Жаратылыстың баст. 9
9
1Құдай Нұх пен оның ұлдарына былай деп бата берді: «Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар. 2Сендерді көргенде, барлық жер бетіндегі аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстінде қыбырлап жүргендер мен теңіздегі балықтарды үрей мен қорқыныш билесін. Себебі олар сендердің биліктеріңе берілді. 3Қимылдап жүргендер мен кеудесінде жаны барлардың бәрі сендерге қорек болады. Өсімдіктерді бергенім сияқты, қазірден бастап сендерге бәрін де беремін.
4Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында ғой. 5Ал егер сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын. Кез келген аңнан және кісіден адамның өмірі үшін есеп беруді талап етемін. 6Кімде-кім адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгілетін болады, себебі Құдай адамды Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратты.#9:6 Осымен Құдай Өзінің алдында адам баласының қандай құнды екенін көрсетті. Кейін Ол адамдардың өз беттерімен кек алуларына рұқсат етпей, адам өмірін қорғауды билік иелеріне тапсырды (Рим 13:4). 7Ал сендер өсіп-өніп көбейіп, жер бетін жайлаңдар».
8Құдай Нұхқа және оның ұлдарына тағы да үн қатып: 9«Осылай Мен сендермен, келешек ұрпақтарыңмен 10және сендердегі барлық тірі мақұлықтармен: құстармен, малдармен, аңдармен, сендермен бірге кемеден шыққан жер бетіндегі барлық жан-жануарлармен Келісім жасаймын. 11Бұдан былай еш уақытта тіршілік атаулы топан судан құрымайды және жерді бүлдіретін топан су ешқашан қайтып болмайды деп, сендермен Келісім жасаймын», — деді.
12Мұнан соң Құдай тағы былай деді: «Менің сендермен және қастарыңда жүрген бүкіл тіршілік иелерімен барлық болашақ ұрпақтар үшін де жасаған Келісімімнің белгісі мынау: 13Мен садаққа ұқсас кемпірқосағымды бұлтқа орнатамын, бұл — Менімен жердің арасындағы Келісімнің белгісі.
14Мен жерге жаңбырдың бұлттарын жібергенде, олардың арасынан кемпірқосақ көрінетін болады. 15Сол кездерде Мен Өзімнің сендермен және барлық тіршілік иелерімен жасаған Келісімімді есіме түсіремін: су бұдан былай ешқашан да барлық тіршілік иелерін құртатын топан суға айналмайды. 16Бұлттың арасында тұрған кемпірқосақты көрген сайын, Мен жер бетіндегі әр түрлі тіршілік иелерімен мәңгілікке жасасқан Келісімімді есіме аламын».
17Сонымен Құдай Нұхқа: «Бұл — Менің жер бетіндегі барлық тіршілік атаулымен бекіткен Келісімімнің белгісі», — деді.
Нұхтың ұлдары
18Кемеден шыққан Нұхтың ұлдарының есімдері: Шам, Хам, Япші.#9:18 Осы есім Иафет деп те жазылады (5:32). Хам Қанаханның әкесі еді. 19Бұлар Нұхтың үш ұлы болатын, осылардан жер бетіндегі барлық халықтар тарады.
20Нұх жер өңдеп, жер бетінде бірінші болып жүзім екті. 21Бірде ол шарап ішіп, мас болып, шатырдың ішінде жалаңаш жатты. 22Қанаханның әкесі Хам өз әкесінің жалаңаш денесін көріп, сыртқа шығып, оны екі бауырына хабарлады. 23Ал Шам мен Япші бір жамылғыны иықтарына іле салып, теріс қарап ішке кіріп, әкелерінің денесін жапты. Жүздерін басқа жаққа бұрғандықтан, олар оның жалаңаш денесін көрген жоқ.
24Нұх мастығынан айығып, оянғаннан кейін, кіші ұлының#9:24 Яки: ортаншы (Шамнан кейінгі) ұлының. өзін келеке еткені туралы естіп, 25былай деді:
«Қанаханды#9:25 Хам ұлы Қанаханның ұрпақтары Құдайдан безіп, жүгенсіз өмір сүрді (10:6,15-19; 15:16; 18:20-21; 19:13; Леу 18:1-30). қарғыс атсын!
Ол ағайындарының ең бейшара құлына айналсын!»
26Содан соң ол:
«Шамның Құдай Иесі мадақталсын!
Ал Қанахан Шамның құлы болсын!
27Құдай Япшінің өрісін кеңейтсін,
Ол Шамның шатырларында тұрсын!
Ал Қанахан оның құлы болсын!»
— деді.
28Топан судан соң Нұх үш жүз елу жыл өмір сүрді. 29Нұх барлығы тоғыз жүз елу жыл өмір сүріп, қайтыс болды.
Actualmente seleccionado:
Жаратылыстың баст. 9: КК 2010
Destacar
Compartir
Copiar
¿Quieres tener guardados todos tus destacados en todos tus dispositivos? Regístrate o inicia sesión
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.