Лого на YouVersion
Иконка за търсене

Лұқа 2

2
1Сол күндері Рим императоры Августың сол өңірдің барлық жерінде санақ жүргізу туралы жарлығы шықты.
2Бұл Сирия өлкесін Киринидің басқарып тұрған кезінде жасалған алғашқы санақ болатын.
3Сонымен, осы санақтан өту үшін, әркім өз қаласына кетіп жатты.
4Жүсіп те Дәуіттің ұрпағы болғандықтан, Ғалилеядағы Назарет қаласынан шығып, Яһудеядағы Дәуіттің қаласы деп аталатын Бетлехемге
5өзіне атастырылып қосылған әйелі Мәриямды ертіп алып, санақтан өту үшін, сол жаққа жүріп кетті. Сол кезде Мариям екіқабат болатын.
6Олар сол жерге барған кезде, Мариямның ай-күні жетіп босанып,
7дүниеге тұңғыш Ұлын әкелді. Содан кейін баласын жөргекке орап, ақырға жатқызды, себебі қонақ үйде оларға орын болмады.
8Сол өңірдің малшылары отарларын түнде күзету үшін, далада қонатын.
9Кенет Жаратқан Иенің періштесі олардың алдына келіп тұра қалды, сол кезде Жаратқан Иенің даңқы оларға Нұр болып төгілді. Малшылар қатты қорқып кетті.
10Сонда періште оларға: -Мен мына Ізгі хабарды сендерге хабарлау үшін осында келіп тұрмын, ол барлық халықтарға да жарияланатын болады, қорықпаңдар!
11Міне, бүгін Дәуіттің қаласында Құтқарушы Иеміз Мәсіх сендер үшін дүниеге келді!
12Ал сендер Оны мына белгі бойынша тауып аласыңдар: олар нәрестені жөргекке орап, ақырға жатқызды, - деді.
13Сол сәтте кенеттен көктің сансыз көп әскері аспанда пайда болып, әлгі періштемен бірігіп, Құдайға былай деп мадақ айта бастады:
14-Бәрінен де жоғары тұрған Құдай даңқталсын! Жер бетіндегі адамдарда жақсы ізгі ниет болсын! - деді.
15Періштелер көкке көтеріліп кеткен соң, малшылар бір-біріне: -Бетлехемге дейін барып, Жаратушы Иеміздің бізге білдірген осы сөзінің қалай орындалғанын көрейік, жүріңдер! - десті.
16Сонымен, олар асыға басып сол жерге келді де, Мәриямды, Жүсіпті және ақырда жатқан нәрестені тапты.
17Малшылар оларды көрген соң, осы Нәресте туралы өздеріне айтылған сөзді олар да білсін деп, болған жағдайды айтып берді.
18Малшылардың айтып берген осы әңгімелерін тыңдаған олар бұл сөзге қатты таңғалды.
19Ал Мәриям осы сөздердің бәрін есіне сақтап, жүрегіне түйіп алды.
20Малшылар естігендерінің бәрі өздеріне қалай айтылған болса, дәл солай орындалғанын көрген соң, Құдайдың атын даңқтап әрі мадақтап қайтып кетті.
21Осыдан сегіз күн өткен соң, өздерінің салты бойынша олар Нәрестені сүндетке отырғызбақ болды. Ол әлі де құрсақта пайда болмай тұрған кезде, періштенің Оны осы есіммен атауын білдіргені бойынша, Оны Иса деп атады.
22Содан Мұсаның заңы бойынша тазару күндерінің белгіленген мезгілі біткенде, Оны Жаратқан Иенің алдына апару үшін, өрлеп Иерусалимге келді.
23Себебі Жаратқан Иенің заңында: «Анасының құрсағынан шыққан әрбір ер бала Иемізге бағышталады», -деп талап етілгендіктен,
24екі көгершінді немесе көгершіннің екі балапанын алып, оларды Жаратқан Иенің заңына сай құрбандыққа беру қажет болатын.
25Сол уақытта Иерусалимде Шимон атты бір адам болды, ол әділетті әрі Құдайды қастерлеп, Киелі Рухтың жетегімен жүретін және ол Исраилге келетін Жұбатушыны күтіп жүрді.
26Мәсіх Иесін өз көзімен көрмейінше, оның өлмейтіні жайында Киелі Рух арқылы ашылған болатын.
