YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 9

9
1-Сендерге шындықты айтайын: осы жерде тұрғандардың кейбіреуі Құдай Патшалығының өз күшінде келгенін көрмей өлмейді, - деді Иса.
2Алты күн өткеннен кейін Иса Петірді, Жақып пен Жоханды өзімен бірге ертіп алып, биік тауға көтерілді. Сол уақытта Оның бейнесі олардың көз алдында өзгеріске түсті.
3Оның киімдері жарқырап, жер бетіндегі бірде-бір ағартушы ағарта алмайтындай, аппақ болды.
4Сол кезде олар Ілияс пен Мұсаның Исамен сөйлесіп тұрғанын көрді.
5Сонда Петір Исаға тіл қатып: -Ұстаз, (Равви) біздің осында болғанымыз қандай жақсы болды! Сондықтан осы жерге үш күрке құрайық, біреуін Саған және Мұсаға, біреуін Ілиясқа, - деді.
6Сол кезде оны қатты үрей билегендіктен, не айтып тұрғанын өзі де білмеді.
7Сонда бұлт пайда болып, оларды өзінің көлеңкесімен жапты, сол бұлттан: -Бұл-Менің сүйікті Ұлым, сендер Оны тыңдаңдар! - деген дауыс шықты.
8Олар жан-жағына қарады, бірақ сол жерден тек Исадан басқа ешкімді де көре алмады.
9Таудан түсіп келе жатқанда, Иса оларға Адам Ұлы өлімнен қайта тірілетін уақыт келгенше, осы көрген көріністері туралы ешкімге айтпауын ескертті.
10Олар осы сөзді естеріне сақтап қалды, дегенмен, «өлімнен қайта тірілу дегеннің» нені білдіретінін өзара талқыға салды.
11Содан кейін олар Исадан: -Таурат Заңын зерттеушілер неге алдымен Ілияс келуі тиіс деп айтып жүр? -деп сұрады.
12Иса оларға: -Негізі Ілияс алдымен келіп, бәрін қалпына келтіруі керек болған. Ал Адам Ұлына байланысты былай деп жазылған: «Ол көп қорлық көріп, азапталуы тиіс».
13Сендерге айтар болсам, Ілияс әлдеқашан келіп қойған, алайда олар оған қатыгездік жасап, өз қалағандарын іске асырды, - деді.
14Олар төменде қалған шәкірттеріне қайта оралғанда, оларды көптеген адамдардың қоршап алғанын және олармен Таурат заңын зерттеушілердің дауласып тұрғанын көрді.
15Барлық адамдар Исаны сол сәтте көре салып, таңдана жүгіріп келіп, Онымен амандасты.
16-Олармен не жайында дауластыңдар? -деп сұрады Иса олардан.
17Қалың топтың арасынан Оған біреу: -Ұстаз, менің ұлымда мылқаудың рухы бар, оны Өзіңе алып келдім.
18Рух қай жерде ұстаса, оны сол жерге құлатады, сонда оның аузынан ақ көбік ағып, тісін қайрап, ес-түсін білмей серейіп қалады. Сенің шәкірттеріңе онықуып шығаруын сұрап едім, алайда олардың қолдарынан келмеді, - деді.
19-О, сенбейтін ұрпақ! Қашанға дейін сендермен бірге боламын? Қашанға дейін сендерге төзуге тиіспін? Оны Маған алып келіңдер, - деді Иса оларға.
20Жаңағы баланы Исаға алып келді. Мылқау рух Исаны көре салып, сол сәтте оның ұстамасын ұстатып, құрыстырып тастады, сонда бала жерге құлап түсті, аузынан ақ көбік ағып, жерде ары-бері аунай бастады.
21Иса оның әкесінен: -Осы жағдайдың болғанына қанша уақыт болды? -деп сұрады. -Бала кезінен, -деп жауап берді әкесі.
22-Рух оны құрту үшін, жиі -жиі осылай отқа да түсіреді, суға да салады. Егер шамаң келсе, бізге жаның ашыса, көмектесші, - деді.
23Иса оған: -«Егер шамаң келсе», -деп сен ғана айтып тұрсың. Сенетін адамға бәрі де мүмкін, - деді.
24Сол сәтте баланың әкесі: -Мен сенемін! Сенімсіз болсам, маған көмектесші, - деп айғай салды.
25Сол кезде халықтың жүгіріп келіп жатқанын көрген Иса таза емес рухқа тыйым салып: -Мылқау және керең рух, Мен саған бұйырамын, одан шық! Бұдан кейін енді қайтып оған кірме! - деп бұйырды.
