YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 1

1
1Құдайдың Ұлы Иса Мәсіх туралы Ізгі хабардың басы былай басталады:
2«Міне, Сенің алдыңда Саған жол дайындап қоятын хабаршымды жіберемін», -деп Ишая пайғамбардың жазбасында жазылғандай:
3«Иемізге жол дайындаңдар! Оның жолдарын түзетіңдер!» -деген дауыс айдаладан шықты.
4Міне, Жақия атты суға батырып шомылдырушы айдалаға келіп: «Күнәларыңның кешірілгенінің белгісі ретінде тәубе етіп, ой -ниеттеріңді өзгертіп, суға батырылып шомылудан өтіңдер!» - деп уағыздап жүрді.
5Сонда бүкіл Яһудея елі мен Иерусалимнің адамдары оған келді. Сөйтіп, олар өз күнәларын мойындап, Иордан өзенінде Жақия арқылы с уға батырылып шомылудан өтті.
6Жақия түйе жүнінен киім киетін, беліне қайыс белбеу тағып, шегірткемен және жабайы араның балымен тамақтанатын.
7Ол өзінің уағызында: -Міне, менен кейін Құдіретті Біреу келе жатыр, мен, тіпті, еңкейіп, Оның аяқ киімінің бауын байлап беруге де лайықсызбын.
8Мен сендерді суға батырып шомылдырдым, ал Ол сендерді Киелі Рухқа шомылдыратын болады.
9Сол күні Ғалилеядағы Назарет қаласынан келген Иса Иордан өзенінде суға батырып шомылудан Жақия арқылы өтті.
10Міне, сол сәтте аспан ашылып, көгершінге ұқсаған Рухтың Оған келіп қонғанын ол көрді.
11Сонда көктен: -Сен -Менің сүйікті Ұлымсың! Мен Саған ризамын! - деген дауыс шықты.
12Сол сәтте Рух Исаны айдалаға апарып тастады.
13Сонда Ол қырық күн бойы айдалада шайтанның азғыруында болды әрі жабайы аңдардың ортасында жүрді, періштелер Оған қызмет етті.
14Жақия ұсталғаннан кейін, Иса Ғалилеяға келіп, Құдайдың Ізгі хабарын жариялап:
15-Құдайдың Патшалығы орнайтын мезгіл жақындады! Тәубе етіп, Ізгі хабарға сеніңдер! - деп уағыздап жүрді.
16Иса бірде Ғалилея көлінің жағасымен өтіп бара жатып, ауларын көлге салып жатқан Шимонды және Оның бауыры Әндірді көрді. Олар балықшылар болатын.
17Сонда Иса оларға: -Менің соңымнан еріңдер, Мен сендерді адамдарды аулаушы етемін, - деді.
18Сол мезетте олар ауларын тастады да, Оның соңынан ерді.
19Ол тағы біраз жүргеннен кейін, қайықта ауларын жамап отырған Зеведейдің ұлдары Жақыпты және оның ағасы Жоханды көрді.
20Иса оларды да бірден шақырып алды. Олар сонда әкелері Зеведейді жұмысшыларымен бірге қайықта қалдырып, Оның соңынан ерді.
21Сонымен, олар Қапарнаумға келді. Ол синагогаға барып тәлім берді, бұл күн сенбі болатын.
22Сол жердегі адамдар Оның берген тәліміне таң-тамаша болды, себебі Ол Таурат заңын зерттеушілер сияқты емес, керісінше, ерекше бір билікпен тәлім берді.
23Дәл осы уақытта олардың синагогасында бір рухы таза емес адам айғай салды:
24-Назареттік Иса, сенің бізде нең бар? Бізді құртуға келдің бе? Сенің Кім екеніңді білемін! Сені киелі етіп, Құдай жіберді!
25Иса оған: -Үніңді өшір де, одан шық! -деп тыйым салды.
26Сонда әлгі таза емес рух оны қалшылдатып, қатты айғайлап, одан шығып кетті.
27Бәрінің зәрелері ұшып, бір-біріне: -Бұл не? Билік ететін жаңа ілім бе? Ол, тіпті, таза емес рухтарға да бұйрық береді, ал олар Оған бағынады! - деп жатты.
28Сөйтіп, Иса туралы бұл хабар сол сәтте-ақ бүкіл Ғалилея өлкесіне тарап кетті.
29Жақып пен Жоханды ертіп алып, синагогадан шыға сала, олар Шимон мен Әндірдің үйіне келді.
30Шимонның енесінің ыстығы көтеріліп, төсекте жатқан еді, мұны сол сәтте Исаға айтты.
31Сонда Иса оған жақындап келіп, қолынан ұстап тұрғызғанда, оның қызуы қайтты, Шимонның енесі оларға қызмет ете бастады.
32Кеш түсіп, күн батқан кезде, сол жердегі аурулар мен жын соққандардың бәрін Исаға алып келді.
33Бүкіл қала адамдары Шимонның есігінің алдына жиналды.
34Сол күні Иса көптеген адамдарды әр түрлі ауруларынан сауықтырды, олардан көптеген жындарды қуып шығарды. Ол жындарды сөйлетпей тастады, өйткені жындар Оның Кім екенін білді.
35Таң атуға таяғанда, әлі де қараңғылық басып тұрған кезде, Иса ерте тұрып, сыртқа шықты. Оңаша жерге барып, мінәжат етті.
36Сонда Шимон мен қасындағылар Исаның артынан іздеп шықты,
37Оны тауып алған соң: -Сені бәрі іздеп жатыр, -деді Оған.
38-Жүріңдер, басқа ауылдарға да барайық, Мен сол жерлерде уағыздауға тиіспін, өйткені Мен сол үшін келдім, - деді оларға.
39Сөйтіп, Ол бүкіл Ғалилеядағы синагогаларға кіріп, сонда уағыз айтып, жындарды қуып шығарды.
40Сонда алапеспен ауырған біреу Исаға келді, Оның алдына тізерлеп отыра қалып, Оған жалбарынып: -Егер қаласаң, Мені тазарта аласың, - деді.
41Оған жаны ашыған Иса қолын созып, тигізді де: -Тазарғаныңды қалаймын! - деді.
42Сол сәтте әлгі адамнан алапес кетіп, ол тап-таза болды.
43Иса ауруды қуып шыққан соң, қатал түрде оған ескертіп:
44-Байқа, ешкімге ештеңе айтпа, алайда ғибадатхана қызметкеріне барып, өзіңді көрсет. Сөйтіп, өзіңнің тазаланғаның үшін, Мұсаның бұйрығына сай құрбандық бер. Бұл оларға куәлік болсын, - деді.
45Сол адам шыға салып, болған жағдайды көп адамға жариялап айта бастады. Сондықтан да Иса сол қалаға ашық кіре алмай, айдалада қалып қойды, сонда да Оған жан -жақтан адамдар ағылып келіп жатты.

Currently Selected:

Марқа 1: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in