27Дәл осы мезгілде ол Киелі Рухтың жетегімен ғибадатханаға барды, Исаның ата-анасы да Заң бойынша берілген рәсімді орындау үшін сонда келді.
28Сонда ол Исаны қолына алып тұрып, былай деп Құдайға мадақтау айтты:
29-Жаратқан Ие, енді Сенің сөзіңе сай Өзіңнің құлыңды бейбіт тыныштықпен босата гөр,
30өйткені менің көздерім Сенің Құтқарушыңды көрді,
31ал Сен Оны барлық халықтардың көз алдында дайындадың,
32сондықтан Ол өзге ұлттарға да жарық болып ашылады және Сенің халқың болған Исраилдің де даңқын шығарады, -деді.
33Сонда Оның әкесі мен анасы Иса туралы айтылған бұл сөздерге таңғалды.
34Шимон оларды жарылқап, Исаның анасы Мәриямға: -Міне, енді Исраилдегі көпшіліктің құлауы мен өсуіне әрі айтыс пен тартыстың болуына Осы бала себепкер болмақ.
35Сонда көбінің жүрегіндегі ой-ниеттері ашылып, сенің ішкі жан дүниеңді семсермен тіліп өткендей болады, -деді.
36Сонымен қатар, сол кезде Ашир руынан шыққан Фануелдің қызы пайғамбар Анна да сол жерде болды. Ол да жасы келген қарт әже еді. Ал жас кезінде күйеуімен жеті-ақ жыл бірге тұрды.
37Қазір жесір атанып, жасы сексен төртке жетсе де, ол ғибадатханадан шықпай, ораза ұстап, күні-түні мінәжат етумен қызмет ететін.
38Сонда ол да сол жерде Құдайға алғыс айтып, Иерусалимнің құтқарылуын күтіп жүргендердің бәріне Нәресте туралы айтып берді.
39Сөйтіп, олар Иеміздің бекітіп берген заңына сай рәсімдерді толық орындап болған соң, Ғалилея өлкесінде өздері тұратын Назарет қаласына қайтып оралды.
40Ал Бала өсіп, Құдайдың даналығына толып, күшейе берді, Құдайдың рақымы Оның үстінде болды.
41Оның ата-анасы жыл сайын Иерусалимде болатын Құтқарылу мейрамынан қалмай барып жүрді.
42Ол он екіге толған кезде, жыл сайынғы мейрамға бару салты бойынша олар Иерусалимге келді.
43Міне, сол күндердегі мейрам аяқталған соң, олар кері қайтып кетті, ал Иса Иерусалимде қалып қойды, алайда Оның ата-анасы бұл туралы білген жоқ.
44Олар Исаны жолаушылармен бірге келе жатқан шығар деген оймен жүре берді. Тек бір күн өткен соң ғана олар Оны туыстары мен таныстарынан сұрастырып, іздестіре бастады.
45Сөйтіп, Ол табылмаған соң, олар Оны іздеп, Иерусалимге қайта оралды.
46Алайда олар Оны тек үш күннен кейін барып тапты, Ол сол кезде ғибадатханадағы тәлімгерлерді тыңдап, оларға сұрақ қойып отырған еді.
47Ал Оның түсінігі мен берген жауабына сол жерде Оны тыңдағандардың барлығы қайран қалысты.
48Исаның сонда отырғанын көрген ата-анасы да Оның мына ісіне таңғалды. Сонда анасы Оған: -Балам, Сен неге бізге бұлай істедің? Міне, Сенің әкең де, мына мен де Сені іздеп қиналып кеттік, - деді.
49Сонда оларға Иса: -Сіздер не үшін Мені іздедіңіздер? Сіздер сонда Менің де Әкемнің тұратын жерінде болуым керек екенін білген жоқсыздар ма? - деді.
50Алайда ата-анасы Оның өздеріне айтқан осы сөзін түсінген жоқ.
51Содан кейін Ол да олармен бірге төмен түсіп, Назаретке қайтып оралып, олардың айтқанын орындап, мойынсұнып жүрді. Ал анасы Оның айтқан сол сөздерінің бәрін жүрегіне сақтап алды.
52Исаның даналығы артып, Құдай мен адамдардың алдында мейірімге бөленіп, өсе берді.

Избрани в момента:

Лұқа 2: ZO

Маркирай стих

Споделяне

Копиране

None

Искате ли вашите акценти да бъдат запазени на всички ваши устройства? Регистрирайте се или влезте