Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Лұқа 1

1
1Бір кездері біздің арамызда болып кеткен оқиғаларды көптеген адам қолға алып, әңгіме құрап, оны баяндауға кірісіп кетті.
2Сондай-ақ мен де сол оқиғалардың куәсі болдым және сөзді (Ізгі хабарды) таратып жүрген қызметшілер бізге ең басында қалай жеткізген болса,
3құрметті Теофил, мен де бәрін нақты зерттеп шыққаннан кейін, рет-ретімен өзіңе жазып жіберуді жөн көрдім,
4сонда сен өзіңе үйретілген ілім сөздерінің қаншалықты еш шайқалмайтын берік негіз екеніне көзің жететін болады.
5Иродтың айы туып, Яһудея аймағына патша болып тұрған кезде, киелі үйге қызмет ету кезегі Абия тобына жүктелді. Сол топтың Зәкәрия есімді бір қызметшісі болды, оның әйелінің аты Елізабет еді, ол Аронның қыздарынан таралған ұрпаққа жататын.
6Олардың екеуі де Құдайдың алдында әділетті өмір сүріп, Иеміз берген өсиеттердің барлық талаптарын мінсіз орындайтын.
7Алайда олардың балалары болмады, себебі Елізабет құрсақ көтере алмайтын еді. Сол кезде екеуі де егде жастағы адамдар болатын.
8Бірде кезек бойынша Құдай алдындағы қызметті атқару мүмкіндігі Зәкәрияға келеді.
9Сол уақыттағы салт бойынша жеребе тасталғанда, Киелі үйдің ішіндегі «киелі орынға» кіріп, Иеміздің атына жұпар иісті зат түтету кезегі Зәкәрияға түседі.
10Сонда жиналған халықтың саны да өте көп болды, олардың бәрі жұпар иісті зат түтету кезінде сыртта мінәжат етіп тұрды.
11Зәкәрия жұпар иісті затты түтетіп жатқанда, оған құрбандық үстелінің оң жағынан Иеміздің періштесі көрінді.
12Періштені көрген кезде Зәкәрия таңғалып, қорқып кетті.
13Сонда періште оған: -Зәкәрия, қорықпа, сенің мінәжатыңды Құдай естіді, енді сенің әйелің Елізабет саған ұл туып береді, ал сен оның атын Жақия деп қоясың.
14Сөйтіп, сен бақыт пен шаттыққа бөленесің, сондай-ақ ол туылғанда көпшілік те қуанышқа кенелетін болады.
15Өйткені ол Құдайдың алдында ұлылыққа бөленіп, шарап пен (күшті) ішімдік ішпейтін болады. Ол өз анасының құрсағында жатқан кезден бастап, Киелі Рухқа кенеліп,
16Исраил ұлдарының көпшілігін олардың Иесі болған Құдайға бет бұрғызады.
17Сонда ол Ілиясқа берілген рух пен күшке ие болып, әкелердің жүрегін балаларына бұрып, ал ой-санасымен бағынбайтындарды әділдікке шақырып, халықты Құдайдың келетін кезіне дайындайды.
18Зәкәрия періштеден: -Мен оны қалай білемін? Өзім болсам қартайдым, әйелімнің де күндері өтіп, жасы келіп қалды, - деді.
19Алайда періште оған: -Мен-Құдайдың алдында тұратын әрі Оның қасына жақын бара алатын Жәбірейіл періштемін. Мені осы бір қуанышты хабарды жеткізу үшін саған жіберді.
20Ал сен Менің айтқан сөздеріме сенбедің, алайда сол нәрсе (оқиға) өз уақытымен орындалатын болады, енді осы айтылғанның орындалатын күні келіп жеткенше, сен сөйлей алмайтын мылқау болып қаласың, -деп жауап берді.
21Зәкәрияның Киелі үйден шығуын күтіп тұрған халық оның кешігіп жатқанына таңғалып тұрды.
22Зәкәрия шыққан соң, халыққа ешқандай сөз айта алмады, бәрі оның киелі үйде аян алғанын түсінді. Сонда ол халыққа тек ымдап қана белгі берді, сонымен, Зәкәрия сөйлей алмайтын мылқау күйінде қалды.
