Жохан 7
7
Туған інілерінің Исаны түсінбеуі
1Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң,#7:1 15:16,18; 7:13,25; Мар 3:6. Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді. 2Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының#7:2 Немесе: Шыбық күркелер мейрамының (Леу 23:34; Зәк 14:16). қарсаңы еді. 3Сонда Исаның туған інілері Оған:
— Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін. 4Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді. 5Себебі өз інілері Оған сенбейтін. 6Сонда Иса оларға былай деді:
— Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез. 7Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін. 8Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. — 9Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды.
Исаның Күркелер мейрамындағы тәлімі
10Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты. 11Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді. 12Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді. 13Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады.
14Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді. 15Яһуди діндарлары таңғалып:
— Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді. 16Иса оларға былай деп жауап берді:
— Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі.#7:16 (3:32-35; 4:34; 8:26; 12:50; 17:8) Ілімім: яки Тәлімім. 17Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады. 18Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ. 19Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? — 20Жұрт Оған:
— Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді. 21Иса оларға былай деп жауап берді:
— Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар.#7:21 5:6-11,16. 22Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер.#7:22 Жар 17:9-12; Мыс 12:48-49; Леу 12:3. 23Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар?#7:23 5:16; Мат 12:5,9-14; Лұқ 6:6-11. 24Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер!
Иса — Құдай уәде еткен Құтқарушы Мәсіх пе?
25Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді:
— Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе? 26Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме? 27Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді.#7:27 Яһудилердің бірқатары Мәсіхтің қай жақтан шығатыны Көне Келісімде алдын ала айтылған деп сенетін (7:42; Мат 2:4-6), ал басқалары мұны жоққа шығаратын. Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой.#7:27 Осы адамдар Иса Назаретте кәдімгі адам сияқты дүниеге келді деген қате пікірде болды (6:42; Мар 6:3).
28Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен:
— Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі.#7:28 Яки: сендер білмейтін Хақ (Тағала) (8:26,42). 29Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді.
30Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді. 31Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады.
32Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді. 33Ал Иса оларға:
— Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын.#7:33 8:21; 12:35; 13:33; 16:5,16,19-20. 34Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді. 35Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті:
— Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға#7:35 Яки: грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарға (эллиндерге) (12:20). да тәлім бермекші ме? 36Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз?
Қайнаған қызық жаңа өмір
37Мейрам соңындағы ең ұлы күні#7:37 Жеті күндік Күркелер мейрамының әр күні діни қызметкер қайнардан су алып, ғибадатхана ауласына шашып, жұртпен бірге Құдайдан жауын тілейтін. Иса ел алдында тұрып:
— Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»! 38Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады,#7:38 Иш 44:3; 55:1; 58:11; Жох 4:10,14; Ерм 2:13. — деді. 39Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді.#7:39 20:21; Елш 1:8; 2:3-4.
40Исаның сөзін естіген кейбіреулер:
— Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар!#7:40 1:21; сол аятқа берілген түсініктемені де қараңыз. — деді. 41Басқалары:
— Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері:
— Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді? 42Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады#7:42 Бетлехем қаласы Яһудея аймағында орналасқан еді (Пат1 16:1,13; 17:12; Пат2 7:12-14,16; Мат 2:4-6). делінген емес пе? — деп күмән келтірді. 43Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды. 44Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді.
Яһуди басшыларының Исаға сенуден бас тартуы
45Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар#7:45 7:32. қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан:
— Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады. 46Сақшылар:
— Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді. 47Сонда парызшылдар:
— Ол сендерді де алдап кеткен бе?! 48Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?! 49Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді.
50Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем#7:50 3:1-16. де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып:
51— Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді.#7:51 Заң 19:15. 52Олар Нікөдемге:
— Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді. 53Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.
Nu markerat:
Жохан 7: КК 2010
Märk
Dela
Kopiera
Vill du ha dina höjdpunkter sparade på alla dina enheter? Registrera dig eller logga in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.