Жохан 9

9
Соқыр болып туған адамның сауығуы
1Иса өтіп бара жатып, туғаннан соқыр бір адамды көрді. 2Сонда шәкірттері Исадан:
— Ұстаз, мынаның соқыр болып туғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде ата-анасынікі ме?#9:2 Сол кезде діндарлар адам бойындағы кемтарлық пен ауруды күнәкар өмірдің салдары деп ойлайтын (9:33). — деп сұрады. 3Иса:
— Оған өзінің де, ата-анасының да күнәсі себеп болған жоқ. Қайта, оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінбек! — деп жауап берді. 4Сөзін астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Мені Жібергеннің тапсырған игі істерін істеуіміз керек. Қараңғы түскен соң, ешкім еш нәрсе істей алмайды. 5Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшін Құдайдың Нұрымын,#9:5 1:5,9; 3:19-21. — деді.
6Осылай дегеннен кейін Ол жерге бір түкіріп, содан балшық жасап, зағиптың көзіне жақты да:
7— Силоғам тоғанына#9:7 Яки: хауызына (су қоймасына) (5:2; Шеж2 32:30; Иш 8:6). бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жіберілген кісі» деген сөз. Соқыр кісі барып, бетін жуды. Сонда оның көзі ашылып көретін болды. Содан адам үйіне қайта оралды.
8Көршілері мен оның бұрын соқыр қайыршы болып жүргенін көргендер бір-біріне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?» — деп, қайран қалысты. 9Кейбіреулері: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — деді. Әлгі адам: «Мен соның дәл өзімін!» — деп тұрып алды. 10Сонда кісілер одан:
— Көзің қалай көріп кетті? — деп сұрады. Ол:
11— Иса есімді Адам балшық жасап, көзіме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — деді. Мен барып, бетімді жудым, сонда көретін боп шыға келдім! — деп жауап берді.
12— Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау:
— Мен білмеймін, — деді.
Парызшылдардың көзі ашылған адамды тергеуі
13Содан жұрт бұрын соқыр болған адамды парызшылдарға алып барды. 14Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан күн діни демалыс күні болатын.#9:14 Діни демалыс күні болатын сенбі күндері яһудилерге жұмыс істеуге тыйым салынған еді (5:9). 15Парызшылдар да әлгі кісіден көзінің қалай көретін болғанын сұрады.
— Ол көзіме балшық жақты. Мен бетімді жудым да, көретін боп шыға келдім! — деді ол. 16Сонда парызшылдардың кейбіреулері: «Бұл Кісі Құдайдан келген емес, себебі Ол соқырды емдеуімен демалыс күнінің тәртібін бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кісі осындай кереметтерді қалай істей алады?» — деді. Осылайша олар екі жақ болып бөлініп кетті.
17— Сол Кісі көзіңді ашыпты дейді. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кісіге тағы бір сұрақ қойды. Анау былай деп жауап берді:
— Ол — пайғамбар!
18Алайда яһуди діндарлары көзі ашылған кісінің соқыр болып, енді көретіндігіне әлі де сенбегендіктен оның әке-шешесін шақыртып алдыртты. 19Оларға:
— Соқыр боп туды деген балаларың осы ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деген сұрақ қойды. 20Әке-шешесі оларға:
— Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз. 21Ал енді ол қалай көретін болды, соны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін, — деді. 22Әке-шешесі яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай деді, өйткені солар: «Кім Исаны Құтқарушы Мәсіх деп таныса, сол мәжілісхана қауымынан шығарылсын!» — деп келісіп қойған болатын. 23Осы себептен әке-шешесі «өзінен сұраңыздар, бала емес қой» деді.
24Сонда парызшылдар бұрын соқыр болған жігітті екінші рет шақырып алып:
— Құдай алдында шыныңды айт!#9:24 Яки: Құдайды құрметте! (Сотта айыпталғанды осы бұйрықпен кінәсін мойындауға шақыратын: Еш 7:19.) Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз, — деп тергеді.
25— Ол күнәкар ма, жоқ па, соны білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым! — деп жауап берді ол. 26Парызшылдар тағы да:
— Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты? — деп сұрады.
27— Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы шәкірттері болғыларыңыз келетін шығар? — деп жауап қайырды ол. 28Сонда парызшылдар оны балағаттап:
— Соның шәкірті сенсің, ал біз Мұса пайғамбардың шәкірттеріміз! 29Құдайдың Мұсамен сөйлескенін#9:29 Мыс 3:4-10; 19:20-22; 33:9,11. білеміз, ал ана Кісінің қайдан келгенін білмейміз,#9:29 8:14; Жыр 21:7; Иш 53:2-3. — деді.
30— Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой. 31Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз. 32Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес. 33Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді! — деп нық жауап берді бұрынғы зағип. 34Әлгілер бұған қарсы шығып:
— Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?! — деп, оны мәжілісханадан қуып шықты.#9:34 9:13,22.
Рухани соқырлық
35Иса діндарлардың әлгі кісіні қуып жібергені туралы естіді. Содан Ол оны тауып алған соң, оған:
— Көктен келген Билеушіге#9:35 Яки: «Адам Ұлына». Немесе: Құдайдың рухани Ұлына (1:14). сенесің бе? — деген сұрақ қойды.
36— Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін.
37— Сен Оны көрдің, сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі.
38— Ием, Сізге сенем! — деп, әлгі адам Оның аяғына жығылды. 39Иса:
— Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзі ашылсын, ал «көретіндер» «соқыр» болсын#9:39 Яки: бүкіл шындықты білемін дегендердің рухани соқырлығы әшкереленсін (5:22; Мат 13:11-13). деп, айыру үшін келдім, — деді.
40Бұл сөзді қасында тұрған бірнеше парызшылдар да естіп:
— Сонда біз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады. 41Иса оларға былай деп жауап берді:
— Егер де соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді. Ал қазір сендер «көзіміз көреді» деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады.#9:41 8:24; 15:22,24.

Märk

Dela

Kopiera

None

Vill du ha dina höjdpunkter sparade på alla dina enheter? Registrera dig eller logga in