23Оның сол күнгі қызметі осылай аяқталып, үйіне қайтты.
24Осы күндерден кейін оның әйелі Елізабет жүкті болды. Алайда әйел мұны бес ай бойы жасырып келді. Сонда оның айтқаны:
25«Осы күндері менің Ием маған мынаны істеді: Ол менің адамдардың арасында масқара болып жүргенімді көрді, енді соны Ол менен алып тастамақшы».
26Алты ай болған кезде, Құдай Ғалилеяның Назарет деп аталатын қаласына
27Дәуіттің әулетінен шыққан Жүсіп есімді адамға айттырылған пәк қызға Жәбірейіл періштені жіберді, ол қыздың аты Мәриям болатын.
28Періште үйге кіріп, қызға: -Сен-Құдайдың рақымына бөленген жансың, қуана бер! Жаратушы Иең сенімен бірге! - деді.
29Осы сөзді естіген кезде қыз сасқалақтап, бұл сәлемдесудің нені білдіретіні жайында ойланып, тұрып қалды.
30Сол кезде періште: -Мәриям, сен Құдайдың рақымына ие болдың, қорықпа!
31Енді сен жүкті болып, Ұл табасың, сол Ұлдың есімін Иса деп қоясың.
32Ол өте ұлы әрі Оның мәртебесі бәрінен де жоғары болады, Ол Иеміздің Ұлы деп аталады. Жаратушы Құдай Ие Оған Оның арғы атасы Дәуіттің тағын береді,
33сөйтіп, ғасырлар бойы Ол Жақыптың әулетіне билік жүргізеді және Оның Патшалығының билігі шексіз болады, - деді.
34Сонда Мәриям періштеге: -Бұл сонда қалай болады? Мен әлі ер адаммен жақындасқан жоқпын ғой?! - деді.
35Періште: -Саған Киелі Рух келеді, бәрінен де жоғары Иеміздің күші саған көлеңкесін түсіреді, сонда Ол Киелі болып туылған Құдайдың Ұлы деп аталатын болады, -деп қызға жауап берді.
36Міне, сенің туысың Елізабет те қартайған шағында жүкті болып, ұл табады, бір кезде оны бедеу әйел деп атайтын, енді оның жүкті болғанына алтыншы ай болады.
37Өйткені Құдайдың айтқан әрбір сөзінің күшін жою мүмкін емес, - деді.
38Сонда Мәриям: -Мен-Жаратушы Иемнің құлымын, енді сенің маған айтқан осы сөздерің орындалатын болсын, -деп періштеге жауап берді. Осыдан кейін періште кетіп қалды.
39Сол күндердің бірінде Мәриям жиналып, таулы жерде орналасқан яhудейлердің бір қаласына баруға асықты.
40Зәкәрияның үйіне кіріп, Елізабетпен амандасты.
41Мәриямның Елізабетпен амандасқанын естіген сәтте оның құрсағындағы сәби тыпырлап кетті, сонда Киелі Рухқа кенелген Елізабет
42бар дауыспен: -Сен әйелдер арасындағы жарылқанған жансың және сенің құрсағыңдағы ұрпақ та жарылқанған!
43Бұл қалай болғаны?! Менің Иемнің анасы маған келетіндей мен кім едім?
44Өйткені сен менімен амандасқан кезде, менің құрсағымдағы нәресте қуаныштан тыпырлап кетті.
45Иеміздің айтқанының орындалатынына сенім артқан сен - бақытты әйелсің! - деді.
46Сонда Мәриям: -Менің жан дүнием Иемді мадақтайды!
47Мен Құтқарушым Құдай туралы ойлаған сәтте менің рухым да шаттанып кетті!
48Себебі Ол Өзінің назарын қарапайым күңіне аударды. Енді, міне, осы уақыттан бастап, ұрпақтардың барлығы да Мені бақытқа ие болған жан деп құрметтейтін болады!
49Өйткені осындай ұлы істі маған Құдіреті күшті Иемнің Өзі істеді! Сондықтан Оның аты киелі!
50Оның мейрімділігі Оны құрметтейтін ұрпақтан ұрпаққа тарайтын болады.
51Сондықтан да мынадай істер Оның құдіретті қолымен жасалды: өзінің ой-санасымен жүріп, жүректерінде паң, тәкаппарларды Ол жан-жаққа шашыратып жіберді.
