YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 11

11
1Олар Иерусалимге жақындап, Зәйтүн тауының етегінде орналасқан Бетфаге мен Бетания аулына таяу келген кезде, Иса екі шәкіртіне тапсырма беріп:
2-Сендер қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар, оған бірден кірген кездеріңде ешбір адам мінбеген жас есектің байлаулы тұрғанын байқайсыңдар, соны шешіп, осында алып келіңдер.
3Егер біреу сендерге: «Мұнымен не істейсіңдер? -деп сұраса, -бұл Иемізге керек», -десеңдер, оны сол сәтте осында жібереді.
4Олар барып, қақпаның сырт жағындағы көшеде байлаулы тұрған жас есекті тауып, оны шешіп алды.
5Сол жерде тұрғандардың кейбіреуі оларға: -Жас есекті неге шешіп алдыңдар? - деді.
6Шәкірттері Иса оларға қалай айтқан болса, солай жауап берді, сонда олар оларды жібере салды.
7Олар Исаға жас есекті алып келіп, үстіне өздерінің киімдерін жапты, Иса сол есектің үстіне отырды.
8Сол кезде олардың көпшілігі өздерінің киімдерін, ал басқалары ағаштың жапырақ жайған бұтақтарын даладан кесіп әкеліп, жолға төсеп тастады.
9Сонда ең алдында кетіп бара жатқандары да, соңында еріп келе жатқандары да: -Осанна! Иеміздің атымен Келген жарылқансын! - деп айқайлады.
10Бабамыз Дәуіттің Патшалығы жарылқанып келді! Көктегі Патшаға Осанна! - деді.
11Осылай Иса Иерусалимдегі ғибадатханаға келіп кірді. Бәрін қарап шыққанша, кеш те түсіп кетті. Сонда Иса он екі шәкіртімен бірге сол жерден шығып, Бетанияға қарай кетті.
12Келесі күні олар Бетаниядан шығып келе жатқанда, Иса қарнының ашқанын сезді.
13Ол алыстан жапырақтары жайқалған бір інжір ағашын көріп, одан бір жеміс табылып қалар деген оймен сол ағашқа келгенде, тек жапырақтарынан басқа еш нәрсе таппады. Інжір ағашының жеміс беретін уақыты әлі келмеген еді.
14Сонда Иса ағашқа: -Енді ғасырлар бойы сенің жемісіңнен ешкім ешқашан жемесін! -деді. Оның шәкірттері мұны естіп тұрды.
15Содан кейін Иса Иерусалимге келді. Ол ғибадатханаға кіріп, сол жердегі сатып алушылар мен сатушыларды қуып шықты, ақша айырбастаушылардың үстелдерін және көгершін сатып отырғандардың орындықтарын төңкеріп тастады,
16осылайша олардың ешқайсысына заттарын ғибадатхана арқылы әрі-бері алып жүрулеріне рұқсат бермеді.
17«Менің үйім барлық халықтардың мінәжат ететін үйі болуы тиіс», -деп жазылған жоқ па? Ал сендер оны қарақшылардың ордасына айналдырып жібердіңдер, -деп оларды үйрете бастады.
18Мұны естіген бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер Исаны қалай өлтірудің амалын іздестіре бастады. Олар Исадан қорқатын, себебі бүкіл халық Исаның іліміне таңғалып жүрген болатын.
19Кеш болған кезде, Олар қаланың сыртына шықты.
20Олар таңертең қайтадан інжір ағашының қасынан өткенде, оның тамырынан бастап қурап қалғанын көрді.
21Петір мұны есіне түсіріп: -Ұстаз! Қараңыз! Сіз қарғаған інжір ағашы қурап қалыпты! - деді.
22- Құдайға деген сенімдерің болсын! - деді оларға Иса.
23Сендерге шындықты айтайын, егер де біреу мына тауға: «Көтеріліп, теңізге лақтырыл!» -деп айтып, жүрегінде соған күмәнданбай, айтқаны сеніммен орындалатынына сенсе, сол болады.
24Осы арқылы сендерге айтарым: -Мінәжат етіп, бір нәрсе сұрайтын болсаңдар, соны алдық деп сенсеңдер, сол сендердің өмірлеріңде орындалады.
25Мінәжат етіп тұрған сәттеріңде, біреуге деген реніштерің болса, оны кешіріңдер, сонда сендердің Көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешіретін болады, - деді.
26Егер кешірмесеңдер, сендердің Көктегі Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешірмейді.
27Олар қайтадан Иерусалимге келді. Иса ғибадатхананы аралап жүрген кезде, Оған бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер мен ақсақалдар келіп:
28-Бұлардың бәрін қандай билікпен істеп жүрсің? -деді олар. -Сен істеп жүрген билікті Саған кім берді? -деді Оған.
29Сендерден бір нәрсе сұрайын. Егер де Маған жауап берсеңдер, осыларды қандай билікпен істеп жүргенімді сендерге айтамын, - деді Иса.
30Жақияның шомылдыруы көктен келді ме әлде адамнан болды ма? Маған осыған жауап беріңдерші! - деді.
31Сонда олар мұны өзара талқылай бастады: -Егер де: «Көктен», -деп айтсақ, онда Ол: «Сендер не үщін оған сенбедіңдер?» - дейді.
32«Адамнан», -деп айтуға олар халықтан қорықты, өйткені олардың бәрі Жақияны шынымен пайғамбар деп қабылдайтын.
33-Біз мұны білмейміз, -деп жауап берді сонда олар Исаға. -Ендеше, осы нәрселерді қандай билікпен істеп жүргенімді Мен де сендерге айтпаймын, -деді Иса оларға.

Currently Selected:

Марқа 11: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in