YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 3

3
1Осыдан кейін Иса қайтадан синагогаға келді. Сол жерде қолы семіп қалған бір адам бар еді.
2Қаскөй адамдар осы адамды Иса сенбі күні де сауықтырар ма екен деп, Оның сыртынан мұқият бақылады және осы ісі арқылы Оны айыптау үшін сылтау іздеді.
3Сонда Иса қолы семіп қалған әлгі адамға: -Ортаға кел, -деді де,
4олардан былай деп сұрады: -Әрбір сенбіде қалай істеген дұрыс: жақсылықты ма әлде жамандықты ма? Адам жанын құтқару керек пе әлде құрту керек пе? Алайда олар еш жауап қатпады.
5Иса сонда оларға ашулы көзбен қарап, жүректерінің қатыгездігіне қайғырып, әлгі адамға: -Қолыңды соз! -деді. Ол қолын созғанда, қолы бұрынғы қалпына келді.
6Фарисейлер сол жерден шыққаннан кейін, Иродтың жақтастарымен бірігіп, Исаны тез арада құртпақ болып, шешім қабылдады.
7Иса Өз шәкірттерімен бірге көлге қарай бет алды. Оның соңынан ілескендердің көбі ғалилеялықтар болатын, бұған қоса Яһудеядан
8және Иерусалимнен, Идумеядан, Иорданның арғы бетінен, сонымен қатар, Тир мен Сидонның маңайындағылар да Оның жасаған істері жайлы естіп, көптеп ағылып Исаға келіп жатты.
9Сол жерде халық өте көп болғандықтан және Өзін қалың топ қысып тастамасын деген оймен Ол шәкірттеріне алдын ала айтып, қайық дайындатып қойды.
10Сонымен, Иса олардың көбін сауықтырды, әр түрлі дерті барлар Оған қолдарын тигізіп қалу үшін, жанталаса Исаға қарай ұмтылды.
11Ал таза емес рухтар Исаны көргенде, Оның алдына құлап, айғайлап: - Сен- Құдайдың Ұлысың! - деді Оған.
12Бірақ Иса Өзінің Кім екені жайлы ашық айтуға олардың бірталайына тыйым салды.
13Осыдан кейін Ол тауға көтерілді де, Өз қалауымен таңдап алғандарын қасына шақырды. Олар Оның жанына келді.
14Сонда олардың он екісін елшілер деп атады және оларды уағыз айтуға жіберіп тұру үшін, әрқашан Өзінің қасында болғанын қалады.
15Сонымен қатар, оларға жындарды қуып шығаратын билік берді.
16Сөйтіп, он екісін елшілікке дайындап, Шимонға Петір деген ат қойды,
17ал Зеведейдің ұлдары Жақып пен оның бауыры Жоханға Боанергеске (арамей тілінде «күркіреген күннің ұлдары») деген ат қойды.
18Осылармен бірге Әндір, Філіп, Бартолмай, Матай, Тома, Алфейұлы Жақып, Тадей, Қананит Шимон
19және Өзін сатып кеткен Иуда Исқариот та болды.
20Содан кейін олар үйге келді, алайда халық тағы да сол жерге көп жиналып алды, сондықтан олардың тамақ ішуге де уақыттары болмады.
21Мұны естіген Исаның туыстары келіп, Оны алып кетпек болды, себебі олар Оны «есінен адасқан» деп ойлап жүрген болатын.
22Иерусалимнен келген Таурат заңын зерттеушілер: -Оның бойында белзебүл бар, өйткені Ол жындарды тек жындардың басшылығымен ғана қуып шығарып жүр, -деді.
23Сонда Иса оларды Өзіне жақынырақ шақырып алып, астарлы әңгіме айтып берді. «Шайтан шайтанды қалай қуып шыға алады?
24Егер де патшалық өзара жауласып, бөлінетін болса, сол патшалық нық тұра алмайды.
25Әрбір үй іші де өзара жауласып, бөлінетін болса, сол үй де нық тұра алмайды.
26Егер де шайтан өзіне-өзі қарсы шығатын болса, онда оның да жауласып, бөлінгені, ол да нық тұра алмағандықтан, оның ақыры жақын.
27Сол сияқты күштінің үйіне кіріп, оның заттарын тонау үшін, ең алдымен, оны байлап тастау қажет, тек содан кейін ғана оның үйін тонайтын мүмкіндік туады».
28Сендерге шындықты айтайын: Адам баласының Құдайға қарсы күнәлары және олардың айтқан қорлау сөздері қанша рет жасалса да кешіріледі,
29ал Киелі Рухты біреу қорлап, Оған тіл тигізетін болса, өмір бойы оған кешірім болмайды, керісінше, сол күнәсі үшін ол мәңгілікте жауап беретін болады, - деді.
30Иса мұны олардың: «Оның бойында таза емес рух бар», - деген сөздеріне байланысты айтқан еді.
31Сол жерге Исаның анасы мен бауырлары келді, сыртта тұрып, біреуді жіберіп, Оны шақыртты.
32Сол кезде көптеген адам Исаны айналдыра қоршап отырған болатын, сонда Оған: -Сенің анаң мен бауырларың және қарындастарың Сені іздеп келді, олар Сені сыртта күтіп тұр, - деді.
33Иса оларға: -Кім Маған ана және кім Маған бауыр? -деді.
34Жан-жағына қарап: -Міне, Менің анам мен бауырларым, -деп Өзі жауап берді.
35Егер кімде-кім Құдайдың еркін орындаса, сол Маған бауыр, қарындас және ана болады, - деді.

Currently Selected:

Марқа 3: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in