босатып, қарызын да кешіреді.
28Ал босап шыққан қызметші өзіне жүз динарий қарызы бар әріптесін іздеп тауып алып, бас салып қылғындырып: «Қарыздың бәрін қайтар!» - дейді.
29Сонда әлгі әріптесі оның аяғына жығылып: «Маған шыдамдылық таныта көрші, мен саған қайтарып беремін», -дейді.
30Ол күткісі келмей, қарызын толық қайтарғанша, оны абақтыға жапқызып тастайды.
31Осы болған оқиғаны көрген оның әріптестері қатты қамығып, болғанның бәрін әлгі патшаға жеткізеді.
32Сонда оны қожайыны шақырып алып: «Ей, жауыз қызметкер, сен жалынып сұраған соң, мен сенің қарыздарыңның бәрін кешірдім.
33Менің саған рақымды болғанымдай, сен де өз әріптесіңе дәл солай рақымды болуың керек еді ғой», - деді.
34Ашуланған қожайын одан барлық қарызын өндіріп алу үшін, оны жазалаушыларға тапсырады.
35Сонымен, өз бауырын шын жүрекпен кешіре алмайтын әркімге Менің Көктегі Әкем де осыны сендерге істейтін болады, - деді.

Currently Selected:

Матай 18: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in