YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 12

12
1Бұдан кейін Иса оларды мынадай нақыл сөздермен үйрете бастады: «Бір адам жүзім бағын отырғызып, оны қоршап, шырын сығатын ор қазып, мұнара тұрғызып болған соң, оны жүзімшілерге жалға беріп, өзі алыс елге кетіп қалады.
2Уақыты келген кезде, Ол өзінің жүзім бағының жемісін алмақ болып, жүзімшілерге өзінің құлын жібереді.
3Бірақ жүзімшілер оны ұстап алып, ұрып-соғып, құр қол қайтарады.
4Сонда қожайыны оларға басқа бір құлын тағы жібереді, олар оның басын жарып, абыройын төгеді.
5Жүзім бағының иесі оларға басқа құлын тағы жібереді, олар оны өлтіріп тастайды. Сонымен, жүзімшілер олардың көбін ұрып-соғып, енді біреулерін өлтіре береді.
6Жүзім иесінің бір баласы бар еді, ол баласын жақсы көретін, ең соңында ол өзінің ұлын оларға жіберіп тұрып: «Менің ұлымнан ұялатын шығар», - деп ойлайды.
7Алайда әлгі жүзімшілер бір-біріне: «Бұл мұрагер ғой, оны өлтірейік, жүріңдер. Сонда оның мұрасы біздікі болады», - дейді.
8Олар оны ұстап алып, өлтіріп, жүзім бағының сыртына лақтырып тастайды.
9Енді жүзім бағының иесі оларға не істейді? Жаңағы жүзімшілердің көзін құртып, жүзім бағын басқаларға береді.
10Сендер Жазбада: «Үй салып жатқа н құрылысшылардың керек емес деп бас тартқан тасы енді басты іргетасқа айналды.
11Бұл Иемізден болды, бізге осыны көру ғажайып бір керемет емес пе!» - деп жазылғанын оқымадыңдар ма?
12Осы айтылған нақыл сөздің өздеріне арналып айтылғанын олар түсінді, сондықтан Исаны ұстап алудың жолын іздей бастады, бірақ халықтан қорыққандықтан, Оны сол жерде қалдырып, кетіп қалды.
13Содан кейін олар Исаны Өз сөзінен ұстауға тырысып, Оған бірнеше фарисейлер мен Иродтың жақтастарын жіберді.
14Сонда Исаға келгендер: -Ұстаз! Біз Сенің шыншыл екеніңді білеміз, біреуге жағымпаздану деген Сенің ойыңа да келмейді. Сондықтан да адамның бет-жүзіне қарамайсың, осылай Құдайдың жолындағы шындықты үйретіп жүрсің. Рим патшасына салық төлеу керек пе, жоқ па? Оны төлейік пе әлде төлемейік пе? - деді.
15Иса олардың екіжүзділігін білгендіктен: -Неменеге Мені сынап тұрсыңдар? Маған бір динарий әкеліп беріңдерші, Мен көрейін, - деді оларға.
16Олар бір динарийді Исаға әкеліп берді. Иса оларға: -Мынаған кімнің бейнесі салынған және кімнің есімі жазылған? -деді. -Рим патшасының, -деп жауап берді олар.
17-Ендеше Рим патшасынікін Рим патшасына, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер, -деді Иса. Олар Оның берген бұл жауабына таңғалды.
18Бұдан кейін қайтадан тірілу болмайды деп санайтын саддукейлер де Исаға келді. Оған тағы да былай деп сұрақ қойды:
19-Ұстаз! Егер де біреудің бауырының баласы болмай жатып, қайтыс болып кетсе әрі оның әйелі жесір қалатын болса, онда әлгі әйелге ағасының інісі үйленіп, оның ұрпағын ары қарай жалғастыруды Мұса бізге жазып кеткен.
20Жеті ағайынды жігіттер болыпты, біріншісі бір әйелге үйленді, алайда ұрпақ қалдырмай өліп кетті.
21Екіншісі де сол әйелге үйленді, ол да ұрпақ қалдырмай қайтыс болды, үшіншісімен де дәл солай болды.
22Осылай, жетеуі де арттарынан ұрпақ қалдыра алмады. Осы болған жағдайлардан кейін әлгі әйел де дүниеден өтеді.
