Жаратылыстың баст. 17
17
Келісімнің бекітіліп, сүндеттеу рәсімінің енгізілуі
1Ыбырам тоқсан тоғыз жасқа толған соң Жаратқан Ие оған аян беріп:
— Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Менің көз алдымда мінсіз жүр.#17:1 Немесе: Менің алдымда Маған шын жүрегіңмен бағышталып кінәратсыз өмір сүр. 2Мен екеуіміздің арамыздағы Келісімді бекітіп, сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін, — деді. 3Сонда Ыбырам Оған жерге бас ұрып ғибадат етті. Құдай сөзін әрі қарай былайша жалғастырды:
4— Айтқаным айтқан: Менің сенімен жасаған Келісімім бойынша сен көп ұлттың түп атасы боласың.#17:4 12:2; 13:16; 35:11; 48:19. 5Бұдан былай сен Ыбырам («Ұлық ата») емес, Ыбырайым («Көптің атасы») деп аталасың. Өйткені Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым. 6Сенің тұқымыңды сансыз көбейтіп, көптеген халықты өрбітемін, сенен патшалар да шығатын болады. 7Мен бұл Келісімді Менімен сенің араңдағы және кейінгі үрім-бұтағыңның арасындағы мәңгілік Келісім ретінде бекітемін. Ол ұрпақтан ұрпаққа созылатын болады. Мен сенің және үрім-бұтағыңның Құдайы боламын. 8Қазір өзің жат жұрттық ретінде тұрып жатқан бүкіл Қанахан елін саған және келер ұрпақтарыңа мәңгі иеленуге беремін. Мен ұрпақтарыңның да Құдайы боламын. 9Бірақ сен де Менің Келісіміме адал бол! Оны өзің де, үрім-бұтағыңның барлық ұрпақтары да сақтауға тиіссіңдер! 10Менің сенімен және келешек ұрпағыңмен бекіткен осы Келісімімнің ережелерін жүзеге асырып, еркек кіндіктің бәрін де сүндеттеңдер! 11Сүндет рәсімін орындауларың#17:11 Немесе: Сендер тәндегі сүндет терісін кесіп алып тастауларың керек. Менің сендермен жасаған Келісімімнің белгісі болады. 12Болашақ ұрпақтарыңның әрбір жаңа туған ер баласы туғанына сегіз күн толысымен сүндеттелсін. Бұған әулеттеріңе жатпайтын ер адамдар да кіреді, үйлеріңде дүниеге келген құл-қызметшілерің болсын, не сатып алынғандары болсын, бәрі де сүндеттелуге тиіс. 13Сонымен үйде туды ма, жоқ әлде құл ретінде сатып алынды ма, барлық еркек атаулы міндетті түрде сүндеттелсін. Менің Келісімімнің сырт белгісі сендердің тәндеріңде мәңгі қалуға тиіс. 14Әрбір сүндеттелмеген еркек кіндіктіні өз халқынан аластату керек, өйткені ол Менің Келісімімді бұзды.
15Сен әйеліңді енді Сарай емес, Сара#17:15 Екі есімнің түпнұсқа тіліндегі мағынасы: ханша, ханым. деп ата. 16Мен оны жарылқап, саған Сарадан да бір ұл сыйлаймын. Сараға ұлттардың түп анасы болсын деп ақ батамды беремін. Халықтардың патшалары да Сарадан тарайтын болады.
17Сонда Ыбырайым Құдайдың алдына жерге бас ұра тағзым етіп: «Жүзге келген адам ұлды болып, тоқсанға келген Сара да бала таба алар ма екен?» — деп іштей күлді. 18Бұдан кейін Құдайдан:
— Ысмағұл Сенің көз алдыңда тірі жүргей, — деп өтінді. 19Ал Құдай:
— Әйелің Сара саған ұл туып береді, оның атын Ысқақ деп қоясың. Мен Ысқақпен Келісім жасап, оны үрім-бұтағы үшін мәңгілікке бекітемін. 20Ал сенің Ысмағұл туралы айтқаныңды да орындаймын. Оны жарылқап, үрім-бұтағын молынан көбейтемін. Ысмағұлдан он екі рубасы шығатын болады. Мен одан бір үлкен халықты өрбітіп таратамын. 21Бірақ Мен Келісімімді Сара келесі жылы осы уақытта дүниеге келтіретін Ысқақпен бекітемін, — деп жауап берді.
22Құдай Ыбырайыммен сөйлесіп болғаннан кейін қасынан ғайып болды.#17:22 Немесе: Құдайдың хабаршысы Ыбырайыммен сөйлесіп болғаннан кейін көкке қайта оралды.
23Ыбырайым сол күні-ақ баласы Ысмағұлды және үйінде туған немесе сатып алынған еркек атаулыны түгел жинап алып, барлығын Құдай өзіне бұйырғандай сүндеттеді. 24Сол кезде Ыбырайым тоқсан тоғыз жаста, 25ал Ысмағұл он үш жаста болатын. 26Сол күні-ақ Ыбырайым мен оның ұлы Ысмағұл, 27олармен бірге үйінде туып немесе сатып алынған құл-қызметшілер, демек, Ыбырайымның қол астындағы бүкіл еркек атаулы түгелдей сүндеттелді.
Currently Selected:
Жаратылыстың баст. 17: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.