52Ал билікке ие болып жүргендерді тақтан түсіріп, момындарды жоғары көтерді!
53Ашыққандарды жақсылықпен тойғызды, байларды құр алақан қалдырды.
54Ол Өзінің қызметшісі Исраилді мейіріммен есіне түсіріп, оны Өз құшағына алды.
55Сөйтіп, Ол біздің бабамыз Ыбырайымға айтқан Өзінің сөзі бойынша, оның ұрпағын ғасырдан ғасырға жеткізді, -деді.
56Сонымен, Мәриям үш айдай Елізабетпен бірге болып, өз үйіне қайта оралды.
57Елізабеттің босанатын уақыты жетіп, ол ұл туды.
58Осы жайында оның көршілері мен туыстары естіп, Жаратқан Иенің оған жасаған мейіріміне риза болып, Құдайды мадақтап, онымен бірге қуанды.
59Олар сегізінші күні жас нәрестені сүндеттеп, оған әкесінің атын қойып, Зәкәрия деп атамақшы болды.
60Бірақ оның шешесі қарсылық білдіріп: -Жоқ, оның аты Жақия болады, - деді.
61Олар Елізабетке: -Сенің туыстарыңның арасында ондай есім ешкімде жоқ қой! - деді.
62Содан олар әкесінен ұлына қандай ат қойғысы келетінін білу үшін, одан ымдап сұрады.
63Сонда ол бір тақтайшаны сұрап алып: «Оның аты Жақия болады», -деп жазды. Олардың бәрі осылай болғанына таң-тамаша болды.
64Сол сәтте оның мылқау тілі шешіліп, сөйлеп кетті де, Құдайды мадақтай бастады.
65Осыдан кейін сол өңірде тұратындардың бәрін қорқыныш биледі, осы болған оқиға Яһудеяның барлық таулы аймақтарына түгелдей жетіп, айтылып жүрді.
66Дегенмен, мұны естігендердің бәрінің жүректерінде: «Бұл бала енді кім болып шығар екен?» -деген ой болды. Өйткені Жаратқан Иеміздің қолы оның үстінде болды.
67Жақияның әкесі Зәкәрия Киелі Рухқа кенеліп, пайғамбарлық сөз айта бастады:
68-Өзінің халқын сақтап қалу үшін келіп, оларға бостандық алып берген Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мадақталсын!
69Оның қызметшісі Дәуіттің әулетінен, құдіретті әрі күшті, беделді Құтқарушыны бізге дайындап қойды.
70Сөйтіп, Ол осылай Өзінің өткен замандағы пайғамбарлары арқылы айтқан сөзіне сай,
71бізді жауларымыздың және жеккөретіндердің қолынан құтқарып алатын болады.
72Ол біздің ата-бабаларымызға деген мейірімін осылай көрсетті әрі оларға берген Өзінің киелі өсиетін есіне түсірді.
73Сонымен, кезінде біздің арғы атамыз Ыбырайымға ант беріп бекіткен уәдесін енді бізге де береді.
74Сонда біздің Оған қорқынышсыз қызмет етуіміз үшін, жауларымыздың қолынан құтқарып алатын болады,
75сонда біз өміріміздің барлық күндерін Оған бағыштап, Оның алдында киелі әрі әділ жүріп, қызмет ететін боламыз.
76Ал, сен балам, Жаратқан Иенің пайғамбары деген атқа ие боласың, себебі Иеміздің алдында жүріп, Оның жолын дайындап,
77Оның халқына құтқарылу тек күнәнің кешірілуі арқылы болатынын оларға ашық білдіріп,
78біздің Құдайымыздың жан дүниесінен біз үшін шыққан жоғарыдағы Таң Шапағы секілді,
79түнекте отырғандар мен өлімнің көлеңкесінен қорқып жүргендерге және мына бізге де аяқтарымызды тыныштықтың жолына бағыттайтын жарық боласың, -деп, аяқтады.
80Бала өсіп, рухпен күшейіп, өзін Исраилге анық көрсететін уақытқа дейін, ол елсіз жерде өмір сүрді.

Избрани в момента:

Лұқа 1: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте