YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 10

10
1Иса сол жерден шығып, Иорданның арғы жағындағы Яһудея аймағына келді. Оның қасына тағы да халық топталып жиналып қалды, Ол күнделікті әдеті бойынша оларға тәлім бере бастады.
2Исаны сынамақ болған фарисейлер Оған келіп: -Күйеуіне өз әйелінен ажырасуына рұқсат берілген бе? -деп сұрады.
3-Мұса сендерге не бұйырып еді? -деп сұрады Иса олардан.
4-Мұса ажырасу хатын жазып берген соң, оны жіберуге болатынын айтқан, - деді олар.
5Иса оларға: -Мұса бұл өсиетті сендердің жүректеріңнің қаттылығына бола жазып қалдырған болатын.
6Жаратылыстың басында Құдай олардың «бірін-еркек, бірін әйел етіп жаратқан».
7«Сондықтан адам әке-шешесін тастап, өз әйеліне қосылады.
8Сөйтіп, екеуі енді біртұтас болды, себебі енді олар екеу емес, бүтін бір дене болады».
9Құдай қосқанды адам ажыратпасын, - деді.
10Кейінірек үйде отырғанда шәкірттері Исадан осы туралы қайта сұрады.
11Иса оларға: -Егер біреу өз әйелінен ажырасып, басқа біреудің әйелін алса, ол өз әйелімен екеуінің арасында болған неке адалдығын бұзады.
12Егер әйел өз күйеуінен ажырасып, басқа біреуге күйеуге шығатын болса, ол да өзі мен күйеуінің арасында болған неке адалдығын бұзады, - деді.
13Иса қолын қойып, батасын берсін деген ниетпен Оған балаларды алып келіп жатты, ал Оның шәкірттері оларға қарсылық білдірді.
14Осыны көрген Иса оларға ашуланып: -Балалардың Маған келуіне кедергі жасамаңдар, өйткені Құдайдың Патшалығы осындай бала секілді болып жүргендерге арналған!
15Сендерге шындықты айтайын: кім Құдай Патшалығын бала секілді қабылдамаса, ол оған кіре алмайды, - деді.
16Иса балаларды құшағына алып, оларға қолын қойып, батасын берді.
17Иса жолға шығар кезде, біреу жүгіріп келіп, тізесін бүгіп Одан: -Мейірімді Ұстаз! Мәңгілік өмірге мұрагер болу үшін, менің не істеуім керек? - деп сұрады.
18Иса оған: -Мені неге мейірімді деп айттың? Құдайдан басқа ешкім де мейірімді емес.
19«Кісі өлтірме, неке адалдығын бұзба, ұрлық жасама, жалған куәлік берме, тартып алма, ата -анаңды құрметте» деген өсиеттерді сен білесің ғой, - деді.
20-Ұстаз, осылардың бәрін жас кезімнен бері орындап жүрмін, - деді ол.
21Иса оған мейірлене қарап: -Енді саған бір-ақ нәрсе жетіспей тұр. Бар да, өзіңде бардың бәрін сатып, оларды кедейлерге таратып бер, сонда сенің байлығың көкте болады, содан кейін келіп, Менің соңымнан ер, - деді.
22Әлгі адам осы сөзден кейін ұнжырғасы түсіп, кетіп қалды, өйткені оның байлығы өте мол еді.
23Сонда Иса шәкірттеріне қарап: -Мал-мүлікке бай адамдардың Құдай Патшалығына кіруі қандай қиын! -деді.
24Шәкірттері Исаның осы сөзіне таңғалды. Иса оларға тағы да былай деді: -Балаларым Менің, Құдайдың Патшалығына кіру қандай қиын!
25Байлардың Құдай Патшалығына кіргенінен гөрі, түйенің иненің көзінен өткені оңай болар еді, - деді.
26Шәкірттері бұған ерекше таңырқап, бір-біріне: -Сонда кім құтқарылады? - десті.
27Иса оларға қарап тұрып: -Адамдарға мүмкін емес нәрсе, керісінше, Құдайға мүмкін, тек Оған ғана бәрі де мүмкін, - деді.
28Сол кезде Петр Оған: -Міне, біз бәрін тастап, Сенің соңыңнан еріп жүрміз, - деді.
29Иса оларға: -Сендерге шындықты айтайын: Мен үшін және Ізгі хабар үшін, үйін, бауырын, әпке-сіңлісін және қарындасын, шешесін, әкесін, балаларын, жерін тастап шыққан әркім
30қазіргі уақытта қуғын-сүргін көріп жүрсе де, үй мен бауырларға, әпкелер мен сіңлілерге, қарындастарға, ата -аналар мен балаларға және жерге де жүзе есе артығымен ие болады, ал болашақта мәңгілік өмірге ие болады, -деді.
31Қазір бірінші болғандардың көпшілігі соңы, ал соңы болғандар бірінші болады, - деді.
32Олар Иерусалимге өрлеп баратын жолға шықты. Исаның Өзі олардың алдында жүріп отырды, артынан ілесіп келе жатқан Оның шәкірттерін үрей биледі. Сонда Ол он екі шәкіртін тағы да жинап алып, Өзін сол жерде не күтіп тұрғаны туралы айта бастады:
33-Міне, біз Иерусалимге қарай өрлеп келе жатырмыз, енді Адам Ұлын бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілерге ұстап береді. Олар Оны өлім жазасына кесіп, өзге ұлттың өкілдеріне тапсырады.
34Олар Оны мазақтап, бетіне түкіріп, сабап, Оны өлтіреді. Алайда үш күн өткен соң, Ол қайта тіріледі, - деді.
35Сонда Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жохан Оған келіп: -Ұстаз, біз Сенен не сұрасақ та, соны біз үшін Сенің орындағаныңды қалап тұрмыз, - деді.
36Иса олардан: -Менің сендерге не істегенімді қалайсыңдар? - деп сұрады.
37Олар Исаға: -Сен Өз даңқыңа бөленген кезде, біздің бірімізді Өзіңнің оң жағыңа, бірімізді сол жағыңа отырғызшы, - деді.
38Иса оларға: - Сендер не сұрап тұрғандарыңды білмейсіңдер. Мен ішетін тостағаннан ішіп, Мен өтетін шомылудан өтіп, сол шомылудың ісін Мен сияқты істей аласыңдар ма? - деді.
39-Иә, істейміз, -деді олар Исаға. -Мен ішетін тостағаннан да ішетін боласыңдар, Мен шомылған «шомылумен» сендер де шомыласыңдар,
40алайда Менің оң жағымдағы немесе Менің сол жағымдағы орынға біреуді отырғызу Менің құзырымда емес, керісінше, ол орын кімге дайындалған болса, оған сол отырады, - деді Иса оларға.
41Осыны естіген он шәкірті Жақып пен Жоханға ашулана бастады.
42Иса оларды да қасына шақырып алып: -Халық билеушілері деп саналатындар халықтың үстінен өктемдік жүргізеді, ал одан да жоғарыда отырғандар олардың үстінен билік жүргізетінін сендер білесіңдер.
43Сендердің орталарыңда олай болмасын. Егер де араларыңдағы біреу ұлы болғысы келсе, сол сендерге қызметші болсын.
44Араларыңдағы біреу бірінші боламын десе, сол бәріне құл болсын.
45Себебі Адам Ұлы да Өзіне қызмет еткізу үшін емес, қайта, қызмет етіп, Өз өмірін беріп, көпшіліктің құнын сонымен төлеу үшін келді, - деді.
46Олар Ерехонға келді. Иса Өз шәкірттерін ертіп, Ерехоннан шыққан кезде, халықтың көпшілігі оларға келіп қосылды. Олар кетіп бара жатқан жолда Тімей ұлы Бартемей деген зағип адам отырған еді.
47Сонда ол өзінің қасынан өтіп бара жатқан Назареттік Иса екенін естіп, айғайлап: -Дәуіттің Ұлы Иса, Маған мейіріміңді төкші! - деді.
48Алайда көбі оған үндемеуге, айғайламауға тыйым салды, ол сонда да: -Дәуіттің Ұлы Иса, Маған мейіріміңді төкші! - деп одан бетер қатты айғайлады.
49Иса тоқтап: -Оны бері шақырыңдар, -деді. Зағип адамға: -Орныңнан тұр! Ол сені шақырып жатыр, жігерлен! - деді.
50Сонда әлгі зағип жан сырт киімін тастай салып, орнынан ұшып тұрып, Исаға келді.
51-Қалауың не? Не істегенімді қалайсың? -деді Иса оған. -Ұстаз, менің көргім келеді! -деді Оған әлгі зағип адам.
52Иса оған: -Сенімің сені құтқарды, бара бер! -деді. Сол сәттен бастап, оның көзі көретін болды, ол жолға шығып, Исаның соңынан ілесті.

Currently Selected:

Марқа 10: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in