23Сол қайта тірілу болған кезде әлгі әйел олардың қайсысына әйел болады? Өйткені олардың жетеуі де бір әйелге үйленген еді ғой, - деп сұрады.
24-Сендер не Жазбаны, не Құдайдың күшін білмегендіктен, адасып жүрсіңдер, солай емес пе? -деді де бұл сұраққа былай деп жауап берді:
25-Өлгендер қайта тірілгеннен кейін не үйленбейді, не күйеуге де шықпайды. Олар тек көктегі періштелер секілді болады.
26Өлгендердің қайта тірілетіні туралы Мұсаның кітабындағы лаулап жанған тікенді бұта оқиғасынан: «Мен - Ыбырайымның Құдайымын, Мен - Ысқақтың Құдайымын, Мен - Жақыптың Құдайымын», -деп Құдайдың айтқанын оқымап па едіңдер?
27Сондықтан Ол -өлгендердің емес, тек тірілердің Құдайы. Сендер қатты адасып жүрсіңдер, - деді.
28Сонда олардың дауларын естіп тұрған бір Таурат заңын зерттеуші жақын келіп, Исаның оларға жақсы жауап бергенін көріп: -Өсиеттердің қайсысы бірінші болып саналады? - деп сұрады Одан.
29Иса оған: -Басты өсиет мынау: «Исраил, тыңдап ал! Біздің Иеміз - Құдай, жалғыз Иеміз де тек Сол болады.
30Өзіңнің Құдай Иеңді шын жүрегіңмен, бүкіл жан дүниеңмен және бар ақыл -ойыңмен, барлық күш -қуатыңмен сүй».
31Екінші өсиет мынау: «Өзіңнің жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй». Осылардан басқа үлкен өсиет жоқ, -деді.
32Таурат Заңын зерттеуші: -Ұстаз, керемет екен! Сен шындықты айттың, тек бір ғана Құдай бар, Одан басқа ешқандай да Құдай жоқ.
33Сондықтан да Оны бар жүрекпен, барлық ақыл-ойыңмен, барлық күшіңмен сүйіп және өзіңді сүйгендей жақыныңды сүйе білу-толықтай өртелетін құрбандық пен сый-тартудан да бағалы, - деді.
34Сонда Иса оның өте орынды жауап бергенін көріп: -Құдай Патшалығынан алыс емес екенсің, -деді оған. Осыдан кейін Одан бір нәрсе сұрауға ешкімнің батылы бармады.
35Иса ғибадатханада тәлім беріп тұрып: -Таурат заңын зерттеушілер Мәсіхті Дәуіттің Ұлы деп неге айтқан? -деп сұрады.
36Дәуіттің өзі Киелі Рухтың жетегімен: «Ием Менің Иеме: -Сенің жауларыңның тізесін бүккізіп, оларды Сенің аяқтарыңның астына салып бергенімше, Менің оң жағымда отыр», - деп айтқан болатын.
37Егер Дәуіттің өзі Оған «Ием» деп айтса, сонда Ол қалайша Дәуіттің Ұлы болады? -деді. Сонымен, көптеген халық Оны бар ынталарымен тыңдады.
38Иса Өз тәлімінде: -Таурат заңын зерттеушілерден аса сақ болыңдар. Олар ұзын етекті киімдерін киіп алып, сауда алаңдарында жүріп, сендердің сәлем бергендеріңді жақсы көреді.
39Синагогаларда құрметті орынға отырса, кешкі аста төрге шығып алады.
40Сөйтіп, олар жесірлердің үйіндегісін ішіп-жеп, көзге түсу үшін көп мінәжат ететін болады. Алайда оларды үлкен жаза күтіп тұр, - деді.
41Содан кейін Иса қазына салатын сандыққа қарама-қарсы отырып, халықтың сандыққа мыс ақшаларын қалай салып жатқандарын бақылаумен болды. Байлардың көбісі молырақ салды.
42Бір өте кедей жесір әйел, бір кодрант құрайтын екі ұсақ тиынын әкеліп салды.
43Сол кезде Иса Өз шәкірттерін шақырып алып: -Сендерге шындықты айтайын: мына кедей, өзі жесір әйел қазына сандығына бәрінен де көп салды.
44Себебі көбі өздерінен артылғандарын салса, ол өзінің мұқтаждығына қарамай, күнкөрісіне қажетті нәрсенің бәрін салды, - деді оларға.

Currently Selected:

Марқа 12: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in