YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 5

5
1Сосын олар көлдің арғы жағасында орналасқан Ғадара еліне келді.
2Иса қайықтан түскен сәтте, Оған сол жердегі қабірлердің арасынан шыққан, таза емес рухтың жетегіндегі бір адам кездесе кетті.
3Бұл адам сол жердегі қабірлерде түнейтін және ешкім оны шынжырмен де байлап-матап ұстай алмайтын.
4Оның аяғын талай рет шынжырмен кісендеп байласа да, ол аяғындағы шынжырлы кісенді үзіп тастайтын, сондықтан оны бағындыруға ешкімнің де күші жетпейтін.
5Ол түнде де, күндіз де сол қабірлер мен тауларды аралап, айғай салып, өзін-өзі таспен ұрғылай беретін.
6Енді сол адам Исаны алыстан көре салып, Оған жүгіріп келді де, алдына келіп жығылып,
7бар дауыспен айғайлап: -Құдіреті күшті Құдайдың Ұлы Иса, Сенің менде нең бар? Құдайдың атымен жалынып сұраймын, мені азапқа сала көрмеші! - деді.
8Өйткені Иса оған: -Таза емес рух, бұл адамнан шық! -деген болатын.
9Иса одан: -Сенің атың кім? -деп сұрады. -Менің атым -Легион, себебі біз өте көппіз, - деп жауап берді.
10Олар Исадан өздерін сол елден қуып шықпауын сұрап, жалына өтінді.
11Сол жердегі тау бөктерінде бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.
12Сонда олар: -Бізді сол шошқаларға жібер, соларға барып енейік, - деп сұрады.
13Иса солай болғанын қалап, оларға рұқсат берді. Сөйтіп, таза емес рухтар әлгі адамнан шыққан бойда, шошқаларға барып енді, сонда екі мыңдай шошқаның үлкен тобы жардан төмен қарай құлап, көлге батып кетті.
14Оларды бағып жүрген адамдар қашып, қала мен ауылдағыларға барып, болған жағдайды оларға хабарлады. Адамдар не болғанын көру үшін, сол жерге келді.
15Содан олар Исаға жақындап келгенде, бойын жын буған сол адамның киініп, ақыл-есін жинап, сап-сау отырғанын көргенде, олар қорқып кетті.
16Жын буған адаммен және шошқалармен не болғанын көргендер сол жерде болған оқиғаны оларға айтып берді.
17Сонда адамдар Исаның сол аймақтан кетуін қалап, Одан өтініп сұрай бастады.
18Иса қайыққа барып отырғанда, көп жындардың жетегінде болған әлгі адам Онымен бірге барғысы келетінін айтып, өтініш білдірді.
19Бірақ Иса оған рұқсат етпеді, керісінше: -Үйіңдегі өз туыстарыңа барып, саған Иеңнің не істегені, қалай саған мейірімін төккені жайында оларға айтып бер, - деді.
20Сол адам Он қалаға барып, Исаның өзіне не істегені туралы айта бастады, олардың бәрі оның айтқанына таңғалды.
21Иса қайықпен қарсы жағаға қайта өткен кезде, Оның маңайына тағы да көп халық жиналып қалды, сол мезгілде Ол көл жағасында тұрған болатын.
22Сол уақытта Жайыр есімді синагоганың бір басшысы келіп, Исаны көре салып, Оның аяғына жығылды:
23-Менің қызым өте ауыр халде жатыр, Сен оның құтқарылып, тірі қалуы үшін, оған барып қолыңды қойшы, - деп Исаға қатты жалынды.
24Сонда Иса онымен бірге сол жаққа кетті. Бірақ Оның артынан соншама көп халық еріп жүргендіктен, Оны жанжағынан қыспақтай бастады.
25Сол жерде он екі жылдан бері қан кетіп ауырып жүрген бір әйел де болды.
26Ол көп емшілерден көңілі қалған еді, өзінде бардың бәрін тек емделуге ғана жұмсағанмен, олардан еш пайда болмады, керісінше, халі одан да жаман болып, нашарлай түскен еді.
27Сол әйел Иса туралы естіп, сығылысқан халықтың арасымен Оған жақындап келіп, Оның сырт киіміне қолын тигізді.
28«Егер де Оның киіміне қолымды тигізсем болды, мен сауығып кетемін», - деп іштей ойлаған болатын.
29Сонда оның бойынан аққан қан сол сәтте тоқтады, әйел дертінен сауыққанын білді.
30Иса сол мезетте Өзінен бір күштің шыққанын сезіп, халыққа бұрылып: -Менің киіміме кім қолын тигізді? -деді.
31-Халықтың Өзіңді жан-жағыңнан қыспақтап тұрғанын көре тұра, Маған кім қолын тигізді деп неге сұрап тұрсың? -деді шәкірттері Оған.
32Дегенмен, Иса осыны істеген адамды көру үшін жан-жағына қарады.
33Жаңағы әйел қорыққанынан дірілдеп және өзіне не болғанын түсініп, Оның аяғына келіп жығылды, Исаға бар шындықты айтып берді.
34Сонда Иса әлгі әйелге: -Қызым, сенімің сені сауықтырды! Тыныштықпен бара бер, ауруыңнан толық айықтың, - деді.
35Иса әлі де сөйлеп тұрған кезде: -Сенің қызың қайтыс болды, енді Ұстазды мазалаудың қажеті қанша? -деген хабар синагога басшысына жетті.
36Алайда Иса олардың сөздерін тыңдамай, синагога басшысына: - Тек сенімің болсын, қорықпа! - деді.
37Иса Өзімен бірге еріп жүруге тек Петір мен Жақыпқа және оның бауыры Жоханға ғана рұқсат берді, басқаларын ертпеді.
38Сөйтіп, Олар синагога басшысының үйіне келгенде, шулап жылағандар мен жоқтау айтқандардың көп екенін көріп:
39-Неге шулап, жылап жатырсыңдар? Қыз өлген жоқ, тек ұйықтап жатыр, - деді оларға ішке кірген соң.
40Олар мысқылдап, Оған күле бастады. Сонда Иса бәрін далаға қуып шығарды да, қыздың әке-шешесімен және Өзінің жанындағылармен бірге қыз жатқан бөлмеге кірді.
41Қыздың қолын алып: -Талифа куми! -деді. Мұның мағынасы: «Қыз, саған айтып тұрмын, тұр!» - дегені еді.
42Сол сәтте қыз орнынан тұрып, жүре бастады. (Ол он екі жаста еді) Барлығы қатты таңғалды.
43Бірақ Иса оларға осы болған жағдайды ешкімнің білмеуін тапсырды және қызға тамақ беруді өтінді.

Currently Selected:

Марқа 5: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in