Матай 1
1
1Ыбырайымның ұрпағы Дәуіттің Ұлы Иса Мәсіхтің шежіресіне арналған жазба.
2Ыбырайымнан Ысқақ туылды, Ысқақтан Жақып туылды, Жақыптан Яһуда мен оның бауырлары туылды.
3Яһудадан Парес пен Зарах туылды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон туылды, Хесроннан Рам туылды.
4Рамнан Әминадап туылды, Әминадаптан Нағосон туылды, Нағосоннан Салмон туылды.
5Салмоннан Боғоз туылды, ал Боғоздың анасы Рахаб болатын, Боғоздан Ғабит туылды, Ғабиттің анасы Рут болатын, Ғабиттен Есей туылды.
6Есейден Дәуіт патша туылды, Дәуіттен Сүлеймен туылды, Сүлейменнің шешесі Үрияның әйелі болған.
7Сүлейменнен Рохабоғам туылды, Рохабоғамнан Абиях туылды, Абияхтан Аса туылды.
8Асадан Жосапат туылды, Жосапаттан Жорам туылды, Жорамнан Озиях туылды.
9Озияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз туылды, Ахаздан Езекия туылды.
10Езекиядан Манасса туылды, Манассадан Амон туылды, Амоннан Жосия туылды.
11Жосиядан Ехониях туылды әрі сол кезден Бабылға жер аударылатын кезге дейін оның бауырлары туылды.
12Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел туылды, Салатиелден Зоробабел туылды.
13Зоробабелден Әбиуд туылды, Әбиудтен Елиәкім туылды, Елиәкімнен Азор туылды.
14Азордан Садық туылды, Садықтан Әкім туылды, Әкімнен Елиуд туылды.
15Елиудтен Елезар туылды, Елезардан Маттан, Маттаннан Жақып туылды.
16Жақыптан Жүсіп туылды, ал Жүсіп Мәсіх деп аталған Исаны дүниеге әкелген Мәриямның күйеуі болатын.
17Сөйтіп, Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ұрпақ, Дәуіттен Бабылға жер аударылған кезге дейін де он төрт ұрпақ, Бабылға жер аударылған кезден Мәсіхке дейін де он төрт ұрпақ болды.
18Иса Мәсіхтің дүниеге келген тарихы былай еді: Оның шешесі Мәриям Жүсіпке айттырылып қойылған болатын, алайда олар үйленбей тұрып, Мәриямның аяғы ауыр екені мәлім болды. Оның құрсағындағы Нәресте Киелі Рухтан болатын.
19Оның күйеуі әділ адам болғандықтан, қалыңдығын ұятқа қалдырғысы келмей, жасырын түрде жібере салуға шешім қабылдады.
20Сөйтіп, ол осылай жоспарлай бастағанда, Жаратқан Иенің періштесі оның түсінде аян беріп: «Дәуіттің ұлы Жүсіп, Мәриямды өз әйелің етіп алуға қорықпа, себебі одан туылатын Нәресте Киелі Рухтан пайда болды.
21Сол туылған Ұлға Иса деп ат қоясың, өйткені Ол өз халқын күнәларынан құтқаратын болады», - деді.
22Осының бәрі Жаратқан Иемізден болғандықтан, орындалуы да пайғамбарлар арқылы айтылғанға сай болды. Өйткені онда:
23«Міне, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады, Оған «Имануил» деп ат қояды, мұның мағынасы «Құдай бізбен бірге» дегенді білдіреді», - делінген.
24Жүсіп ұйқыдан оянған соң, бәрін Иеміздің періштесі бұйырғандай істеп, Мәриямды әйелі ретінде қабылдады.
25Мәриям Ұлын туғанға дейін күйеуімен жақындасқан жоқ. Олар Нәрестенің атын Иса деп қойды.
Iliyochaguliwa sasa
Матай 1: ZO
Kuonyesha
Shirikisha
Nakili
Je, ungependa vivutio vyako vihifadhiwe kwenye vifaa vyako vyote? Jisajili au ingia
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023