YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 4

4
1Иса тағы да көлдің жағасында тұрып, тәлім бере бастады. Сол кезде Оның қасына халық өте көп жиналғандықтан, Оған қайыққа мініп, көлдің жағасынан әрірек барып тұруына тура келді, жиналған халық көлдің жағасында тұрды.
2Сонда Иса көптеген астарлы әңгімелер арқылы оларға Өз тәлімін үйретті.
3Міне, тұқым себуші тұқым себуге шықты, тыңдап алыңдар.
4Ол тұқым сеуіп жүргенде, олардың кейбіреулері жол бойына түсті. Сонда құстар ұшып келіп, оны жеп қойды.
5Басқалары топырағы аз тастақ жерге түсті, оның топырағы жұқа болғандықтан, олар сол сәтте тез көктеп шықты.
6Алайда күн шыққан кезде ол күйіп кетті, себебі оның тамыры болмағандықтан, кеуіп, қурап қалды.
7Өзгелері тікенді жерге түсті, тікен де бірге өсіп шығып, оны тұншықтырып тастады, сөйтіп, ол да жеміс бере алмады.
8Басқалары құнарлы жерге түсіп, өсіп-өніп, бірі-отыз, бірі-алпыс, бірі, тіпті, жүз еседен өнім берді.
9Содан кейін Ол: -Кімде еститін құлақ болса, тыңдап алсын, - деді.
10Кейінірек Иса Өзі жалғыз қалған сәтте, қасында жүргендер мен он екі шәкірті Одан осы астарлы әңгіме жайында сұрады.
11Иса оларға: -Құдай Патшалығының құпиясын түсіну сендерге ғана берілген, ал сырттағыларға бәрі тек астарлы әңгімелер арқылы беріледі.
12Сондықтан олар «Көріп тұрса да көре алмайды, естіп тұрса да түсінбейді, сонда да олар кері қайтқылары келмейді, әйтпесе олардың күнәлары кешірілер еді», - деді.
13-Осы астарлы әңгімені түсінбесеңдер, қалған астарлы әңгімелерді қалай түсінесіңдер? - деді оларға Иса.
14Себушінің себетіні - сөз.
15Бұл сөз жол бойындағыларға да себіледі, олар оны естиді, алайда сол сәтте шайтан келіп, оларға себілген сөзді ұрлап кетеді.
16Тастақ жерге себілгендер болса, олар сол сөзді естіген сәтте оны қуанышпен қабылдайды,
17бірақ тамыры болмағандықтан, аз уақытқа ғана шыдайды, сөз үшін қиыншылық пен қудалау келсе, бірден сенімнен тайып кетеді.
18Ал тікенді жерге себілген басқаларын алсақ, олар сөзді естиді,
19алайда осы әлемнің қамымен жүргенде байлыққа алданады және сол сияқты басқа да қалауларға беріліп, сөзді өшіріп, өсірмей тастайды, сондықтан ол жеміс бермейді.
20Жақсы жерге себілгендерге келсек, олар сөзді естіп, оны қабылдап, бірі-отыз, бірі-алпыс, бірі, тіпті, жүз есе өнім беретін болады, - деді.
21Осыдан кейін Иса оларға тағы да мынаны айтты: -Жағылған шамды жабық ыдыстың немесе төсектің астына қоя ма? Керісінше, оны шам қойғышқа қоймай ма?
22Өйткені жарыққа шықпайтын ешбір құпия не болмаса ашылмайтын ешқандай да сыр болмайды, бәрі де ашылатын болады.
23Егер кімде еститін құлақ болса, сол осыны тыңдап алсын.
24Иса оларға тағы да былай деді: -Естігендеріңе ден қойыңдар. Қандай мөлшерде өлшесеңдер, сендерге де сондай мөлшерде өлшеп беріледі немесе қосып беріледі.
25Өйткені кімде бар болса, соған тағы да беріледі, ал кімде жоқ болса, оның бар дегенін де алып қояды.
26Құдай патшалығы адамның жерге дән себуіне ұқсайды.
27Ол түнде ұйқыда болса, күндіз ояу, сөйтіп, ол дәннің қалай өсіп - өнгенін де байқамай қалады.
28Жердің өзі жемісті өсіріп шығарады, ең алдымен, көк шөп сияқты болса, кейін сабағы өсіп шығады, кейін сабағы бидайға толады.
29Өнімнің жемісі піскен уақытта өнімді жинайтын кездің келгенін айтып, сол сәтте орушы жібереді, - деді Иса.
30Иса тағы да жалғастырып: -Құдай Патшалығын тағы неге ұқсатуға болады? Оны қандай мысал арқылы түсіндіруге болады?
31Ол қыша дәніне ұқсас, өйткені ол жерге себілетін барлық дәнді -дақылдардың ең кішкентайы болып саналады.
32Себілгеннен кейін ол көктеп, оның сабағы басқа да өнім беретін жеміс-жидектерден де биік болып өседі әрі бұтақтарын кеңінен жаяды, сондықтан көктегі құстар ұшып келіп, оның көлеңкесін паналайды, - деді.
33Сөйтіп, Иса оларға осындай астарлы әңгімелер арқылы олардың сөзді қаншалықты қабылдай алуына байланысты соншалықты оларға айтып жеткізді.
34Осылайша Ол астарлы әңгімесіз оларға ештеңе де айтпады, оңашада Өзінің шәкірттеріне бәрін түсіндіріп отырды.
35Иса сол күні кеш батқанда шәкірттеріне: -Енді келесі жағаға өтейік, - деді.
36Олар жиналған халықты қалдырды да, қайыққа отырып, арғы жағаға кетті.
37Сол кезде қатты жел тұрып, дауыл көтерілді, толқындар қайықты ұрғылап, қайықтың іші суға тола бастады.
38Бұл кезде Иса қайықтың артқы жағында басын жастыққа қойып, ұйықтап жатқан болатын. Сонда шәкірттері Оны оятып: -Ұстаз! Біз құритын болдық! Бұл Сені мазаламай ма? - деді.
39Сонда Иса оянып, орнынан тұрып, жел мен толқынға: -Тыныштал! Тоқта! -деп тыйым салды. Сонда жел тоқтап, бір ғаламат тыныштық орнады.
40Содан кейін шәкірттеріне: -Неге соншама қорықтыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па? - деді.
41Сол сәтте шәкірттері қатты үрейленіп тұрғандықтан, бір-біріне: -Оған, тіпті, жел мен толқын да бағынатын Бұл Кім Өзі!? - десті.

Currently Selected:

Марқа 4: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in