26Сонда рух қатты шыңғырып, баланы қатты сілкілеп, шығып кетті, бала өліп қалғандай серейіп қалды. Сонда көптеген адам: - Ол өліп қалды, - деді.
27Иса оны қолынан алып көтергенде, ол орнынан тұрды.
28Кейінірек Иса үйге кірген кезде, Оның шәкірттері жеке жерде: -Біз неге оны қуып шығара алмадық? -деп сұрады.
29Иса оларға: -Рухтың осы түрі тек мінәжат пен ораза арқылы ғана қуып шығарылады, - деді.
30Сол жерден шыққаннан кейін олар Ғалилея арқылы өтті, алайда бұл туралы басқалардың білгенін қаламады,
31өйткені Ол өзінің шәкірттерімен үйретумен болды. -Адамның Ұлын өлім жазасына кесіп, Оны адамдардың қолына тапсырады. Алайда Оны өлтірген соң, Ол үшінші күні қайта тірілетін болады, - деді оларға.
32Бірақ олар бұл сөздің мәнін түсінбеді және осы жөнінде Одан сұрауға қорықты.
33Олар Капарнаумға келді. Үйге кірген соң, Иса олардан: -Жолда нені талқыладыңдар? - деп сұрады.
34Олар үндемеді. Өйткені олар жолда араларында ең үлкені кім болатыны туралы бір-бірімен айтысқан болатын.
35Жайғасып отырғаннан кейін, Иса он екісін шақырып алып, оларға: -Егер де кім бірінші болғысы келсе, сол барлығының соңы болсын және ол бәріне қызмет етсін, -деді.
36Бір баланы олардың ортасына тұрғызып қойды да, оны құшақтап тұрып, былай деді:
37-Кім осындай балалардың біреуін Менің атымнан қабылдайтын болса, ол Мені де қабылдайды, ал кім Мені қабылдаса, тек Мені ғана емес, Мені Жібергенді де қабылдағаны, - деді.
38Сонда Жохан Оған: -Ұстаз! Біз біреулердің Сенің атыңмен жындарды қуып жүргенін көріп, оған тыйым салдық, өйткені ол бізбен еріп жүрген жоқ қой, - деді.
39-Оған тыйым салмаңдар, өйткені кім Менің атымдағы күшті пайдаланып, кереметтер жасаған болса, ол дәл қазір Мен туралы жаман айтпайды,
40өйткені кім бізге қарсы болмаса, сол бізбен бірге болады.
41Сондықтан кімде-кім сендерді Мәсіхтің ізбасарлары (шәкірттері) болғандарың үшін сендерге бір тостаған су беретін болса, сендерге шындықты айтайын, ол алатын сыйын еш жоғалтпайды.
42Егер кімде-кім Маған сеніп жүрген осы бір кішкентайлардың біреуін күнәға азғыратын болса, онда оның мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің түбіне тасталғаны ол үшін жақсы болар еді.
43Егер де сенің қолың сені күнәға азғыратын болса, онда оны шауып таста. Екі қолыңмен мәңгі азап шегетін тозаққа түскеннен гөрі, сенің өмірге жарымжан болып кіргенің саған жақсы болар еді.
44Ол жердің оты өшпейді.
45Егер сенің аяғың сені азғыратын болса, оны шауып алып таста. Екі аяғыңмен мәңгі азап шегетін тозаққа түскеніңнен гөрі, сенің ақсақ болып өмірге кіргенің жақсы болар еді.
46Ол жердің оты өшпейді.
47Егер сенің көзің сені азғыратын болса, онда оны ойып алып таста. Екі көзіңмен тозақтың мәңгілік азабына тасталғаныңнан гөрі, сенің бір көзіңмен Құдайдың Патшалығына кіргенің саған жақсы болар еді,
48өйткені ол жердің тәнді кеміретін құрттары да өлмейді және жалындаған оты да сөнбейді.
49Өйткені әркім отпен тұздалады.
50Тұздың болғаны жақсы. Егер тұздан дәм кетсе, оның дәмін немен келтіруге болады? Сондықтан өздерің сол тұз сияқты болыңдар, өзара тату -тәтті өмір сүріңдер, -деді Иса.

Currently Selected:

Марқа 9: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in